«Ұлы дала жорығы»: Шабандоздар жексенбіде жарысқа шығады

«Ұлы дала жорығы»: Шабандоздар жексенбіде жарысқа шығады

«Ұлы дала жорығы»: Шабандоздар жексенбіде жарысқа шығады
ашық дереккөзі
Бүгін, 16 қыркүйекте астанада «Қазанат» ипподромында «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің басталуына орай баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға Мәдениет және спорт министрлігі Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Болат Маханалин, «Ұлы Дала Жорығы» жобасының авторы Бақытжан Тұрлыбеков, марафонның бас төрешісі Надежда Купцова және бас ветеринары Ольга Гробер қатысты.  Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев аталған бәйге-марафонның Қазақстанның ұлттық бренді ретінде қалыптастыруға негіз болатынын атап өтті.  width=
«Әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ көшпенді халықтың мәдениетін ұлттық бренд ретінде қалыптастыра отырып, дәстүрлі түрде өтетін марафонға айналады деген сенімім мол. Марафоншылар арқа төрінен бастап киелі Түркістанға дейінгі 1200 шақырымды басып өтпек. Сондай-ақ дүбірлі додада ұлы дала рухын сезініп, Жошы хан, Алаша хан кесенелеріне, түркі руханияты бесігі болған Түркістанға зиярат етуге мүмкіндік туады. Төрешілік етуге көршілес мемлекеттерден Беларусь, Ресей елдерінен мамандар келіп отыр. Келешекте қазақ мәдениеті мен тарихын түрлендірген айтулы марафон халықаралық жарысқа айналады деп кәміл сеніммен айтуға болады», – деді комитет төрағасы.
Ал «Ұлы дала жорығы» жобасының идея авторы Бақытжан Тұрлыбек жобаның іске асыру кезеңдері мен тарихы жөніне тоқталып өтті.  width=
«Ұлы дала жорығы» марафонын өткізу идеясы осыдан үш жыл бұрын басталған болатын. 2019 жылы 20 сәуірде Торғай ауылынан Созаққа дейін 952 шақырымды жүріп өттік. Осының негізінде бәйге-марафонды ұйымдастыруды ойластырып, ауқымды шараны бірлесіп өткізуді министрлік тарапынан қолдау тауып отыр. Марафон ең алдымен ешкімді қайталамайтын мәдени коды бар эксклюзивтілігімен айрықша. Дамыған елдердегідей ұлттық мәдениетіміз бен тарихымызды дамытуда серпіліс жасалуы тиіс. Осы ретте көшпенділер мәдениетімен астасып жатқан ұлттық дамудың түйінді басымдықтарын, салт аттылар мәдениетін қалыптастырсақ дейміз. Ал халықаралық аренада жоғары деңгейдегі халықаралық диалогтың бастамашысы ретінде жылжытуға толық негіз бар. Бұл жолы командалық стратегия өте маңызды. Уақыттан ұтқан команда жеңімпаз болып танылады», – деді идея авторы Бақытжан Тұрлыбек.
Ал Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Болат Маханалин отандық ат спортында мұндай ауқымдағы және өзгеше форматтағы жарыстың бұрын-соңды болмағанын атай келе, марафон-бәйгенің өміршең болуына тілектестігін білдірді.  width=
«Әлемдік нарықта еліміздің туристік әлеуетін арттыруға жол ашатын салтанатты іс-шара елімізде алғаш рет өтетін болғандықтан Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов игілікті шараға қолдау көрстіп отыр. Халықаралық ат спорты саласында жаңа форматты енгізуге негіз болып отырған іс-шараның Бас серіктесі – «Самрұқ-Қазына» АҚ, серіктес – «Sportqory» спортты қолдау қорына алғыс білдіреміз», – деді Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Болат Маханалин.
Марафон-бәйгенің ережесі мен регламенті бекітілді. Оның жұмысына 2 халықаралық, 3 қазақстандық судья мен 2 халықаралық, 2 қазақстандық ветеринар шақырылған. Марафонның бас ветеринары Ольга Гробер марафонға қатысатын жылқыларлың қауіпсіздігі басты назарда екенін жеткізді.
«Марафон әр команда үшін жеке уақытпен басталады. Әр команда 50 шақырымдық межеге жеткен уақыты жеке жазылып отырады. 100 шақырым сайын уақыт қосылып, арнайы ақпараттық таблода көрсетіледі. Осылай 12 күн сайын қайталанып, уақыт жағынан ұтқан команда жеңімпаз болып танылады. Командада 5 шабандоз болады, жағдайға байланысты 3 шабандоздан аз адам қалған жағдайда жарысқа ары қарай қатысу мүмкіндігі шектеледі», – деді бас ветеринар Ольга Гробер.
Оның айтуынша, қазір 19 команда 1200 шақырымды 12 күнде басып өтуге тиіс. Олардың жолында жазық дала, Бетпақтың шөлі, өзен-көл сияқты табиғи кедергілер бар.
«Күнде кешке судьялар нәтижені жариялап отыратын болады. Кімнің бірінші бастайтындығы жеребе арқылы анықталады. 18 қыркүйек күні комиссия отырысынан кейін жеребе басталады», – деді ол.
Ал марафонның бас төрешісі Надежда Купцова ұлы көшпенділер өркениетін танытуға ықпал ететін ауқымды жиынға куә болып отырғанына қуанышты екенін жеткізді.
«Мұндай ауқымды марафонға қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Ветеринарлық комиссия 4 адамнан құралған, олар күн сайын аттардың жағдайын мұқият тексеріп отырады.  Бұл – топтық жарыс. 5 қатысушының 1 200 шықырымды аз уақытта жүріп өтуі тиіс. Егер 2 шабандоз денсаулығына байланысты бәйгені жалғастыра алмаса, команда 3 қатысушымен әрі қарай жалғастыра алады. Егер 3 қатысушының бірі жарыстан шеттетілсе, онда бірден команда есептен шығарылады. Айта кетерлігі, шабандоздар командалармен жарыспайды, уақытқа жұмыс істеуі тиіс. Түркістанға қай команда ең қысқа уақытта жеткені жеңімпаз болып танылады. Қатысушылардың күнделікті нәтижесі маңдайшаларда көрсетіледі», – деді бас төреші.
 width= Айтуынша, әрқайсысы 5 шабандоздан құралған 19 команда жарысты бастауға дайын. Айта кетейік, марафон 17 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында басталып, 29 қыркүйекте Түркістанда аяқталады. Оған еліміздің әр өңірінен бір команда қатысады әрі мәреге 12 күн ішінде атпен жетуі тиіс. Жеңімпазға 30 млн теңге, 2 орын иегері не – 20 млн теңге, 3 орын үшін - 15 млн теңге жүлде қарастырылған. Сонымен бірге марафонды өткізу кезінде барлық қатысушылар талапқа сай жабдықталған демалыс орындарымен, ас-ауқатпен және қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафонға қатысуға мыңнан астам өтініш келіп түскен. Алайда қатысушылардың қауіпсіздігі үшін әр облыстан бір команда таңдап алынған.
«Жүлде қоры 65 млн теңгені құрайды. Іс-шара жылдық жоспарда болмағандықтан тек демеушілердің қолдауымен өткелі тұр. Келешекте қазақтың қазанатын қайта тірілтетін сапар болады деп сенемін», – деп түйіндеді Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев.
Марафон аясында БАҚ өкілдері үшін марафон аясында «Ұлы дала жаршысы» көшпенділер пресс-туры өткізіледі. Жоба туралы барлық ақпарат www.qazanat.com сайтында және әлеуметтік желілердегі аккаунттарында жарияланады.