Тәркіленген қаражат мектеп болып қайтпақ
Тәркіленген қаражат мектеп болып қайтпақ
Енді жемқорлардан тәркіленген ақша мектеп салуға жұмсалмақ. Қаңтар оқиғасынан кейін қолды болған қаражаттың қазынаға қайтып жатқаны, парамен ұсталғандар туралы ақпарат бұрынғыдан жиі жарияланатын болды. Сонымен қатар мектепте балаларға орын жетіспей жатқаны да қоғамдағы өткір мәселенің бірі болып отыр.
Жемқорлық деңгейі жоғарылаған
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми дерегіне сүйенсек, биылғы 8 ай ішінде шамамен жалпы сомасы 500 миллиард теңге болатын мүлік, активтер мен қаражат мемлекетке қайтарылған екен. Оның ішінде қаңтар оқиғасынан кейін айыпталғандардың заңсыз иеленген дүние-мүлкі де бар.
Осы уақыт ішінде жемқорлық бойынша айыпталып, ұсталғандар немесе күдікке ілінгендер туралы ақпарат легі көбейді. Көрсеткіш бұдан бұрынғыға қарағанда салыстырмалы түрде өскені байқалады.
Мәселен, биыл әкімдіктерде жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлердің ішінде пара алу, пара беру бойынша заң бұзғандар саны көбейген.
Нақты сандарды мысалға келтірер болсақ, 2022 жылғы қаңтар – шілде аралығында әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің 91 қызметкері ұсталған. Бұл соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш екен. Мысалы, былтыр 87 жемқордың қылмысы әшкереленген. Ал 2020 жылы – 11 қызметкер, 2019 жылы – 23, 2018 жылы 22 қызметкер айыпты болған.
Ал өңірлер бойынша салыстыратын болсақ, әкімдік қызметкерлерінің пара алуы бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Мұнда 13 адам ұсталған. Бұл аймақтың әкімдіктерінде сыбайлас жемқорлық мәселесі әрдайым өзекті. Естеріңізге сала кетейік, жақында ғана Түркістан облысын басқарған Өмірзақ Шөкеев отставкаға кетуіне осы нәрсе себеп болды. Бұған дейін Өмірзақ Шөкеев Кентаудың бұрынғы әкімі Дәурен Мақажановтың аса ірі көлемде пара алғаны дәлелденіп, кінәлі деп танылған жағдайда отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеген болатын, ол 10 жылға бас бостандығынан айырылғаннан кейін облыс басшысы да отставкаға кетті. Одан кейінгі орында Қызылорда облысы мен Шымкент қаласы тұр.
Ресми статистикалық мәліметтер екіұдай пікір тудырады, ұсталғандар мен анықталған қылмыстар саны артқаны қылмыстың көбейгенінің белгісі ме, әлде жауапты органның жұмысының сапасы жақсарғанының жемісі ме, беймәлім.
Дегенмен жемқорлық деңгейін анықтайтын Corruption Perceptions Index (CPI) сыбайлас жемқорлықтан таза елдердің әлемдік рейтингінде еліміз бір сатыға төмендеген.
Биыл жемқорлық деңгейінің әлемдік орташа көрсеткіші оныншы жыл қатарынан өзгеріссіз қалып отыр. Ең жақсы нәтиже 100 балмен өлшенеді, ал әлем елдерінің орташа көрсеткіші – 43 балл. Яғни елдердің үштен екісі 50-ден төмен балл жинаған, яғни бұл елдерде жемқорлық мәселесі өршіп тұр. Ал біздің еліміздегі ахуал 37 балға бағаланған екен. Transparensy International индексі бойынша да еліміз тура осындай нәтиже көрсетіп отыр.
Рейтингтің одан бұрынғы нәтижелеріне қарасақ, еліміздегі жағдай 4 жыл қатарынан бір сатыға жақсарып келген екен, ал биыл көрсеткіш қайтадан бір саты төмендеген.
Бұған дейін 2015-2018 жылдары жемқорлыққа қарсы стратегия да жүргізілді. Дегенмен оның нәтижесі қандай екенін ешқандай статистикаға сүйенбей-ақ айтуға болады.
Ал биыл ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасын және оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Стратегиялық мақсаттың бір тармағы ретінде Transparensy International сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде 2026 жылдың соңына қарай 47 ұпайға, 2030 жылға қарай 55 ұпайға жету межесі көзделіп отыр.
