Дүйсенбі, 28 Қараша, 2022

Жамбыл облысының Талас ауданына жаңа әкім тағайындалды

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслиxатының келісімімен, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Талас ауданының әкімі болып Жүнісбеков Нұрбол Әбдімажитұлы тағайындалды.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов аудан активіне жаңа әкімді таныстырып, жұмысына сәттілік тілеп, бірқатар тапсырмалар жүктеді деп хабарлады turkystan.kz.

Жамбыл облысының Талас ауданына жаңа әкім тағайындалды

Жүнісбеков Нұрбол Әбдімажитұлы, 1981 жылы туған. Білімі жоғары. 2003 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «мұнай және газ кеніштерін игеру және пайдалану», 2007 жылы А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «қаржы», 2011 жылы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін «дене шынықтыру және спорт» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2003 жылы облыстық мамандандырылған олимпиада жеткіншектерін даярлайтын балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы болып бастаған.

Әр жылдары «Қазақстан Республикасы дзю-до федерациясы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалында жаттықтырушы, облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балалар мектеп-интернатында тәрбиешінің көмекшісі «Сұңқар-2002» ЖШС-нің инженері, «КМГ-Жайық» ЖШС-нің маманы, «Қазтеміртранс» АҚ Президентінің көмекшісі, «ЧД cz» ЖШС директорының орынбасары, директоры, «Корпорация Сенім» ЖШС-нің шебері, 2011-2014 жылдары №4 велосипед және су спорты түрлерінен облыстық олимпиада жеткіншектерін даярлайтын мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары, «Жоғарғы спорт шеберлігі мектебі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы, №7 облыстық күрес түрлерінен олимпиада жеткіншектерін даярлайтын мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, «Қазақ күресі клубы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры, «Жекпе-жек кәсіпқой спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры қызметтерін атқарған.

2017 жылғы қыркүйектен бастап Жамбыл облысы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы лауазымында еңбек етіп келді.

Аймақ басшысы ауданның әлеуетін тимді пайдаланып, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді арттыру, инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру, жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларды тиісінше дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар халықтың табысын арттыру, тұрмысын жақсарту, кері байланысты нығайту, өзекті мәселелерді барынша жедел шешуге ден қою, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету жолында жүйелі жұмыстар жүргізу керектігін айтып, ол бойынша ауданның жаңа әкіміне нақты тапсырмалар берді.

Өз кезегінде Нұрбол Жүнісбеков артылған сенімді ақтауға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

 

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button