Жаңалықтар

«Ұлы дала жорығы»: Шабандоздар жексенбіде жарысқа шығады

ашық дереккөзі

«Ұлы дала жорығы»: Шабандоздар жексенбіде жарысқа шығады

Бүгін, 16 қыркүйекте астанада «Қазанат» ипподромында «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің басталуына орай баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға Мәдениет және спорт министрлігі Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев, Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Болат Маханалин, «Ұлы Дала Жорығы» жобасының авторы Бақытжан Тұрлыбеков, марафонның бас төрешісі Надежда Купцова және бас ветеринары Ольга Гробер қатысты.  Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев аталған бәйге-марафонның Қазақстанның ұлттық бренді ретінде қалыптастыруға негіз болатынын атап өтті. «Ұлы дала жорығы» марафонын өткізу идеясы осыдан үш жыл бұрын басталған болатын. 2019 жылы 20 сәуірде Торғай ауылынан Созаққа дейін 952 шақырымды жүріп өттік. Осының негізінде бәйге-марафонды ұйымдастыруды ойластырып, ауқымды шараны бірлесіп өткізуді министрлік тарапынан қолдау тауып отыр. Марафон ең алдымен ешкімді қайталамайтын мәдени коды бар эксклюзивтілігімен айрықша. Дамыған елдердегідей ұлттық мәдениетіміз бен тарихымызды дамытуда серпіліс жасалуы тиіс. Осы ретте көшпенділер мәдениетімен астасып жатқан ұлттық дамудың түйінді басымдықтарын, салт аттылар мәдениетін қалыптастырсақ дейміз. Ал халықаралық аренада жоғары деңгейдегі халықаралық диалогтың бастамашысы ретінде жылжытуға толық негіз бар. Бұл жолы командалық стратегия өте маңызды. Уақыттан ұтқан команда жеңімпаз болып танылады», – деді идея авторы Бақытжан Тұрлыбек. Ал Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Болат Маханалин отандық ат спортында мұндай ауқымдағы және өзгеше форматтағы жарыстың бұрын-соңды болмағанын атай келе, марафон-бәйгенің өміршең болуына тілектестігін білдірді. Айтуынша, әрқайсысы 5 шабандоздан құралған 19 команда жарысты бастауға дайын. Айта кетейік, марафон 17 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында басталып, 29 қыркүйекте Түркістанда аяқталады. Оған еліміздің әр өңірінен бір команда қатысады әрі мәреге 12 күн ішінде атпен жетуі тиіс. Жеңімпазға 30 млн теңге, 2 орын иегері не – 20 млн теңге, 3 орын үшін - 15 млн теңге жүлде қарастырылған. Сонымен бірге марафонды өткізу кезінде барлық қатысушылар талапқа сай жабдықталған демалыс орындарымен, ас-ауқатпен және қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафонға қатысуға мыңнан астам өтініш келіп түскен. Алайда қатысушылардың қауіпсіздігі үшін әр облыстан бір команда таңдап алынған. «Жүлде қоры 65 млн теңгені құрайды. Іс-шара жылдық жоспарда болмағандықтан тек демеушілердің қолдауымен өткелі тұр. Келешекте қазақтың қазанатын қайта тірілтетін сапар болады деп сенемін», – деп түйіндеді Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев. Марафон аясында БАҚ өкілдері үшін марафон аясында «Ұлы дала жаршысы» көшпенділер пресс-туры өткізіледі. Жоба туралы барлық ақпарат www.qazanat.com сайтында және әлеуметтік желілердегі аккаунттарында жарияланады.