Бокстан Марокконың ұлттық құрамасын жаттықтыратын қазақ

Бокстан Марокконың ұлттық құрамасын жаттықтыратын қазақ

Бокстан Марокконың ұлттық құрамасын жаттықтыратын қазақ
ашық дереккөзі
Ерік Алғабек бір апта бұрын бокстан Марокко командасының бас бапкері болып тағайындалды. Оған дейін әйелдер боксынан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін атқарған маман екі жылдан соң Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына марокколықтарды баптап апармақ. Онда ерлермен қатар, әйелдер командасын қатар басқаратын ол Парижде Марокко тарихында қоржынға түспеген алтын медаль әперу міндеті тұрғанын айтады. Құрамадан қол үзсе де, бапкерлік әлеуетін көрсету үшін Африка асып, бүгінде қызу жұмысқа кірісіп кеткен бапкерге хабарласып, әңгімеге тартқан едік. – Қазақстан әйелдер құрамасын жат­тықтырудан бөлек, кәсіби бокста чем­пион атағын алған тұңғыш қазақ­стан­дық боксшы қыз Фируза Шари­по­ваны баптап өсірген сізді баперлік кәсіпте бағы жанған маман деп айтсақ қателеспеспіз. – Негізі, бастапқыда мен бап­кер болуды көздеген жоқпын. Бап­керлікке келуіме Болат Жұ­маділов, Бақтияр Төлегенов се­кілді мықтылардың жеке бап­кері болған ағайым Фе­ликс Цой септігін тигізді. Ол «Сенен жақсы бапкер шыға­ды. Сезіп тұр­мын. Кел де жат­тықтыр» деп мені талай рет шақырды. Өзі Таразда бокс мек­тебін ашып, сол жерде директор қыз­метін атқара­тын-ды. Ағай шақырып бол­маған соң 3-4 ай жұмыс істеп көрейін, ары қа­рай не боларын сосын көре жатармын де­ген оймен бапкер болуға келістім. Ал ары қа­рай бұл жұмыс ма­ған ұнағаны соншалық, мұ­нымен шындап ай­налысып, көп шәкірт тәр­биелеуді мақсат еттім. Сөйтіп жүргенде биыл бапкерлікпен ай­налысып жүргеніме 18 жыл болыпты.  width=– Әу бастан қыздарды жаттық­тыр­ғаныңызды білеміз. Әйелдер боксы 2012 жылғы Лондон Олим­пиадасының бағдар­ла­масына тұңғыш рет енгі­зі­летін болған соң бұл іске шындап кірістіңіз бе? – Иә. Әдепкіде балалар­мен жұмыс істедім. Сосын залға 1-2 қыз келді. Ағайым «Қара да тұр. Әйелдер боксы­ның Олимпиаданың бағдарла­ма­сына кіретін уақыты келеді. Қыз­дарды жаттықтыра бер» деді. Кейін қарасам, зал­ға бокс үйренуге келетін қыздардың саны күн­нен-күнге артып келеді. Сосын өзім бап­та­ған ер балаларды ағайымның жетекшілігіне беріп, тек қыздармен жұмыс істей бастадым. Бірақ балалармен де жемісті жұмыс істедім. Олар­ды Қазақстан жасөспірімдер чем­пио­наты, сондай-ақ Ереванда өткен әлем чем­пио­натына апардым. Сосын 2009 жылы әйелдер бок­сынан облыс бойынша аға жаттықтырушы қызметіне тағайындалдым. 2011 жылы Анталияда бірінші рет жасөспірім қыздар арасында әлем чемпионаты болды. Сол кезде бізде жасөспірім қыздар құрамасы жасақталды. Мен сонда аға жаттықтырушы бол­дым, кейін сол құра­ма­ның бас бапкері қыз­метін атқардым. 