Жаңалықтар

Александр Шевченко, «Сыроделкино» ірімшік цехының иесі: Мен – өндіріс иесі ғана емес, өндірістің дәл өзімін...

ашық дереккөзі

Александр Шевченко, «Сыроделкино» ірімшік цехының иесі: Мен – өндіріс иесі ғана емес, өндірістің дәл өзімін...

Қазір бәзбіреу қаладағы «тұрақты жұмысы мен жайлы ортасын тастап ауылға көшіп келіпті» дегенді естісек, ертегі естігендей бола­мыз. Керісінше, ауылдан қалаға жаппай көшу үрдісі белең алып тұр­ған шақта «Қара да тұр. Көпке ұзамайды. Қалаға қайта көшіп ке­теді» деп сенімсіздік танытамыз. Ал ауылда кәсіп ашып, табысқа ке­нелгісі келетінін естігенде «Ауылда мүмкіндік жоқ. Не бітірер дер­сің?» деп мұрын шүйіретініміз тағы бар. Мұндайды талай рет есті­ген Александр Шевченко еті үйреніп кеткенін, оған мән бермеуге ты­рысатынын айтады. Александр Ақмола облысы Ерей­мен­тау ауданына қарасты Торғай ауы­лында туып-өскен. Ауыл балалары се­кіл­ді арман қуып Алматыға келген соң М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және байланыс академиясында ин­же­нер мамандығын алып шығуды мақсат ете­ді. Ақылы бөлімде оқыған ол оқудан қол босаған кезде нәпақа табу үшін ауыр жұмыстан қашпай, керісінше, қиын­дықты жеңе білуге, бүгінгі шаруа­ны ертеңге қалдырмауға дағды­лан­ға­нын айтады. «Университет бітірген соң өзім қалаған жұмысқа тұрдым. Онда монтаждаушыдан жетекші инженерге дейін көтерілгеніммен, басшылықпен сөзге келіп қалып, ол жұмыстан бас тар­туға мәжбүр болдым», – дейді Алек­сандр. Хабарландырудан ұлттық ком­па­нияға өзі секілді маман қажет екенін ес­тіген ол: «Қайтсем де әлеуетімді көр­се­темін», – деп тістеніп, қатаң ірік­теу­ден сүрінбей өтіп, жұмысқа қабыл­дан­ған. Аз уақыт ішінде өзін көрсете білген ол Ұлыбританияға тағылымдамаға барып, біліктілігін көтеріп қайтқан. «Қа­зақстанға келген соң жаңа құрыл­ғы­ны орнату үшін күні-түні жұмыс іс­те­дік. Күн сайын жұмыс күрделене тү­сіп, кеңседен өзге жерге аяқ бас­пай­тынымды, онда байланып қалғанымды түсіндім. Әйеліммен ақылдаса келе, ол жұ­мыстан бас тарту туралы шешім қа­был­дадым», – дейді Александр бір орын­да тұралап қалсаң, тоқырауға тү­сіп қалатынын айта келе. Бүгінде «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи бағына барғысы келетін ту­ристер жолай Торғай ауылындағы Алек­сандрдың өндіріс орнына соқпай кетпейді. Бас қаладан 110 шақырым қа­шықтықта орналасқан «Ауылда мұн­дай өндіріс орнын ашу мүмкін бе?» деп таңданатын олар Александр мен серік­тес досын сұрақтың астына алып, аз уа­қыт ішінде ел ішінде сирек өндірі­ле­тін ірімшік әзірлеуде жетістікке жету­дің қыр-сырын білгісі келеді. Александр болса, бәріне «Ешқандай да құпия жоқ. Ерінбей еңбек етсең болғаны. Асықпай нәтижеге жетесің. Мұның алып бара жат­қан түгі жоқ. Бұл – кәдімгі шағын биз­нес. Маған әйелім мен достарымнан бө­лек, жергілікті билік өкілдерінің кө­мегі көп тиді», – деп жауап береді. Александр мен оның әріптестері «Сы­роделкинода» аптасына 2 тонна сүт­тен 200 келі ірімшік өндіріп шы­ғара­­ды. «Сүтті көрші ауылдан сатып ала­­мыз. Астанада бірнеше сауда нүк­те­лері­не жеткіземіз. Осылайша, бірте-бір­те дамып келеміз», – дейді Александр алға қойған жоспары көп екенін айтып. Ауылда бизнес көзін ашу мүмкін еке­нін дәлелдеп жүрген Александрға ха­барласып, әңгімеге тарту әсте оңай бол­мады. «Кеш жауап бергеніме кешірім сұрай­мын. Бірақ расымен менің бірде-бір секунд бос уақытым жоқ. Мен өн­ді­ріс орнының иесі ғана емеспін. Өндіріс деген – мына мен, өзіммін. Мысалы, қа­зір келіп түскен өтініштерді реттес­ті­ріп жатырмын. Бір сағаттан соң киі­мімді ауыстырып, ірімшік жасауға цех­қа барамын. Сосын отырып есеп-қи­сап жасаймын. Ертең таң атпастан өнім­дерді жеткізумен айналысамын. Күніне осылай», – дейді ағынан жарыла.

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