Жаңалықтар

Президент америкалық ірі компания басшыларымен кездесу өткізді

ашық дереккөзі

Президент америкалық ірі компания басшыларымен кездесу өткізді

Мемлекет басшысы қаржы, энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік, ақпараттық технологиялар, білім беру салаларында жұмыс істейтін америкалық ірі компаниялардың басшыларымен кездесті деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың америкалық ірі компаниялардың басшыларымен кездесуі әлемдегі ең ірі инвестициялық банктердің бірі Goldman Sachs-тің мұнай және шикізат саудасы жөніндегі жаһандық басқарушы директоры Эд Эмерсонмен әңгімелесуден басталды. Кездесу барысында Қазақстанда жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Қазіргі уақытта бұл банк «Астана» халықаралық қаржы орталығымен табысты ынтымақтастық орнатқан. Сондай-ақ энергетика саласын дамытудың келешегі жөнінде де пікір алмасты. Grupo Los Grobo компаниясының төрағасы Густаво Гробокопательмен және Халықаралық даму орталығының өсім зертханасының директоры, Гарвард университетінің профессоры Рикардо Хаусманмен кездесуде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды. JPMorgan Chase & Co. компаниясының төрағасы – бас атқарушы директоры Джейми Даймонмен өткен кездесуде қаржы институттарының өзара іс-әрекеті қарастырылды. Сондай-ақ әлемдік экономиканың, оның ішінде қаржы нарықтарының даму перспективалары туралы пікір алмасты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ЕРАМ systems компаниясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы Аркадий Добкинмен кездесті. Кездесу барысында Қазақстанда толыққанды технологиялық хаб құру және IT саласында адами капиталды дамыту мәселелері әңгіме арқауына айналды. ЕРАМ systems – бағдарламалық қамтамасыз ету және күрделі цифрлық платформаларды әзірлеу қызметін көрсететін әлемдік жетекші компания. Coursera компаниясының бас директоры Джефф Маджионкалдамен болған кездесуде мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, университеттерді академиялық қолдау және азаматтарды оқыту мен қайта оқыту сынды білім беру саласының мәселелері қарастырылды. Coursera - білім беру және заманауи өмірлік дағдыларды оқыту саласындағы көшбасшы компаниялардың бірі. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Microsoft компаниясының Орталық Азия және Шығыс Еуропа бойынша бас менеджері Мишель Симмонспен жолықты. Әңгімелесу барысында компанияның Қазақстандағы қызметін кеңейту перспективалары, оның ішінде IT зертханасын ашу және IT мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау жоспары талқыланды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ExxonMobil корпорациясының аға вице-президенті Нил Чепманмен еліміздің көмірсутек секторындағы бірқатар жобаларды іске асыру барысын талқылады. Кездесуде Қашаған кен орнында толық ауқымды өндірісті қайта бастау мерзімдері қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Franklin Templeton жаһандық инвестициялық фирмасының бас директоры Дженни Джонсон Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асырудың мүмкіндіктерін қарастырды. Сондай-ақ әлемдік экономика мен қаржы нарықтарының одан әрі дамуы жөнінде пікір алмасты. Franklin Templeton – 1,5 трлн долларлық активке ие жаһандық инвестициялық компания.