2016-2019 жылдары Жам­был облысының құ­рамасында бап­кер болып жұмыс істедім. Одан бө­лек, 2016 жылы Фи­рузаны кәсіби боксқа шығару үшін қолымнан келгеннің бәрін істедім. Біз негізі Олимпиадаға қа­тысуға үміткер едік, бірақ жолдама ала алмай қалдық. Сосын кәсіби бокста Фирузаның әлеуетін қалай көрсетсем болады деп лайық қарсылас қа­рас­тырып жүрген едім. Со­сын Мәскеудегілермен сөй­лесіп, ресейлік София Очи­гава­ның командасымен ақылдасып, кездесу өткізу туралы шешім шығардық. Оның үстіне, мен баптаған қыздардың көбі 2016 жылы әйелдер құрамасына өтті. Сосын мен де жастардан ересектер командасына ауы­суды көздедім. Бірақ оның алдында бокс федерациясының басшылары әйелдер құрамасына бас бапкер іздеп жүрген еді. Бірақ лайық кандидат таппаса керек. Сосын жа­с­өспірімдер командасында бас бапкер бол­ғанымда әлем чемпионаттарынан бірнеше алтын жүлде алуға әкелгенімді ескеріп, мені сұхбаттасуға шақырды. Нәтижесінде, 2019 жылы мені әйелдер құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындады. [caption id="attachment_196557" align="alignnone" width="1748"] width= Азия чемпионатынан соң[/caption] – Сол кезде сізге Токиода өтетін төрт құр­лықтың басты додасына неғұрлым көп жолдама алу тапсырмасы мін­дет­телгені белгілі. Бірақ Олимпиада ал­дын­да Дубайда өткен әйелдер арасындағы Азия чемпионатында 8 алтын, 1 күміс, 1 қола иеленіп, рекорд жаңартсаңыздар да, Токиоға тек Надежда Рябец аттанды, оның өзінде ол бірінші айналымнан ары аса алмады... – Шынын айтқанда, бізді құрама коман­даға бапкерлікке кеш тағайындады. Мені тағайындағаннан кейін жарты жылдан соң Олим­пиадаға жолдама беретін турнир өт­кізілді. Онда бір ғана жолдама алдық. Сосын құраманың осал тұсын тап басып, жақсы дайын­дықпен екінші іріктеу турниріне бара­мыз деп жүргенде оны Халықаралық Олим­пиа­да комитеті өткізбей қойды. Негізі, мен осы турнирге көп үміт артқан едім, Назым Қы­зайбай, Айжан Қожабекова секілді бокс­шы­лар сол турнирде жолдама алатын еді. Бі­рақ біз сол кезде сіз айтып отырған Азия чем­пионатына барып, сегіз бірдей алтын жүл­дені иелендік. Ерлер боксында азуын айға білеген Куба құрамасы қандай мықты болса, әйел­дер боксында Үндістан командасы сон­дай адуынды. Біз сол Азия біріншілігінде жеті үнді боксшысын ұттық. Бізде бұрын-соңды он­дай нәтиже болмаған. Назым сол кезде ал­ты дүркін әлем чемпионы Мэри Комнан ай­ласын асыра білді. Азия чемпионатына осын­дай дайындықпен барған біз әлгі іріктеу турнирі өткізілгенде Олимпиадада атой салар едік.  width=– Бокстан Қазақстанның бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов Қазақстан барлық боксшының жарыстан жарыс, жат­тығу жиынынан келесі жиынға көп бар­ғанына бапкерлерді кінәлап, «Бар­лы­ғы Токио Олимпиадасына шаршап кел­ген» деген еді. – Бізде бас бапкер жалғыз өзі ештеңе шеш­пейді. Ғалым Кенжебаевтың қасында Мыр­зағали Айтжанов, Нұрлан Ақүрпеков, Марат Жақиев секілді тәжірибелі көмекшілері бол­ды. Бас бапкер «Мен осылай айттым бол­ды, бітті, осылай болады» деп айта алмайды. Егер мен айтып өткен бапкерлер құрамы бір ауыздан қолдамаса бас бапкер өздігінен ше­шім шығара алмайды. Ерлер құрамасына кел­сек, менің ойымша, Азия чемпионатына олар­ды емес, екінші құрамда апару керек еді. Сол кезде бірінші нөмірлі боксшылардың түге­лінің қалтасында Олимпиада жолдамасы бол­ды. Азия