Жаңалықтар

«Ұлы дала жорығы» – нағыз азаматтар мен қазанаттар сыналатын дода» – Президент

ашық дереккөзі

«Ұлы дала жорығы» – нағыз азаматтар мен қазанаттар сыналатын дода» – Президент

Бүгін елордада «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің ашылу салтанаты өтті деп хабарлады turkystan.kz. Марафон-бәйгенің ашылуында Мәжіліс спикері , AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов ұлттық спорт көрермендерін айтулы оқиғамен құттықтады. Оның айтуынша, бұл - еліміздің мәдени өңіріндегі ерекше үлкен оқиға. Сондай-ақ Ерлан Қошанов Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аламанға қатысушыларға арнап жолдаған құттықтау хатын оқып берді. «Құрметті қауым! Сіздерді «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің басталуымен құттықтаймын! Ұлттық спортты дамытуға және дәстүрімізді дәріптеуге арналған аламан жарыс елімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Адамзат тарихында жылқы ең алғаш қазақ даласында қолға үйретілгені белгілі. Бұл әлемдік өркениетке теңдессіз бетбұрыс әкелген жаңалық саналады. Біздің бабаларымыз ұлы дала шежіресін тұлпардың тұяғымен жазған. Бүгінгі ұрпақ сол көшпенділер мәдениетінің заңды мұрагері. Шын мәнінде, қазақ пен жылқы - егіз ұғым. Арғымақ атты халқымыздың символы деуге болады. Біз қазіргі заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, ұлттық болмысымызды жаңғыртуға тиіспіз. Бүгінгі бәйгенің басты мақсаты - осы. Әр өңірден келген шабандоздар кең байтақ қазақ даласын көкке көтеріп, қасиетті Түркістан даласына атбасын тірейді. Бұл нағыз азаматтар мен қазанаттар сыналатын дода. Сондай-ақ елімізде рухани серпіліс әкеліп, жастарды отаншылдыққа баулитын бірегей жоба. Аламан бәйге ұлтымыздың рухын асқақтатып, беделін асыра түседі деп сенемін. Баршаңызға сәт сапар тілеймін!», - деп жазылған Президенттің құттықтауында. Ерлан Қошановтың айтуынша, Президент еліміздің тарихын зерттеуге, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға ерекше көңіл бөліп отыр.