Жұма, 2 Желтоқсан, 2022

Түркістан облысында сынып пен уақыт жетпегеннен оқушылар тек 35 минут оқиды

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Нұрлы жол ауылында мектеп жоқ деп хабарлады turkystan.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Арнаның мәліметінше, оқушылар ескі жатақханада төрт ауысыммен оқып жүр. Ескі жатақхана 30 жылдан бері «мектепке» айналған. Ондағы 700-ге жуық оқушы он кабинетте, мұғалімдер дәліздің бір бұрышында отыр. Тіпті төрт ауысымға үлгеру үшін бір сабақ 35 минутқа дейін қысқартылған.

Нұрлы жол ауылындағы жалғыз мектеп 70-жылдары алма мен жүзім теретін жұмысшыларға жатақхана ретінде салынған. Ауылда ел көбейген соң, 30 жыл бұрын ғимаратты уақытша мектеп ретінде ашқан. Содан бері бұл жердің тақтасы мен партасы да ауыспаған. Қазір тар жатақханаға оқушы сыймай, амалсыз төрт ауысыммен оқып жатыр.

Сарыағаш ауданының тұрғыны Ботагөз Медешова: «Үлкенім сағат 8-де барады, екінші ұлым сағат 12-де, үшіншім 2-де оқиды. Төртіншім – кішкентай қызым, екінші сыныпта  сағат 4-те барып, 7 жарым, 8-де қайтады. Мектепте 45 минуттан емес, 35 минуттан оқиды. Себебі сынып жетпейді, уақыт жетпейді. Бізде әріпті әріпке қосып оқи алмайтын оқушылар бар. Олармен жұмыс істеу үшін сынып бөлмесі керек», – дейді.

670 оқушыға мектепте бар-жоғы 10 кабинет бар. Сынып жетпегендіктен орындық пен үстел сыйған жердің бәрі сыныпқа айналған.

Мәселен, мұғалімдер бөлмесі болмаған соң, 70 ұстаз дәліздегі бір үстелге жайғасқан. Ал аядай ғана бөлмеде директордың қос орынбасары, психолог пен медбике бірге отыр. Аядай ғимаратта тынысы тарылғанын оқушылар түгілі, мұғалімдер де мойындап отыр.

Б.Омаров атындағы №50 мектептің мұғалімі Ержан Бекназаров: «Санэпидстанция стандартқа сай емес дейді. Тақта, парта тесік дейді.  Есік алдында асфальт жоқ дейді. Оның бәрін мұғалімдер істемейді ғой. Сөздің шыны керек, есік алдына қолдан келгенше цемент құйдық. Оқушылар мұзда тайғанап құламасын деп шатыр істедік. Қолдан келгенше істеп жатырмыз, сонда да мұғалімдерге 670 мыңнан артық айыппұл салады, өздері төлейді», – дейді.

Дәлізінен екі адам қатар жүре алмайтын мектептің мәселесін шешу үшін мұғалімдер есік алдындағы ескі ғимаратты да қажетіне жаратуға мәжбүр болыпты. Әу баста асхана ретінде салынған ғимарат соңғы 10 жылда мектептің әмбебап орнына айналған. Себебі, кейде мұнда акті залы, кейде спортзал, ал кейде оқушыларға сабақ өтеді. Дәл мұнда қазір  ғимараттың тең жартысы акті залы, қалған жартысы мектептің қоймасы. Қоймаға мұғалімдердің өзі өзге мектептерден қалған парта, тақтаны жинап, жөндеп, өз мектептеріне іліп қояды.

Бұл мәселемен ауыл тұрғындары жеті жылдан бері білім бөлімінен бастап, облыс әкіміне дейін барған. Тұрғындар ауыл ішінен мектепке деп өз жерін беріп, құжатын да реттепті. Бірақ шенеуніктер жаңа мектеп салуға асықпайды дейді тұрғындар.

Сарыағаш ауданының тұрғыны Қанат Шыныбеков: «Мектептің 320 орындық боп құжатта жазылып кеткені жалған ақпарат болған. Сол кездегі Білім басқармасының басшысы, сол кездегі директор болған адамдар соны жазып жіберген. Соны дәлелдейміз деп, осы уақытқа дейін келдік. Сендерге 320 орындық болғаннан соң, екі ауысымға 640 орындық болады, сендерге мектеп қалыпты деп бізді қайтара береді. Ал шын мәнінде, шаршы метрге шаққанда жүз шақты оқушы кетеді», – дейді.

Ал шенеуніктер мәселені биылдан бастап шешіп жатырмыз дейді. Яғни мектеп жанынан жаңа ғимарат салуды жоспарлап отыр екен.

Сарыағаш ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Дәулет Ақатов: «Қазір 300 орындық мектептің құрылысы жоспарлануда, мердігер анықталды. Биылға жоспарланған 10 миллион ақшасына қазан айынан бастап шұңқыр қазып басталады. Жалпы құны – 1 миллиард 151 миллион 712 мың теңге. Келесі жылдың оқу жылына пайдалануға беруге жоспарлануда», – деді.

Жаңа мектептің құрылысы бір жылда аяқталса, төрт ауысым сабақ кестесі толық жойылады.

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button