чемпионатына қатыспаса да бо­лар еді. Ал бізде жолдама болған жоқ, сон­дықтан бізге бірнеше турнирге қатысу қажет бол­ды. – «Бізді кеш тағайындады» дегеніңізге қарағанда қызмет мерзіміңіздің толық олимпиадалық циклге тап келмегеніне өкінетін секілдісіз. – Көбіне бас бапкер толық бір циклға қойы­лады. Олимпиада біткен соң екінші Олим­пиадаға төрт жыл бойы «жетектеп» әкелетін жаңа бапкер тағайындалады. Сол секілді ерлер командасының бап­кері Ғалым Кенжебаев екеуіміз То­киодан соң бас бапкерлік қызметпен қош айтыс­тық. Бірақ мен төрт жыл емес, екі-ақ жыл жұмыс істедім. Жо­ғарыда айт­қа­ным­дай, жарты жыл­дан соң іріктеу тур­ниріне қыздарды апару қажет бол­ды. Сондықтан әрине, аз уақыт ішін­де бәріне бір­дей үлгере алмай­сың. Содан соң қыздарды көп жа­рыс­қа апарып, бабын тексермесең тағы болмай­ды. Олардың дайын­ды­ғын ба­ғам­дап, Олимпиадаға іріктеу тур­ниріне баруға лайық құрамаға кірік­тіресің.  width=– Бір апта бұрын Марокко құрамасының бас бапкері бо­лып тағайындалға­ныңыз­­­ды жария қыл­ды­ңыз. Сізге көп елден ұсы­ныс келіп түскенін ес­ті­дік, таңдауыңыз не­ліктен дәл Марокко ко­ман­да­сына түсті? Сізді олар несімен қызық­тырды? – Иә, 3-4 елден ұсыныс ке­ліп түсті. Бірақ мен марок­колық боксшыларға бұрын­нан қызығып жүретінмін. 2011 жылы астанада әйелдер арасында өткен халықаралық турнирге Марокко құрамасы да қатысты. Сол кезде олардың фи­зикалық қалыбы, атлетикалық бітімі, рингтегі қимылдау жылдамдығы жақсы екенін байқап, «Мына командаға жақсы техника қойып беретін біреу болса, ара­ларынан небір мықтылар шығады екен ғой» деп ойлағанмын. Өткенде олардағы боксқа жауап­ты тұлғалардан ұсыныс келіп түскенде «Кезінде өзім осылай айтып едім ғой» деп олар­ға таңданғаным есіме түсіп, бірден сол елдің ересек боксшыларын жаттықтыруға келістім. Сосын өзім бұрыннан кәсіби бокста бір емес, бірнеше боксшы баптап шығаруды көз­деп жүрмін. Ал ол үшін ересектермен жұ­мыс істеудің пайдасы зор. Бір шетінен, бұл жұ­мысты істеуге осы үшін де келісім бердім. – Бір қызығы, ерлер мен әйелдер ко­мандасын бірге жаттықтырады екенсіз. Екеуі екі бөлек жаттығу тәсілін қажет ете­тінін ескерсек, бір уақытта бәріне бір­дей көңіл бөлу сізге қиынға соқпай ма? – Иә, екі құраманы бірдей жаттық­тыра­мын. Қасымда көмекшілерім бар. Құрама­лар­мен жұмыс істеп жатқаныма бір ай уақыт бол­ды. Оның алдында олар жоспарланып қой­ған жаттығу жиындарына барды, сосын Жерорта теңіз ойындарына қатысты. Мен ол уақытта жастар командасына қарайлап, спар­рингтер ұйымдастырдым. Қазір көбіне әйел­дер құрамасының бапкеріне көмектесіп, ар­найы бағдарлама әзірлеп беріп жүрмін. Ерлер командасына да ақыл-кеңес беремін. Африкалық боксшыларды байқап қарасаңыз, барлық акцент физикаға қойылатынын, ал техника жағы ақсап жататынын байқауға болады. Қазіргі менің басты мақсатым – бап­кер­лер мен спортшыларға техника қоюды үйрету. Қай спортшыны қандай техникаға үйрет­кен дұрыс, кімге төбелесуді үйрену керек, ал кімге керісінше, рингте кімге артқа қарай қимылдаудың айласын білген жөн, соның