Ұрлық жайлаған салалар
Биыл мамырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қай салада жемқорлық деңгейі жоғары екені туралы мәлімет берген болатын.
Қылмыстардың ішінде ең көп таралғаны – бюджет қаражатын ұрлау. Ал жалпы бюджет шығыстарының көлемі бойынша мемлекеттік сатып алудың үлесі – шамамен 30 пайыз. Бұл еліміздегі ЖІӨ-нің шамамен 5 пайызы болады. Бюджет қаражатының мұндай айналымы мемлекеттік сатып алу жүйесін жемқорларды қызықтыратын басты объектіге айналдырып отыр деуге болады.
– 2020 жылдан 2022 жылғы бірінші тоқсанға дейін 418 қылмыстық іс аяқталып, олар бойынша 162 адам сотталды. Талдау көрсеткендей, аталған қылмыстардың 80 пайызға жуығы – бюджет қаражатын ұрлау, жалған орындалған жұмыс актілеріне қол қою және мемлекеттік сатып алу бойынша жеңімпазды анықтау кезіндегі пара алу фактілері. Олар негізінен құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет салаларында жүзеге асады, – деген еді агенттіктің ресми өкілі Ұлан Сарқұлов.
Мысал ретінде Жалаңтөс баһадүр ескерткішін салуға қаражатты аударғаны үшін 1 миллион теңге пара алған Қызылорда облысының мәдениет басқармасының басшысына қатысты сыбайлас жемқорлық ісін, 2021 жылы Атырауда Абай Құнанбаевтың ескерткішін жасау мен орнатуға келісімшарт жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінген Атырау облысы әкімінің орынбасарына қатысты істерді айтып өтуге болады.
Ал 2021 жылдың қорытындысы бойынша, жемқорлық жайлаған салалар ретінде ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалары сыбайлас жемқорлықтан қатты зардап шегетіні анықталған. Сонымен қатар жалпы басқа қылмыстардың ішінде параға қатысты қылмыстардың үлесі артқаны байқалыпты.
Егер 2015 жылы «пара беру» бабы (ҚК 367 – бабы) бойынша тіркелген фактілер барлық сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстың 10 пайызы болса, (2 733-тің 274-і), 2021 жылы бұл көрсеткіш жалпы қылмыстың үштен біріне жеткен (1 576-ның 564-і).
Яғни, былтыр 1 576 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліп, 1 280 адамның қылмысы әшкереленген. Олардың 159-ы әртүрлі деңгейдегі басшылар екен. Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ауыл шаруашылығындағы былыққа министрлік пен әкімдер жауап беруі керек екенін айтқан еді. Жемқорлық жайлаған салалардың ішінде ауыл шаруашылығы саласы бірінші айтылады.
Президент сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу құқық қорғау органдарының жұмысынсыз мүлде мүмкін емес екенін де айтқан еді. Дегенмен осыдан 2-3 жыл бұрынғы деректерге қарасақ, құқық қорғау органдарындағы жемқорлық деңгейі де көңіл көншітпейтінін байқауға болады.
– Бұл жерде ауыл шаруашылығындағы субсидияларға байланысты жемқорлық деректердің анықталғанын атап өтуге болады. Кейінгі бес жылда мемлекет аграрийлерді қолдау үшін 2 триллион теңге бөлді. Осы уақыт ішінде аталған салада 960 қылмыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батып отыр, – деді Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңесте.
Соның салдарынан мемлекет үлкен зиян шекті, жаз бойы халықты дүрліктірген азық-түлік тапшылығы мен қымбатшылықтың да себебі – осы жемқорлық. Мәселен, жайылымдарды суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жем-шөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті, кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ауыл тұрғындарына, жалпы халыққа не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі жауапты органдардың жауапсыздығынан болған. Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтыра қоймаған.
Жемқорлық жайлаған салалардың ішінде білім беру, жоғары білім беру салалары да бар. Қаншама уақыт бойы диплом басып шығарумен айналысқан жоғары оқу орындары туралы былтыр біраз мәселе көтерілді. Ал оған «Алтын белгі» мен ҰБТ-ның саудаға салынып келгенін қосыңыз. Енді жемқорлардан тәркіленген қаражаттың барлығын мектеп салуға жұмсау туралы ұсыныс айтылып отыр. Бастаманы қолдағандар көп. Себебі жыл өткен сайын мектептегі орын тапшылығы мәселесі өткірленіп барады.
