Сақ дәуіріндегі адамның қаңқасы табылды (ВИДЕО)

Сақ дәуіріндегі адамның қаңқасы табылды (ВИДЕО)

Сақ дәуіріндегі адамның қаңқасы табылды (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
Қарағанды облысы Осакаров ауданынан 20 шақырымдай қашықтықта жатқан тарихи жерді облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары зерттеп жатқанына 1 аптаға жуық уақыт болған деп хабарлады turkystan.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап. Археологтардың пікірінше, бұл маң бірнеше өзеннің тоғысқан жері. Сондықтан мал жайып, қоныстануға шұрайлы жер болған. Мұндағы тас белгілерге қарағанда ерте кезде діни рәсімдерді жүргізетін жер болғанға ұқсайды. Соңғы 10 жылда археологтар Арқаның біршама жерін зерттеген. Сондай нәтижелі жұмыстың арқасында Сақ дәуіріндегі адамның қаңқасы табылып отыр. Бірақ Осакаров ауданында табылған бұл алғашқы құнды жәдігер. Мүрде шамамен 17-20 жастағы қыздікі болса керек
«Мүрденің жүзі батысқа қаратып жерленген. Қазір дала жұмыстарының жағдайында қасында табылған айнасы Сарматтарға да сай келеді деп айтуға болады. Бірақ Сарматтар орталық Қазақстан жерін мекендемеген. Сондықтан бұл б.д.д 7-5 ғасырға тән деп айтуға негіз бар. Демек Сақ дәуірі екені даусыз», - деді облыстық Тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы  Дәурен Жүсіпов
Қаңқаның анатомиялық бүтіндігі де ғалымдардың таңданысын тудырып отыр. Себебі әдетте мұндай қазбалар тоналған болып шығатын. Салдарынан археологтар қаңқа қалдығын жинап алатын. Енді сараптама жүргізіліп, тіпті қыздың бет жүзін қалыпқа келтіру де мүмкін болады.
«Сақ дәуірінің қорғаны мен Түркі дәуірінің қорғаны қатар жатқаны бұл ұрпақ сабақтастығы дейді ғой, біріне-бірі жалғасып келе жатқан қазақтың тарихы. Соны дәлелдеп отырған нәрсе. Бірақ ол бірінші далалық визуалды тұжырымдар. Қалғанын толық зерттеп, басқа қорғандармен салыстырған соң нақты тұжырымы шығады», - деді облыстық Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшысы Түлкібай Төлеуов.
Айта кетейік,, тарихи-мәдени мұраны қорғауға облыс бойынша үш жылдық бағдарлама бар. Аталған жәдігер соның нәтижесі. Алдағы уақытта облыстың өзге де жерлері зерттеледі.