Рухани деградация емі жоқ дерт пе?

Рухани деградация емі жоқ дерт пе?

Рухани деградация емі жоқ дерт пе?
ашық дереккөзі
Бір анық: жек көру де, жақсы көру де ниетке байланысты. Ал ниет қалай бұзылады? Ол ақылдың кемшіндігі мен білімсіздіктен. Әйтпесе, жек көрудің ең алдымен адамның өзіне зиян екенін психология ілімінен аздап хабары бар әр пенде білер еді. Біреуді жек көруге себеп табылар, ал өзіңді жек көруге ше?.. Өкініштісі сол, бүгінгі қоғамда өзінен жирену белең алып кеткен. Ал оның соңы ұлтты – өз ұлтын жек көруге дейін барып жатыр. Бұл өте қауіпті құбылыс... Адамның мазасыздануы тыныштығы бұзылған кезде пайда болады. Ал өткен ға­­сырдың соңғы ширегіндегі саяси оқи­ға­лар динамикасының соншалық тез қарқын алуы қалыпты жағдайда өмір сүріп кел­ген­дердің миына үлкен салмақ түсірді. Әді­лет­ті және мәңгілік өмір сүреді деп келген со­­­­­­циалистік құрылыстың жалған жақ­тары­­ның әшкереленуі, саясаттағы түрлі сұр­­қиялықтар бетпердесінің ашылуы, идея­­л­ық жағынан біртұтас саналған мем­лекеттегі түрлі ұлттарға жасалған қия­нат­тар – геноцидтер, дискриминация, ұлттық бол­мысты жою, т.б. – осының бір сәтте жал­­пақ жұртқа жария болғанда адам­дар­дың санасында найзағай жарқылдап, отты құйын жүріп өткендей болды. Жетпіс жыл­дан аса уақыт бойы үкімін жүргізіп келген саяси тәрбие трибунасының күл-талқаны шықты. Ештеңе ізсіз кетпейді, қалыптасқан қандай қоғамдық формация бұ­зыл­са да, оның салдары оңай болмайды. Өктем қы­зыл саясатты күресінге лақтырсақ та, оның зардабы ауыр болды. Бір-біріне эко­но­микалық жақтан жан-жақты байланып қал­ған он бес одақтас республикалардың ара­­сындағы еркін байланыс үзіліп, әр ел өз қамын күйттеп кеткенде біздің кімнен не алып, кімге не беріп отырғанымыз бірден білінді. Өйткені жетіспеушілік, жоқшылық халықты экономикалық жағынан да, рухани жағынан да тығырыққа тіреді. Бұл тұста ұзақ жылдар бойы ақпарат­тық аштықтың зардабын тартқан біздің халықтың (басқалардың да) біраз уақыт кеңестік саясаттың қоясын ақтарып жатқан баспасөзге деген ынтасы күшті бол­ды. Соның себебінен 90-жылдардағы қа­зақ баспасөзінің таралымы бұрын-соңды бо­лмаған биікке жетті. Халықтың көзі ашы­лып, санасы оянды. Ұлттық құнды­лық­тарға деген елдің махаббаты күшейді, жаңа дәуірде танылған тұлғаларға деген құрмет артты. Бірақ... бәрібір «сананы тұрмыс би­ле­мей» тұрмайтын еді. Өйткені «аш қарын майлы ас жемей жұбанбайды» ғой. Сөйтіп, аз уақытты ішектің шұрылы басқа дауыс­тың бәрін басып, елге қара тамағы қайғы болған заман да жетті. Басқаны қайдам, ХХ ғасырдың 20-30-жылдарында басынан ала­пат аштықты кешкен халықтың ұрпа­ғына бұл үлкен қорқыныш еді, атадан балаға жет­кен қандағы үрей қайтадан бас көтерді. Қираған өндіріс, жұмыссыз қалған халық, ашық­қан бала-шаға – мұның бәрі азатты­ғын енді ғана қайтарып алған жұрттың көзін тұмандатып, үмітін үзуге шақ тұрды. Дегенмен «өлмеген құлға құдая, бо­лып та қалды мына жаз» деп әйгілі жырда айтылғандай, уақыт бәрін жайымен