Бастама несімен өзекті?
Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында орта білімнің ұлт болашағы үшін аса маңызды екенін айтып, балалардың оқуы және жан-жақты дамуы үшін лайықты жағдай жасалуы керегін назарға салды. Мектептегі орын тапшылығын ескерген Президент жемқорлардың заңсыз иемденген қаражатын түгелдей қаражат мектеп құрылысына жұмсалуы керек деген болатын.
Жалпы мектептің аздығы соңғы 1-2 жылда туындап отырған мәселе емес. Бұған дейін, тіпті 4-5 жыл бұрын да бұл проблема айтылып жүрді. Мәселен, сол кездегі Білім және ғылым, қазіргі Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов 2025 жылы мектептерде 500 мың балаға орын жетпей қалуы мүмкін екенін болжаған еді. Сол кездің өзінде тапшылық мәселесі тез арада шешіле қоймайтыны айтылған болатын. Ал жақында министр болжамын қайта жаңартты. Оның сөзінше, 2025 жылға қарай мектептерде миллион оқушыға орын жетіспеуі ықтимал. Ал қазір 260 мыңнан астам орын тапшы екен.
– 2025 жылға қарай бізде миллионға жуық оқушыға орын жетіспеуі мүмкін деген болжам бар. Мұндай жағдай туындамас үшін Президент мың мектеп, бір миллион орын салу міндетін қойды. Өткен жылы 277 мектеп салынды. Бір жылдың ішінде 277 мектеп әлі салынбаған, – деді министр. Ал биыл 225 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр екен.
Мектеп неге жеткіліксіз?
Жалпы, мектеп тапшылығының себебін қаузағанда ең алдымен демографиялық және миграциялық себептер айтылады. Яғни, халық санының өсуі және көші-қон мәселесі.
Ұлттық статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, 10 жыл ішінде табиғи өсім көрсеткіші, яғни нәрестелердің дүниеге келуі 2 миллион адамға өскен. Ал Білім министрлігі биыл 400 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайды деген болжам айтқан еді. Яғни, бұл – 2015-2016 жылы дүниеге келген балалар. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2015 жылы 398 458 бала дүниеге келген, ал келесі жылы дүниеге келген сәбилер саны – 400 694.
Қазір 5,6,7 жастағы балалар мектепке бірге барады, өйткені барлық балабақшада бұрынғыдай дайындық тобы жоқ. Осыған сүйеніп айтар болсақ, жауапты органның 400 мың бала деген болжамы аздау сияқты.
Былтыр естеріңізде болса, елімізде алғаш рет бірінші «Ы» сыныбы ашылғаны туралы жаңалық қоғамда қызу талқыланған еді. Балалар үш ауысым, тіпті төрт ауысымға дейін оқуға мәжбүр болып отыр. Мұны Ақтөбе қаласының тұрғыны Райгүл Шадаева да растайды, оның айтуынша, немерелері қала мектептерінде 4 ауысыммен оқуға мәжбүр екен.
– Немерелерім 2 және 4 ауысымда оқиды, біреуі бірінші сыныпқа биыл барды. Сағат кешкі 8-де төртінші ауысым аяқталады, – дейді ол.
2021 жылғы дерек бойынша, елімізде барлығы 7 481 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істеп тұр, оның ішінде ең көп мектеп (959 мектеп) Түркістан облысында, одан кейін Алматы облысында (793 мектеп), үшінші ШҚО-да 670 мектеп бар екен. Облыстардың өзгеруіне байланысты статистика жаңара жатар, дегенмен елдегі мектептердің басым көбі кеңес дәуірінде салынған, ескірген. Айта кету керек, елімізде тіпті 1920 жылы бой көтерген, саман кірпіштен салынған мектептер де жұмыс істеп тұр.
Мектептегі орын тапшылығы үлкен қалалар мен мегаполистерде өзекті. Әсіресе, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында мектеп жетіспейді. Яғни, мұны жаппай урбанизация процесі, халықтың мегаполистерге шоғырлануының салдары десек болады.
Мысалы, Түркістан облысында мәселені шешу үшін 200-ге жуық жаңа оқу орнын салу керек. Шымкентте 900 балаға арналған мектепте 4 000-ға жуық оқушы оқиды екен. Ресми деректерде еліміз бойынша үш ауысымда оқытатын 147 мектеп бар делінеді.
