Жаңалықтар

«Ұлы дала жорығы» бәйге-марафонының алғашқы 100 шақырымы аяқталды

ашық дереккөзі

«Ұлы дала жорығы» бәйге-марафонының алғашқы 100 шақырымы аяқталды

Кеше шабандоздар алғашқы 100 шақырым межені Қорғалжын ауылында аяқтап, марафонның бірінші күнін қорытындылады. Алғашқы үздік үштіктің қатарында топ жарған Маңғыстау облысының шабандоздары мәреге 7 сағат 31 минутта жетсе, бір минут айырмашылықпен Батыс Қазақстан облысының шабандоздары 7 сағат 32 минутта мәре сызығын кесіп өтті. Ал Шымкент қаласының шабандоздары белгіленген межені 7 сағат 59 минут жүріп өтіп, үшінші орыннан көрінді. 100 шақырымдық қашықтықта Астана қаласының шабандоздары мен Алматы облысының аттары жарамағандықтан жарыс жолынан шығып қалды. Одан бөлек, Ақмола облысы командасынан екі ат, Павлодар облысы жүйріктерінен бір ат межеге жете алмады. Алғашқы күні шабандоздар шатырын тіккен маңай Ақмола облысы Қорғалжын ауданының Бытығай қалашығы аталады. Ескіден жеткен аңыздарда Бытығай кесенесі тұрған орында хандар аялдайтын керуен сарай болған деседі. Аламан бәйгеге шыққан тұлпарлардың дүбірлі жарысы көзін көрген ескі жұрттың сәл-салтанатын асырды. «1200 шақырымды еңсеруге тек адай жылқысы төтеп бере алады. Аламан бәйге жоғары деңгейде өтіп жатыр. Біздің анау айтқандай айла-тәсіліміз жоқ, жылқының мықтылығына байланысты 1-кезеңде алға шықтық. Адай тұқымдас жылқылардың бойы аласа, сүйегі жеңіл болады. Ұзақ жерге жарамдысы осы. Жезқазғанға да осы адай жылқысын жөнелткенбіз. Айтпақшы, мәреге жеткен соң аттарды бірден суаруға болмайды. Жем-шөбіне ерекше мән береміз. Маңғыстаудан жоңышқа алдырттық. Тек соны жейді. Әрине, даланың шөбін де жей береді ғой, бірақ жоңышқа сіңімді болады», - деді Маңғыстау облысының шабандозы Батырбек Қамысбаев. Тарихшы Амангелді Аужанов марафоншылар орналасқан бивакқа арнайы сәлем бере келіп, Нұра өзенінің жағасында орналасқан Бытығай кесенесімен таныстырып, тарихынан сыр шертті. «Бытығай кесенесі - Қорғалжын ауылынан 2 шақырым қашықтықта орналасқан Алтын Орда дәуірінің сәулет ескерткіші. Бұл жерде жалпы орта ғасырларда тек кесене емес, қала болған деп те айтады. Бұл кесененің тарихи аспектілеріне қатысты талас көп. Жалпы, қазір кесене дейді. Бірақ оған негіз жоқ. Археологиялық жұмыстар жүргізілген кезде сүйек табылмаған. Жергілікті тұрғындар кесене деп атамайды. Ғимарат кірпіштері тоғызыншы ғасырға тән. Менің ойымша, Қорғалжынды Түркістан сияқты тарихи қалаға айналдыру керек. Әлі де зерттеуді қажет ететін нысандар жетерлік», - дейді тарихшы. Сонымен бүгін таңертең шабандоздар Ақмола облысы Қорғалжын ауылынан аттанып, келесі 50 шақырымдық бақылау бекеті - Қарағанды облысы аумағындағы Құланөтпес жазығына бет алды. Айта кетсек, «Ұлы Дала Жорығы» қатысушылары ұйымдастырушылар тарапынан «бивак» деп аталатын шатырлы қалашықта түнеп, күніне үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.