орнына келтіре бастады. Халыққа істер іс, айналысар шаруа табылып бірте-бірте көңілі жайлана бастады. Бұрын «өкімет өл­тір­мейді» деп арқаны кеңге салып үйрен­ген жұрттың көзі ашылып, өзін-өзі асы­рауды үйрене бастады. Бір кезде ауыл­дан қалаға ағылған халық қаланың тұрмысына көндікті. Бірақ урбанизацияның да өз қиын­дығы бар еді, адамдар жеуге тамақ тап­қанмен тұратын баспанаға қол жеткізуі қиын болды. Соңғы жиырма жылда мем­лекет халықтың баспаналы болуы үшін түр­лі бағдарламалар жасады, алайда әлі күн­­ге ол мәселені толық шеше алған жоқ. Бұл да өзінше бір дағдарыс туғызатын құ­бы­лыс. Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Себебі қандайда бір қоғамдық үдерістің өз әсері болады, ол жаңалануға да әсер етеді, талай нәрсенің қирауына да се­беп болады. Соңғы отыз жыл ішінде осын­ша қиыншылықтарды басынан кеш­кен халық – баяғы халық емес, қазіргінің көзі ашық – өзіне не керек екенін біледі жә­не өз құқығы туралы да хабардар. Енде­ше бүгінгі жұрт тәттіге алданатын бала емес. Дей тұрсақ та әр нәрсенің шегі бар. Қо­­ғам өзін-өзі қорғамаса, оны ешкім де қор­­ғай алмайды, әсіресе рухани тұрғыда. Рухани демекші, бүгінгі қоғамның басты қасіреті – рухани жүдеулік. Шын­­­дап келгенде ол – эмоция мен пара­сат­­тың тайталасында ақылдың жеңіліс табуынан пайда болып отыр және мұның өзі бір күнде келе қалған нәрсе емес. Жалпы, қоғамдық наразылықтың түп-төркіні белгілі бір себептерге бай­­ланысты десек те оның әділетті де әді­летсіз жағы бар. Әділетті жағы – көзге көрі­­ніп тұрған оқиғалар мен нақты әлеу­мет­­тік жағдайлар болса, әділетсіз жағы бо­­лып жатқан үдерістердің сырын терең тү­сінбеуден туады. Айталық, сөз сөйлеу мен пікір айтуға бір микрофон қойылса, онда сөйлеушілер сара­­ланып, нақты ұсыныстары мен өзіндік ой-пікірі бар тұлғалар мінбеге шығар еді, ал енді мыңдаған адамға мыңдаған мик­ро­фон берілсе бәрі бір мезгілде сөйлеуге мүм­­кіндік алса, жұрт бірінің сөзін бірі тың­­дамай, әркім өзі түсінігі деңгейінде екі­­леніп, өңешін жырта айқайлап сөзге қо­­нақ бермей, хаос тудырады. Біздің бүгінгі қоғамда осының екіншісі басым. Интернет желісі дамыған заманда дем­ократиялық бағытты ұстанған ел­дерде цензура жоқ, оның ішінде біздің ел де бар. Кім кім туралы не деймін десе де тос­қауыл жоқ. Өйткені әркімнің әлеуметтік же­­лілерде парақшалары бар. Бірақ бұл ға­лам­дық желілер халыққа қалай әсер етіп отыр, мәселе сонда. Қазақта «Қой көрмеген қой көрсе, қуалап жүріп өлтірер» деген сөз бар, сол айтқандай пікір еркіндігінің жөні осы екен деп, білсін-білмесін, бүгінде әңгімеге ара­­ласпайтын адамның өзі жоқ. Біреу біреу­­ден естігенін айтады, тағы біреу ша­ма­­мен осылай шығар деп соға береді, енді біреу­­лер өздерін сүттен ақ, судан таза қы­лып көрсетіп, өзге біреудің мінін айтып кі­сім­сіп отырады. Сол сияқты елдің сені­міне кіріп алып алаяқтық жасайтындар да аз емес. Былайша айтқанда, өздерімен өз­дері болып, шулап жатқан бір халық. Біреу­лер оны тобырлық