барлығын тізіп беріп, тактика мен техниканы таңдап берудемін. Марокколықтар көбіне бірден төбелесе кетеді, бірінші болып шабуылдау, сосын қарсы шабуылдау жағы қиын болып тұр. Қарсыласын ұрады да, ор­нында тұрып қалады. Соққыдан қашу жағы да ойластырылмаған. Мұны да үйретіп жатыр­мын. Сосын африкалық спортшылар­дың дене тұрқы жаратылысынан басқа екенін білесіз. Әрі олар жылдам. Бапкерлердің сөзі­мен айтсақ, «материал» жақсы, тек оларды дұ­рыс бағытқа сілтейтін маман қажет. Әйел­дер құрамасында қар­сыласынан айласын асыра алатын қыздар бар екен. Ал ерлер командасымен көп жұмыс іс­теу керек. Мұнда жеңіл атлетика мен фут­болға көп көңіл бөлі­нетіндіктен, бокстың тыс­қары қалып қоя­тыны түсінікті жайт. Сол се­бептен де боксқа қызығатын жастары аз. Сол жастарды көбейтуді көздеп жүрмін. Бірте-бірте оқу-жаттығу жиындарына жастарды көптеп шақырмақ ойым бар. Бізде оқу-жаттығу жиын жуырда бітеді, сосын бірінші қазанда тағы жи­наламыз, сол кезде бапкерлермен ақылдаса отырып, нақты жос­пар құрамыз. Қазір бас­тысы – техниканы же­тілдіріп алсақ болғаны. Сосын Түркия, Қа­зақстан, Өзбекстан елдеріне барып, жат­тығу жиынын өткіземіз.  width=– Бапкер-боксшылармен түсінісу араб тілін үйренуді бастап кеткен болар­сыз? – Иә, араб тілін үйреніп жүрмін. Оларға ағыл­шынша сөйлеймін. Дегенмен мұнда басқару ісі француз тілінде жүргізілетіндіктен, көбі французша сөйлейді екен. Бірақ сонда да араб тілінен сабақ алып жүрмін. Бап­кер­лікпен айналысқалы бері көп жарысқа бар­дық, көп елді көрдік. Марокко халқы біз се­кілді қарапайым әрі кішіпейіл. Ел астанасы – Рабат таза әрі әдемі. – Әлеуметтік желідегі парақшаңызда екі жыл мерзімге тағайындалғаныңызды жаздыңыз. Сонда 2024 жылы Парижде өте­тін Жазғы Олимпиада ойындарына боксшыларды баптап апару міндеті тұр ма алдыңызда? – Иә. Марокко боксының тарихында еш­бір боксшы Олимпиада ойындарының фи­налына шықпаған екен. Олимпиаданың төрт қола жүлдегері бар, бірақ қоржындарында алтын мен күміс жүлделері жоқ. Сосын әлем чемпионы атанған бір чемпион бар. Ол – 2015 жылы Дохада өткен әлем чемпионаты­ның финалында біздің Данияр Елеусіновті жеңген Мохаммед Рабии. Одан басқа әлем чемпионы жоқ. Сондықтан бар мақсатым – мық­ты техника «қойып», жақсы команда жа­сақтау арқылы Марокко құрама коман­да­сына Олимпиаданың алтын жүлдесін әперу. Қазір тек сол оймен жүрмін. Екі жыл уақытым бар. – Өзіңіз ұлттық құраманың басы-қасында жүрген мамансыз. Ондағы ішкі ахуалды бізден жақсы білесіз. Бізге де екі жыл ішінде Париж Олимпиадасына тас-түйін дайындықпен барып, айтулы додада айды аспанға шығару үшін не істемек керек? – Менің ойымша, облыстық спорт комитеттерін Мәдениет және спорт министрлігіне беру керек. Өйткені оларды ешкім бақыламайды. Облыстарда не істелініп жатыр, резерв бар ма, жоқ па, спорттың қай түріне көңіл бөлінбейді, осыны тексеріп жатқан біреу бар ма? Футболдан жыл сайын ұтыламыз, бірақ жауапты тұлғалар түк бол­мағандай отыра береді. Егемен ел атанға­ны­мызға отыз жыл болды, ал бізде бокстан басқа спортта резерв жоқ. Сондықтан