Жаңалықтар

Арман Абдоллаев: «Ұлы Дала Жорығы» әлемдегі ең ұзақ ат жарысы болмақ

ашық дереккөзі

Арман Абдоллаев: «Ұлы Дала Жорығы» әлемдегі ең ұзақ ат жарысы болмақ

«Ұлы Дала Жорығы» атты республикалық марафон-бәйгесіне дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. 18 қыркүйек күні 20 топтан құралған 100 шабандоз сыны келіскен сәйгүліктерін жаратып, жарысқа қосқалы отыр. Сарыарқаның төсі – Астанадан Түркістанға бет алып, 1 200 шақырымға созылған сайын дала төсін басып өтпек. Осы орайда алғаш рет өткізілгелі отырған «Ұлы Дала Жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің ұйымдастырушысы Арман Абдоллаевпен сұхбаттастық. – Қазақы атбегілік дәстүрді қайта жаңғыртуды мақсат еткен үлкен бәйгеге әзірлік жұмыстары қалай жүріп жатыр? – Қазақ танымында бәйгенің бірнеше түрі болған. Жүйріктің жасына, жынысына қарамай жарысқа қосатын түрі – аламан бәйге деп аталады. Мұндай жарыстарды жауынгерлік жорық кезінде жақсы аттарды таңдап алу үшін өткізетін болған. Сол сияқты бастауын елордадан алатын бәйгенің басталуына аз күн қалды. Осы орайда негізгі дайындық жұмсытары қайтадан пысықталып жатыр. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласына өңірлерден алты команда келіп үлгерді, қалғандарды жолда. Ал 16 қыркүйек күні барлық команда мүшелері мен жүйріктер тексеруден өтеді. 17 қыркүйекте өтетін бәйгенің салтанатты ашылу рәсімінде аймақтардан бас қосқан команда жеке-жеке таныстырылады. Осылайша атбегілер бәйге аттарының бабын байқап, аяқ алысын аңдап алғаннан кейін 18 қыркүйек күні таңғы сағат жеті шамасында алғашқы айналым басталып кетеді. Яғни, алғашқы меже – Нұр-Сұлтан-Қорғалжың бағытындағы 100 шақырымдық белес.