Ерлан Қошанов Португалия елі Ассамблеясының депутатымен кездесті

Ерлан Қошанов Португалия елі Ассамблеясының депутатымен кездесті

Ерлан Қошанов Португалия елі Ассамблеясының депутатымен кездесті
ашық дереккөзі
Бүгін Ерлан Қошанов  Парламентаралық одақтың төрағасы, Португалия Республикасы Ассамблеясының депутаты Дуарте Пашекумен кездесті деп хабарлады turkystan.kz.

Кездесу жайлы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов фейсбуктегі парақшасында жазған.

«Пашеку мырза кеше Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысып, дінаралық диалогты нығайтудағы Қазақстан саясатын қолдайтынын айтқан еді. Бүгін Мәжілістегі жүздесуде съезд қорытындысын талқылауды одан әрі жалғастырдық.

Мен Дуарте Пашекудың «Әлемдегі қақтығыстардың көбі діни себептерден туындайды» деген пікірімен келісемін. Бұл орайда, рухани көшбасшылар халыққа діннің жанжалға себеп болмайтынын жете түсіндіруі қажет екеніне көңіл аударған жөн.

Парламентаралық одақ басшысы Қазақстанның және ел Президентінің бұл мәселедегі рөлін жоғары бағалағанына қуаныштымын» деп жазды Ерлан Жақанұлы.

Сондай-ақ Португалияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мария де Фатима Велес де Андраде Мендеш және Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары қатысқан кездесуде ынтымақтастықты дамыту бағыттары талқыланды.

«Мәжіліс пен одақ арасындағы өзара іс-қимылды күшейту керек деген қорытындыға келдік. Бұл ретте экологиялық мәселелер өзектілігі арта түсуде. Соңында төраға Парламентаралық одақ іс-шараларының бірін келесі жылы Қазақстан астанасында өткізуді ұсынып, қазақстандық парламентшілерді одақ пен Ассамблея іс-шараларына қатысуға шақырды» деп жазды Мәжіліс спикері.