Абай тоқтаған үйдің кенжесі АҚШ-та тұрады
Абай тоқтаған үйдің кенжесі АҚШ-та тұрады
Қарқаралы қаласындағы ұлы Абай тоқтаған Халиулла Хамитұлы Бекметевтің үйін қала тұрғындары мен келуші қонақтар жақсы біледі. Ол үйде қазір Қарқаралы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі орналасқан. Халиулла Хамитұлы туралы біз не білеміз? Халиулла Бекметев 1829 жылы туған. Латифа, Хадиша, Фатима, Ғайни есімді төрт әйелі болған. Осы төрт әйелдің екеуінен 8 бала сүйген. Халиулла бай, ел ол кісіні осылай атаған, Қарқаралы өңірінің зиялы және құрметті азаматы болған. Көпес әрі кәсіпкер. Халыққа жасаған қайырымдылығы үшін орыс императорлары ІІІ Александр 1888 жылы Станислав ленталы күміс медалімен, ал ІІ Николай 1904 жылы Анна ленталы алтын медалімен марапаттапты. Сонымен қоса, бұл кісі Санкт-Петербург қаласында мешіт салынғанда қайырымдылық жасап, қаржы бөлген екен. Халиулла бай 1905 жылы қайтыс болып, Қарқаралыда жерленген.
Халиулла байдың Құнанбай, Абай тоқтаған тарихи үйінде ең соңғы тұрған – кенже ұлы Мұхсин. Мұхсин Халиуллаұлы Бекметев Қарқаралы гимназиясын, қалалық училищесін бітірген, Алаш қозғалысын қолдаған, М. Дулатовтың «Оян, қазақ!» кітабын таратқаны үшін тергеуге алынған. Кеңес үкіметі тұсында байдың, саудагердің ұлы деп қуғын көріп, 1931 жылы Қарқаралыда репрессияға ұшырап қайтыс болады. Міне, осыдан біраз жыл бұрын мен киелі шанырақта туған Мұхсиннің Тамара есімді қызын сонау Америкадан таптым. Қазір 92 жастағы апай Гонолулу қаласында тұрады (Гавайи аралы).
– Тамара апай, сіз Қарқаралыда Абай тоқтаған үйде туыпсыз. Балалық шағыңыз жайлы айтып берсеңіз..
– Иә, мен 1930 жылы Қарқаралы қаласында туғанмын. Менің әкем Мұхсин Халиулла атамның қазақ әйелі Ғайниден туған (Ғайни Шонбайқызы. - Е.М.). Анам Миассар Фаизова да Қарқаралының қызы болады. Анам гимназияны бітіріп менің әкеме тұрмысқа шығады. Ол кезде анамның жасы 15-те немесе 16-да. Ата-анамның жеті баласы болған. Алғашқы туған екі ұл сәби кездерінде көз жұмған, одан кейін Кәмиля, Роза, Ғаяз, Ревгат және мен туғанмын. Мен ең кенжелерімін. Менің туғаныма бірнеше ай болғанда әкем соқырішек болып, операция жасалады. Операция кезінде инфекция түсіп әкем қатты ауырады. Ол кезде Кеңес үкіметінің орнаған кезі ғой, әкем бір жағымсыз жағдай болатынын күтіп жүрді. Біздің ойлауымызша, сол инфекцияның өзі бекер түскен жоқ, ол біреулердің ықпалымен жасалған іс... Содан әкем үйде өлім халінде жатқанда ол кісіні тұтқындауға келеді. Келгендер әкемнің өмір сүруіне санаулы күндер қалғанын көріп, тұтқындамай кетіп қалады. Әкем қайтыс болғаннан кейін үйге кеңес үкіметіне өткен бұрынғы малшылар келіп дөрекілік мінездерін танытып, неше түрлі жаман қылықтар жасады. Француз иіс суымен қолдарын да жуды...
[caption id="attachment_196548" align="alignnone" width="1748"]