Жаңалықтар

Қоғамдық қабылдау: партиялықтар Батыс Қазақстан және Қызылорда облысына барды

ашық дереккөзі

Қоғамдық қабылдау: партиялықтар Батыс Қазақстан және Қызылорда облысына барды

«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесі өкілдері сапары жалғасуда. Партиялықтар Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарына жолға шықты. Бір күн ішінде 4 шалғай елді мекен қамтылып, қабылдауға 100-ден астам азамат келді. Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының тұрғындары «AMANAT» партиясының республикалық мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесі  өкілдеріне сумен жабдықтау, кентішілік, аудандық жолдарды жөндеу, абаттандыру және өзге де өзекті мәселелер бойынша жүгінді. Мәселен, Аралтөбе ауылының тұрғыны Гүлнар Кенесарина газбен қамту мәселесін қозғады. «Осы ауылда 30 жыл тұрып жатырмын. Газ тартылды. Алайда бір үйді көгілдір отынға қосу үшін 400 мың теңге сұрап отыр. Ал менің зейнетақым небары 50 мың теңге. Күйеуім екеуміз мүгедек жандармыз. Сонда бізге не істе дейсіздер? Үйді тезек жағып жылытып отырмыз. Бір арба тезектің құны 20 мың теңге. Бұған қоса, жеткізіп беру үшін тағы 3 мың теңге төлейміз. Себебі жеткізіп беретін трактордың дизель отыны қымбат тұрады. Зейнеткерлер мен мүгедектердің үйін газға тегін қосып беруді сұраймыз», – дейді зейнеткер. Сол күні партиялықтар Қызылорда облысының Жалағаш ауданында болды. Аққұм ауылдық округі тұрғындарының атынан сөйлеген зейнеткер Өміртай Әбжалиев ауылдағы аурухананы қалпына келтіріп, ғимаратты жөндеуден өткізіп беруді сұрады.