Оқу жылының қарсаңында бұл мәселе күн тәртібінде екені, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында оқушы орындарының тапшылығы жаңа мектептер салу, сондай-ақ оқу орнының негізгі ғимаратына қосымша құрылыстар салу арқылы ішінара шешілетіні айтылған болатын. 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында балаларды оқыту үшін қолайлы жағдайлар мен орта құру міндеті қойылғаны туралы министрлік арнайы жауап берген болатын.
Дегенмен мектеп тапшылығы әлі біраз уақыт бізді алаңдататын түрі бар. Оқу ордаларын салуға керек қаражат та қыруар екенін ескерсек, жемқорлардан тәркіленген қаражаттың осы мақсатқа жұмсалуы, әрине құптарлық іс.
Орта білімнің сапасы туралы өте көп мәселе көтеріп жүрміз. Олай болуы заңдылық та. Себебі орта білім – жалпы білімнің діңгегі, өзегі. Егер мектеп жетіспей, қажетті жағдай жасалмай жатса, білім сапасы туралы айтудың өзі артық болар еді. Осы тұста тағы бір мәселе туындайды. Қазір жекеменшік мектеп қоғамда жоғары сұранысқа ие болып келе жатқаны байқалады. Бірақ қалтаға да едәуір салмақ, екінің бірінің жеке мектепте баласын оқытуға мүмкіндігі жоқ, ашығын айтқанда. Мұндай мектептерде, әлбетте барлық жағдай жасалады, ең қажетті құрал-жабдықтың бәрі табылады. Білім сапасының әркелкілігі, жағдайдың әртүрлілігі сияқты мәселелер одан әрі тереңдеп бара жатқандай.
Аятжан АХМЕТЖАН,
Нұр-Сұлтан қаласындағы №90-гимназия директоры:
Мектептің қандай ақшаға емес, қалай, қашан салынуы маңызды
– Жалпы, орын тапшылығы екі түрлі нәрсенің, ең алдымен жоспарлаудың қателігі. Өйткені бала туғаннан кейін мектепке барғанға дейін 7 жыл уақыт өтеді, бұл уақыт мектеп мәселесін толыққанды шешуге жеткілікті уақыт деп ойлаймын. Кемінде 6 жыл дейік. Мәселен, 2022 жылы дүниеге келген бала
28 жылы мектепке баратын болса, ол жылы қанша балаға мектеп керек оны есептеп алуға болады.
Екінші ішкі-сыртқы миграция процесі өте бейберекет жүріп жатыр, қалаларға, соның ішінде санаулы қалаларға шоғырлану мәселесі үлкен проблема тудырып отыр.
Негізі, әкімдіктер болсын, министрліктер болсын ұзақмерзімді тірлік емес, күндік, жылдық жоспармен жүреді. «Ол кезде мен әкім болмаймын, оны сол кезде өздері шешіп алар» деген көзқарас бар. Сондықтан да мектеп мәселесі бізде 30 жылдан бері жолға қойылмай отыр.
Жемқорлардан тәркіленген қаражатты мектеп салуға жұмсау туралы айтылып жатыр. Дегенмен мектепті қандай ақшаға салу маңызды емес, қалай салынуы, қашан салынуы маңызды. Жемқорлардан биыл осынша ақша түсті, соған биыл осынша мектеп саламыз деп жоспарды өзгертіп отыра алмайтынымыз тағы бар. Ал қай жылы қанша ақша түсетіні де беймәлім, жоспарланбайтын дүние.
Жалпы, бұл мәселеге нақты көңіл бөлінсе, шешу түк те қиын емес, ол үшін жоспарлау мен іске асыру мәселесін қатар үйлестіру де жеткілікті. Қазір мемлекеттік сектор мен жеке секторды мектеп салуға жұмылдырып жатыр ғой. Мұның енді оң да, теріс те жағы бар. Жекеменшік мектептердің бақылануы белгілі бір деңгейде мемлекетте болуы керек. Өйткені мектеп жеке болса да, бала халықтан бөлінбеуі керек. Бұл мәселе ойландырғаны жөн деп есептеймін. Ішкі миграцияны да реттеп, мегаполистерді ғана көркейте бермей, моноқалаларға да көңіл бөлінсе, сол жақтағы мектептердің сапасы назарға алынса деген де тілек бар.