Қос азаматты көшеге алып шыққан тағдыр ма, өнер ме?

Қос азаматты көшеге алып шыққан тағдыр ма, өнер ме?

Қос азаматты көшеге алып шыққан тағдыр ма, өнер ме?
ашық дереккөзі
Оларды қала орталығынан, жерасты өткелдерінен, көшеден жиі көреміз. Олардың шығармашылығы ұмытылған естеліктерді еске түсіріп, көңілді көтереді. Әсіресе, жаздың жайма шуақ күндері өнерлерімен есте қалып жататыны рас. Иә, көше музыканттары жайлы айтып отырмыз. Олар неге мұндай қадамға барады? Өздерінен сұрап көрдік.   Жасы алпыстан асқан Серік Жұмановты сауда орталығы жанынан кезіктірдік. Ол қазақ вальсінің королі  Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әнін гармонмен орындағанда өтіп бара жатқан әнсүйер жұрт еріксіз тоқтайды. Қазақтар ғана емес, оған алғыс айтатын өзге ұлт өкілдері де көп. Өйткені көше музыканты түрлі ұлттың музыкасын меңгерген. Кейіпкеріміздің тағдыр романы өзі орындайтын шығармалар секілді түрлі тараудан тұрады екен. Алғашында сөйлесуден тартынған ол біраз тосырқап қарап, әңгімесін бастады.
«2000 жылы Арқалықтан астанаға келдім. Екі баланы асырау керек болды. Бұрғылаушы болып, сосын геология саласында қызмет атқардым. Одан кейін құрылыста жұмыс істеп, елордамыздағы біраз ғимараттың бой көтеруіне үлес қостым. Басында бәрі жақсы болды ғой. 2013 жылы анам өзінің туған күнінде көз жұмды. 2015 жылы екінші топтағы мүгедек болдым, көзден. Бірінші әйелім қайтыс болған. Көзім дұрыс көрмеген соң, екінші жұбайыма керек болмай қалдым. Балаларым бар. Қызым тұрмыста. Балам Қарағандыда жұмыс істейді. Қазір өзім жалғыз тұрамын. Пәтерақыға 40 мың теңге төлеймін. Кішкентай кезімнен музыкаға жақын болдым. Түрлі аспапта түнімен ойнап, үйдегілерге ұйқы бермейтінмін. Міне, қазір сол өнерім арқылы нәпақамды тауып жүрмін. Бір күні көп, бір күні аз түседі. Әйтеуір, аш қалмаймын. Үйреніп қалдым. Қыста да шығамын», – дейді Серік Жұманов.
 width= Ол бірден гармон тарта салған жоқ. Құрылыста жұмыс істеді, арба айдады, аула сыпырды. Бірақ көзі нашар көретін адамға бұл оңай емес еді. Кей жерді дұрыс тазалай алмауы мүмкін. Түрлі сын айтылып, ақыры жұмыстан шығып қалды. Үш күн аш жүрді. Қиналған соң, көшеде ән айтып тұрған кісіден қарызға ақша сұрады. Ал ол ақша емес, жігер берген еді. «Сұрама, жұмыс істе» деді. Сөйтті де, қолындағы гармонын ұстатты. Бейтаныс жанның сөзі мен мына әрекеті көңілге демеу болды. Осылайша, өмірдің жаңа парағы ашылды. Ең бастысы, ол енді кішкентайынан жаны қалаған дүниемен айналысады.
«Батыста, Германия, Польша, Венгрияда мұны кәдімгі жұмыс деп есептейді. Ал бізде көбі садақа деп қабылдайды. Садақа сұрап отыр деп ойлайды. Соған ренжимін. Әрбір әуенді гармонмен тарту оңай емес. Ол үшін біраз еңбектенесің. Бір күні Шәмші Қалдаяқовтың әнін салып отырсам, алыста кетіп бара жатқан адам арнайы бұрылып келіп, алғысын айтты. «Арыста туған едім, рақмет» деп иығымнан қақты. Мұндай жағдай жиі болып тұрады. Орыс әндерін тартқан кезде үлкен апалар келіп, алғысын жаудырып, тілегін айтып кетеді. Хахолша ойнасам, олар да риза болады. Бірде жерасты өткелінде отырып, немісше ойнадым. Олар да байқап, алғыс айтады», – дейді кейіпкеріміз.
Серік мырза арақ ішпейді. Өмір бойы спортпен шұғылданған. Қазір де қол үзген емес. «Зейнетке шығуға 1 жыл қалды. Одан кейін гармонды қоятын шығармын. Ауылға, Арқалыққа барамын. Балаларыма ренжімеймін, олардың бейбіт заманда өмір сүріп жатқанына қуанамын» дейді.  width= Гитараны серік еткен Райымбек Ендігі кейіпкеріміздің жасы 24-те. Жерасты өткелінде гитарамен ән салып тұрған Райымбекті өзі сияқты жастар қоршап алыпты. Заманауи әнді нақышына келтіре орындаған оның үні де ерекше екен.
«13 жасымнан бастап ән айтамын. Мектеп бітірген соң оқуға түспедім. 16 жасымда елордаға келдім. Ән айтып, гитарада ойнауды өз бетіммен үйренгенмін.  Қазір бір өзім тұрамын. Отбасым бар, бірақ 8 жылдан бері араласпаймын. Құрылыста жұмыс істеймін. Кешкі уақытта осы жерде ән айтып, көңіл сергітеміз», – дейді түрін көрсетпеуді өтінген кейіпкеріміз.
Әрі қарай қазбалап ештеңе сұрамадық. Жер бетінде қанша адам болса, сонша тағдыр бар емес пе?

Фото: автор