сол жүйені өзгерту керек. Мә­селенің түп-тамырына үңілу қажет. Неге ми­нистрлік деймін, себебі маған Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен федерацияның жұмыс істеу тәсілі қатты ұнады. Жылдам шешім қабылдайды, құжат­тарды тез реттейді, мәселені дереу шешіп береді. Жұмыстарына асқан жауапкершілікпен қарайды. Осындай керемет жүйе нәтижесінде құрама командадағы бапкерлік жұмысымды рахаттана істедім. Енді дәл сол жүйе облыста­ғы комитеттерге де кіріктірілсе, нұр үстіне нұр болар еді.  width=– Басқа алып-қосарыңыз бар ма? – Қазір тәжірибелі бапкерлердің көбі жалақысының аздығынан басқа жұмысқа ауысуға мәжбүр. Мысалы, мен Жамбыл бокс клубында істегенде 46 мың теңге жалақы алдым. Мұндай сомаға қазіргідей заманда отбасыны асырау мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті. Бапкерлерді ынталандыру үшін жалақы сомасын мұғалімдермен тең етіп көтеріп берсе дейсің. Сосын бізде құрама қатарына қабылдандың ба, болды, отбасыңды айлар бойы көрмейсің ғой. Жарыстан жарыс, жиыннан жиынға барып, боксшыларды бәрі­нен биік қоясың. Ал отбасың өзімен өзі «өсіп» жатады. Сондықтан отбасыңның қасыңда күнде болмасаң да, ең құрығанда қалағанын әперетіндей жағдайың болса игі. Үйде ауа райы жайлы болса, сыртта өзің де алаңсыз жүре бересің ғой. Бізде бас бапкердің айлығы жақсы, ал қалғанына аз сома төленеді. Бокс­шыларда да солай, бірінші нөмірлі спортшы 100 мың теңге, ал екінші нөмірлі боксшы 50 мың теңге алады. Қосымша федерациядан, тағы басқа мекемелерден қаржы алады, бірақ футбол мен хоккей спортындағы легионерлер секілді қомақты айлық алмайды. Волейбол­шылардың өзі бізден көп алады. Бізде спортқа қаржы бөлінетінін жыл сайын айтамыз. Бірақ бәрі кадрға байланысты екенін айта кеткен жөн. Бізде спортшы бір жарыста бірінші орын алса, барлығы тек спортшыны ұлықтап, ал оны баптап шығарған бапкерді ешкім елемейді. Ешкім бапкерді есіне де алмайды, ол туралы сөз қозғамайды. Ал сол спортшыны көптің арасынан кім таңдап алды екен? Оның чемпион болуға әлеуеті бар екенін кім сезді? Осыны ешкім ескермейді. Мысалы, бізде Таразда жаттығу жиынында бес жүзден астам бала келеді. Сол бес жүздің арасынан бірне­шеуін іріктеп алып, көзінде ұшқын, бойында жігер мен намыстың оты алаулап тұрғанын таңдап алып, кішкентай кезінен жасөспірім, сосын ересектерге дейін көзіміздің ағы мен қара­сындай қарап, өсіреміз. Ал бірақ олар жеңім­паз атанып, жеңіс тұғырына көтерілген соң, аспаннан дайын чемпион болып түсе салғандай, жаһанды жалпағынан басып жүреді. Оған пәтер де, көлік те сыйға беріледі. Ал бапкерлер тасада қалып қояды. Сондықтан мемлекет алдымен бапкерлердің жағдайын жасауға тиіс. Ертең боксшы ұтса ол жеке өзі ұтқандай болады, ал ол ұтылса, бапкерді кінә­лап шығады. Мұны болдырмас үшін бапкердің ерен еңбегін бағалап, қолайлы жағдай жасап беру қажет. Ал бапкер чемпион болатын баланы өзі-ақ табады, бір көргенде-ақ өзі сезеді. Біздің ел – талантқа толы ел. Сон­дықтан бапкерге лайық құрмет көрсетілсе дейсің.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