Жаңалықтар

Қос азаматты көшеге алып шыққан тағдыр ма, өнер ме?

ашық дереккөзі

Қос азаматты көшеге алып шыққан тағдыр ма, өнер ме?

Оларды қала орталығынан, жерасты өткелдерінен, көшеден жиі көреміз. Олардың шығармашылығы ұмытылған естеліктерді еске түсіріп, көңілді көтереді. Әсіресе, жаздың жайма шуақ күндері өнерлерімен есте қалып жататыны рас. Иә, көше музыканттары жайлы айтып отырмыз. Олар неге мұндай қадамға барады? Өздерінен сұрап көрдік.   Жасы алпыстан асқан Серік Жұмановты сауда орталығы жанынан кезіктірдік. Ол қазақ вальсінің королі  Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әнін гармонмен орындағанда өтіп бара жатқан әнсүйер жұрт еріксіз тоқтайды. Қазақтар ғана емес, оған алғыс айтатын өзге ұлт өкілдері де көп. Өйткені көше музыканты түрлі ұлттың музыкасын меңгерген. Кейіпкеріміздің тағдыр романы өзі орындайтын шығармалар секілді түрлі тараудан тұрады екен. Алғашында сөйлесуден тартынған ол біраз тосырқап қарап, әңгімесін бастады. «2000 жылы Арқалықтан астанаға келдім. Екі баланы асырау керек болды. Бұрғылаушы болып, сосын геология саласында қызмет атқардым. Одан кейін құрылыста жұмыс істеп, елордамыздағы біраз ғимараттың бой көтеруіне үлес қостым. Басында бәрі жақсы болды ғой. 2013 жылы анам өзінің туған күнінде көз жұмды. 2015 жылы екінші топтағы мүгедек болдым, көзден. Бірінші әйелім қайтыс болған. Көзім дұрыс көрмеген соң, екінші жұбайыма керек болмай қалдым. Балаларым бар. Қызым тұрмыста. Балам Қарағандыда жұмыс істейді. Қазір өзім жалғыз тұрамын. Пәтерақыға 40 мың теңге төлеймін. Кішкентай кезімнен музыкаға жақын болдым. Түрлі аспапта түнімен ойнап, үйдегілерге ұйқы бермейтінмін. Міне, қазір сол өнерім арқылы нәпақамды тауып жүрмін. Бір күні көп, бір күні аз түседі. Әйтеуір, аш қалмаймын. Үйреніп қалдым. Қыста да шығамын», – дейді Серік Жұманов. Гитараны серік еткен Райымбек Ендігі кейіпкеріміздің жасы 24-те. Жерасты өткелінде гитарамен ән салып тұрған Райымбекті өзі сияқты жастар қоршап алыпты. Заманауи әнді нақышына келтіре орындаған оның үні де ерекше екен. «13 жасымнан бастап ән айтамын. Мектеп бітірген соң оқуға түспедім. 16 жасымда елордаға келдім. Ән айтып, гитарада ойнауды өз бетіммен үйренгенмін.  Қазір бір өзім тұрамын. Отбасым бар, бірақ 8 жылдан бері араласпаймын. Құрылыста жұмыс істеймін. Кешкі уақытта осы жерде ән айтып, көңіл сергітеміз», – дейді түрін көрсетпеуді өтінген кейіпкеріміз. Әрі қарай қазбалап ештеңе сұрамадық. Жер бетінде қанша адам болса, сонша тағдыр бар емес пе?

Фото: автор