Жаңалықтар

Дәулет Шабанбай 10 жылдан кейін Лондон Олимпиадасының қола медалін иеленді

ашық дереккөзі

Дәулет Шабанбай 10 жылдан кейін Лондон Олимпиадасының қола медалін иеленді

Қазақстандық еркін күрес балуаны Дәулет Шабанбай 10 жылдан кейін олимпиада медалін алды деп хабарлады turkystan.kz Atpress.kz-ке сілтеме жасап. Марапатты салтанатты түрде тапсыру рәсімі Белградтағы күрестен әлем чемпионатында өткен. Спортшы медальді Біріккен күрес әлемінің (UWW) басшысы, ХОК атқарушы комитетінің мүшесі Ненад Лаловичтің қолынан алды. «Қымбатты достар, туған халқым, Қазақстаным. Аллаға шүкір, көптен күткен медальді алдым! Халықаралық Олимпиада комитетіне, Ненад Лалович мырзаға, Біріккен күрес әлемінің президентіне, Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің, Ұлттық федерацияның басшылығына ризамын. Барлығы мені жеке құттықтағанына қатты қуаныштымын. Біздің спортшылар чемпион болсын. Дайындалыңдар, жігіттер!» - деді Дәулет Шабанбай.   «Дәулеттің марапаты он жылдан кейін де спортшының күш-жігері мен шеберлігінің, сондай-ақ, бүкіл команданың тиімді жұмысының көрінісі саналады. Оны бағаламауға болмайды. Бұл - біздің балуанның заңды үшінші орны. Біріккен күрес әлеміне Олимпиада медалін беру шарасын ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіремін», - деді Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков. Спортшы марапаттар қайта бөлінгеннен кейін Олимпиада ойындарының жүлдегерлері қатарына енген. Лондондағы Олимпиадада Дәулет Шабанбай 120 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі ойынды бесінші орында аяқтаған. Алайда 2019 жылы допинг-сынамалар қайта тексерілгеннен кейін грузин балуаны Давид Модзманашвили мен Артур Таймазов (Өзбекстан) тыйым салынған заттарды қолданғанына байланысты сотталған. Барлық сынақтардан кейін осы спортшыларды шеттету, олардың Лондондағы Олимпиадада көрсеткен нәтижелерін жою туралы шешім қабылданған. Осылайша, Дәулет Шабанбай ойындардың қола жүлдегері атанған. Айта кетейік, Дәулет Шабанбай - Азия чемпионатының төрт дүркін қола жүлдегері (2008, 2009, 2011, 2014). Сондай-ақ, ол 2014 жылы Азия ойындарының күміс медаліне ие болған.