психология деп жо­ғары­дан қарағанмен, оның өзі дүлей күш екенін қаперіне ала бермейді. Алайда өзін­­дік пікірі жоқтарды кез келген адам бұрып әкетіп, өз мақсатына оп-оңай пай­дала­нып кететіні бар. Кемшіліксіз халық болмайды, ал сол кемшілікті дабырайтып – «түйме­дейді түйедей» ете берсе, елдің бәрі сондай екен деп ойлап қалатындар аз емес. Мәсе­лен, соңғы кездегі қазаққа деген көзқарас. Өз­генің емес, өзіміздің көзқарас. Қазақты жігерсіз, намыссыз, жалқау деп тану стереотипі күшті. Ол қай­дан пайда болды? Кеңестік кезеңде «Ок­тя­брь революциясының таңы атқанша сауа­ты болмаған қараңғы қазақ халқы» деп ке­ле­тін бір жексұрын тіркес бар еді. Әр шы­ғармада жүретін. Ол әрине, өзгелердің біз­ге таңып берген қарғыс таңбасы бола­тын. Бірақ соны шындық көрдік, бізді би­ле­гендер солай сендірді. Ал шын мәнінде со­­лай ма еді? Бүгінгі біз мекен етіп отырған Ұлы да­лада бір кезде Ғұндар империясы, Түр­кі қағанаты, сақтар, массагеттер елі, Ал­­тын Орда мемлекеті, Қазақ хандығы тұр­­ған болса, біз қалайша артта қалған ме­­шеу елдің мұрагері боламыз? Біз мұны кейін­гі жарты ғасырда ғана біле бастадық. Алайда ол кезде бұл тарих оқытылмады. Ал қа­зір бәрін білеміз ғой, ендеше неге төмен­шіктейміз? Әрине, өткеніңмен мақтанған жақ­сы, бірақ қазіргі күнде кім болғаның маңызды. Ата-бабаңның ерлігіне мәңгі-бақи мастанып, құр кеуде көтере бергеннен ештеңе өнбейді. Демек, дәл бүгінгі әрекеттің маңызы зор. Халықтың бәрі жаппай сауатты, пара­­сатты болуы қиын. Десек те кім болса да өз кезінің бағасын білген жақ­сы. Бүгінгі қазақ баяғыдай өзгенің әмірімен жүрген ел емес, сол сияқты біреулер айта­тын­дай, «істің көзін білмейтін жалқау» да емес. Әрине, ғылым мен техникада өзге­лер­ден кейінірек қалғанымыз рас, алайда со­ның өзінде көптеген салада жекелеген өнер­тапқыштардың, білімді жастардың же­тістіктері көзге түсіп жатады. Ендеше неге көңіліміз толмайды? Саясаттан басқасына көз жүгіртсек, эко­номикада да, руханиятта да же­тіп жатқан жетістер бар. Бірақ соның баға­лануы кемшін. Қоғамның деңгейі көтерілмей, адам­ның да деңгейі көтерілмейді, бірақ сол қоғамның жеке адамдардан құралаты­нын ескерсек, әр адам сауаттылыққа, білік­тілікке ұмтылғанда ғана барып жақсы қо­ғам құруға болады. Дей келгенде, қазіргі қа­зақтың көбісі бос сөзге үйірлеу, соның себебінен кейде дұрыс айтылған ой мен жөнін айтқан адамның сөзін сан-саққа жүгіртетіндердің көптігінен тым жақсы бастамалар мен орынды ұсыныстар жеріне жетпей, орта жолда омақасып жатады... Сөзіміздің басында айтқан ойға қай­та оралсақ, қазіргі қазақтың бір-бірі­не сенуінен гөрі күмәні басым түсіп жа­­тады. Тіпті, мемлекетіміздің тек кемші­лігі айтыла бергеннен кейін расымен де қа­зақ елі өзгелерден артта қалған мешеу ел секілді көрінеді. Бірақ олай емес қой! Қаншама сыналып жатқанымен, Қазақстан цифрландыру жөнінен талай мемлекеттен озық. Тіпті, ТМД ел­дерін­де алдыңғы қатарда. Қазір көбіміздің қалтамызға қағаз ақша салмай, төлемнің, аударымның барлық