Жаңалықтар

Қазақстан мен БАӘ арасында бірқатар келісімге қол қойылды

ашық дереккөзі

Қазақстан мен БАӘ арасында бірқатар келісімге қол қойылды

Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары барысында Премьер-министр Әлихан Смайылов БАӘ Премьер-министрінің орынбасары – Президент Әкімшілігінің министрі шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянмен кездесу өткізді деп хабарлады turkystan.kz. Әлихан Смайылов Қазақстан мен БАӘ арасында сындарлы саяси диалог орнатылғанын және екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізілгенін атап өтті. Үкімет басшысының айтуынша, оған ең жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар ықпал етіп отыр. «Бұл – жақсы нәтиже, алайда біз өзара сауда номенклатурасын одан әрі кеңейту бойынша бірлесіп күш-жігер жұмсай аламыз», - деді Әлихан Смайылов. Сонымен қатар Үкімет басшысы соңғы жылдары БАӘ-ден Қазақстанға инвестициялардың жүйелі түрде өсіп келе жатқанын атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 43%-ға өсіп, $250 млн-ға жетті. Бұл тренд биыл да сақталып отыр. «Біз тау-кен металлургия кешені, ауыл шаруашылығы, мұнай химиясы, энергетика, геология сияқты салаларда инвестициялық ынтымақтастықты арттыру және тереңдету үшін айтарлықтай әлеуетті байқап отырмыз. Аталған салалар біздің стратегиялық мақсаттарымызға сай келеді», - деді Әлихан Смайылов. Осыған байланысты шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянға жалпы сомасы $6,5 млрд-тан асатын перспективалық инвестициялық жобалардың тізімі қарауға берілді. Бұл ретте өнеркәсіптегі, энергетикадағы, банк секторындағы және ауыл шаруашылығындағы, оның ішінде бірлескен венчурлік қор құру, қант зауытын салу және кальций қосылған сода өндірісін іске қосу бойынша ең ірі бес жобаға баса назар аударылды.