«Ұлы дала жорығы» – нағыз азаматтар мен қазанаттар сыналатын дода» – Президент

«Ұлы дала жорығы» – нағыз азаматтар мен қазанаттар сыналатын дода» – Президент

«Ұлы дала жорығы»  – нағыз азаматтар мен қазанаттар сыналатын дода» – Президент
ашық дереккөзі
Бүгін елордада «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің ашылу салтанаты өтті деп хабарлады turkystan.kz. Марафон-бәйгенің ашылуында Мәжіліс спикері , AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов ұлттық спорт көрермендерін айтулы оқиғамен құттықтады. Оның айтуынша, бұл - еліміздің мәдени өңіріндегі ерекше үлкен оқиға. Сондай-ақ Ерлан Қошанов Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аламанға қатысушыларға арнап жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
«Құрметті қауым! Сіздерді «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің басталуымен құттықтаймын! Ұлттық спортты дамытуға және дәстүрімізді дәріптеуге арналған аламан жарыс елімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Адамзат тарихында жылқы ең алғаш қазақ даласында қолға үйретілгені белгілі. Бұл әлемдік өркениетке теңдессіз бетбұрыс әкелген жаңалық саналады. Біздің бабаларымыз ұлы дала шежіресін тұлпардың тұяғымен жазған. Бүгінгі ұрпақ сол көшпенділер мәдениетінің заңды мұрагері. Шын мәнінде, қазақ пен жылқы - егіз ұғым. Арғымақ атты халқымыздың символы деуге болады. Біз қазіргі заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, ұлттық болмысымызды жаңғыртуға тиіспіз. Бүгінгі бәйгенің басты мақсаты - осы. Әр өңірден келген шабандоздар кең байтақ қазақ даласын көкке көтеріп, қасиетті Түркістан даласына атбасын тірейді. Бұл нағыз азаматтар мен қазанаттар сыналатын дода. Сондай-ақ елімізде рухани серпіліс әкеліп, жастарды отаншылдыққа баулитын бірегей жоба. Аламан бәйге ұлтымыздың рухын асқақтатып, беделін асыра түседі деп сенемін. Баршаңызға сәт сапар тілеймін!», - деп жазылған Президенттің құттықтауында.
Ерлан Қошановтың айтуынша, Президент еліміздің тарихын зерттеуге, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға ерекше көңіл бөліп отыр.  width= Осы ретте айта кету керек, марафон-бәйгеде әр өңірден құралған 19 команда 1200 шақырымды 12 күнде жүріп өтеді. Жолда түрлі табиғи кедергілер кездесуі мүмкін. Мұндай сапар ешкімге оңай соқпасы анық. Мәселен, жұрт алдына шығып, сөз сөйлеген Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың өзі «1200 шақырымға дейін төзіп беретін тақым, төтеп беретін тұлпар жоқ» деген пікірлер айтылып жатқанын жеткізді.
«Бүгін баршамыз ұлы даламызды дүбірге бөлейтін айтулы аламанның куәсі болайын деп тұрмыз. Жорыққа тас-түйін дайын жігіттерге айтарымыз: сендер бүгін тұлпар тұяғымен жаңа тарихты жазайын деп тұрсыздар. «Ұлы дала жорығы» жай ғана марафон емес. Бұл - намыстың додасы, төзім мен жігер, қайрат пен мінез сынға түсетін аламан. 1200 шақырымға дейін «төзіп беретін тақым, төтеп беретін тұлпар жоқ» деген пікірлер айтылуда. Бірақ батыр бабаларымыз Алтайдан Анадолыға дейінгі аралықты ат үстінде жүріп жаулады. Сендер бүгін сол баһадүр бабалардың даңқты мұрагерлері ретінде осы додада атқа қондыңдар. Сондықтан сананы жаңғыртатын, рухты оятатын ұлы дала жорығына баршамыз жанкүйерміз. 1200 шақырымды 12 күнде өту – оңай сапар емес. Сендерге мықты денсаулық, ең бастысы амандық тілейміз! Азаматтардың айбары, қазанаттардың қайраты қайтпасын. Арғымақтар алқынбай, шын мықтылар жеңіс тұғырынан көрінсін», - деді Дәурен Абаев.
Ал елорда әкімі Алтай Көлгінов мұндай жобаның халық игілігі үшін ұйымдастырылып отырғанын айтты.
«Біздің ұлттық дәстүрімізді, ұлттық рухымызды көтеретін осындай мерекелер көп болсын. Ұлы дала жорығы» мерекесінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл іс-шара AMANAT партиясының ұйымдастыруымен, жауапты министрліктің және әкімдіктің қолдауымен болып жатыр. Бұл сіздер үшін жасалған. Біздің Президентіміз осы ұлттық спортты қолдайды. Қазір біздің атқа мінген азаматтарымыз елорданың төрінен шығып, Ұлытаудың жерінен өтіп, одан әрі қасиетті Түркістанға барады. Сәттілік тілейміз! Жолдары ашық болсын!», - деді бас қаланың әкімі.
Осыдан кейін жиылған жұртқа концерттік бағдарлама ұсынылды. Ал марафонға қатысатын үміткерлер аттары мен құрал-жабдықтарын тағы бір мәрте тексеріп, жолға шығуға әзір отыр. Олар 18 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласынан Түркістан қаласын аттанады. Айта кетейік, бәйгенің жүлде қоры қомақты. 1-орын үшін иегерлері – 30 000 000 теңге мен арнайы Кубок еншілесе, 2-орынға – 20 000 000 теңге мен Кубок беріледі. Ал 3-орын үшін – 15 000 000 теңге мен Кубок табысталады.