түрін санаулы секунд­та қолымыздағы алақандай смартфоннан жасай аламыз. Сол сияқты спортта, музыка­да әлемге танылып жатқан жастарымыз көп. Мұның бәрі ұмтылыстың, өсудің көрі­нісі. Тек соны дұрыс бағалай алып жатыр­мыз ба? Бұрын саясат адамдармен айналысу­шы еді, енді адамдардың бәрі сая­сатпен айналысып кетті. Әрине, біліп ай­та­тындарға өкпе жоқ, білмей айтатындарға не дейміз? Салыстыру арқылы ақиқат танылады десек те, салыстыру атаулының бәрі сәтті емес. Бір ғана мысал айтайық: бүгінде көп жұрт қазақты өзбекпен (ел мағына­сын­да) салыстыруға әуес. Сөйте тұра өзг­е­нің артықшылығын «көріп», өзіміздің жетіс­тігімізге көз жұмуға даярмыз. Ана бір кезде әлеуметтік желілерде Ташкент пен Са­марқандтың арасында жүретін жүрдек пойызды көріп аузының суы ағып отыр­ған­дар қыза-қыза келе «Өзбектер қалай да­мып кеткен, мынадай жүйрік пойыз жа­сап шығарған» деп соғып отырғандар бол­ды. Ал сауаты бар адам интернеттен із­деп көрсе, сол пойыздың Еуропа елдерінің өні­мі екенін білер еді. Сол сияқты, «өз­бек­тер отыз жылда бізден екі есеге көбейген, өйт­кені оларда халықтың өсуіне барлық жағдай жасалған» деп әңгіме айтатындар бар. Шындығында солай ма? Екі елдің ресми статистикасына жүгінсек, биыл 19 млн халқы бар Қазақстанда 1 сыныпқа 400 мың­дай бала барса, 35 млн тұрғыны бар Өзбекстанда 500 мыңдай бала мектеп есігін ашқан. Бізде «Ойбай орыстанып барамыз» деп дабыл қағатындар көп (әрине, мұның бәрі баласын орыс мектебіне беретін қазақ­тардың ойсыздығының салдары), ал бірақ өзбек елі парламенті депутатының «Таш­кендегі мектептердің 53 пайызы орыс мек­тептері, бұл – ұлтқа үлкен қауіп» деп да­был­датып жүргенін тіліне баспайды. Салыс­тыруда да әділеттілік болуы керек қой! Біз бұл жерде біреуді тұқыртып, өзі­мізді көтергіміз келгеннен әңгіме қозғап отырған жоқпыз (қазақ өзгеден артық емес, бірақ кем де емес), не туралы пікір айтсақ та шындыққа жүгінуіміз қа­жет. Әйтпесе, өтірік сөздің иесіне де, бас­қаларға да зияны тимей тұрмайды. Жалпы, біздің қоғамда не нәрсе туралы болса да жалған сөз көп ай­тылады және оны айтқандардың сөзіне жауап беріп жатқандары аз. Соның кесірі­нен рухани дағдарысқа ұшырап жатқандар аз емес. Оның көрінісі, біздің елде өзіне қол салатындардың тым көп болып тұрғаны. Кейбіреулер тығырыққа тіреліп, содан шығар жол таппай қиналса, кейбіреулер қоғам тарапынан жасалған буллингтен қор­ланып, өмірімен қош айтысып жатыр... ...Қазақ сатирасының классигі Оспан­хан Әубәкіровтің «Бір кемпір бар – шал іздеп жүр, бір кемпір бар – бәле іздеп жүр. Шал іздеген шал тапты, бәле іздеген әлі із­деп жүр» деген шумағы бар еді, сол сияқты кім не іздесе соған жолығады. Соны қоғам ескерсе ғой... Егер ескерсе. Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, «Жақсылық көрсем өзімнен, Жамандық көрсем өзімнен. Тағ­дыр қылды деулерді, шығарамын сөзімнен» деп дұрыс жолға түсер еді. Ал дұрыс ниет өзіңді, халқыңды жек көру емес.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