4 жастағы баласынан айырылған ана әділдік іздейді
4 жастағы баласынан айырылған ана әділдік іздейді
Бауыр еті баласынан айырылған алматылық ана әділдік іздейді деп хабарлады turkystan.kz Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
4 ай бұрын шұңқырға құлап мерт болған 4 жастағы бүлдіршіннің өліміне кінәлілер жазасыз қалуы мүмкін деп алаңдаулы. Оның айтуынша, оқыс оқиғадан бері біраз уақыт өтсе де құзырлы орган тарапынан мардымды жауап берілмей келген.
«Рамазан ұйқысынан тұра салып, қарындасын сүйіп, еркелетіп, сондай бір мейірімді бала еді. Жанымда жүретін. Рамазан өмірге келгеннен бастап 9 мамырға дейін жанымнан қалдырып көрмеппін», – деді марқұмның анасы Әйгерім Ошақбаева.
Әйгерім Ошақбаева сол күні, оқыс оқиғаға дейін екі баласымен аулада отырған. Кейін кенжесінің жөргегін ауыстырмақ болып үйге кірген екен. Ал аулада ойнап жүрген 4 жастағы Рамазан қас пен көздің арасында із-түзсіз жоғалып кеткен.
«Айналада жоқ. Содан сыртқа шығып, дүкен мен ойын алаңын іздеп шықтық. Оны үй артындағы қазылған шұңқырға кетеді деп мың ұйықтасам да түсіме, ойыма кірмепті. Айналып таппаған соң, сол жаққа барған кезде баламның су бетінде қалқып жатқанын өз көзіммен көрдім», – деді марқұмның анасы Әйгерім Ошақбаева.
Тұңғышының су бетінде қалқып жатқанын көрген ананың шырылдаған дауысына маңдағы жұрт жиналып, бүлдіршінді алып шығуға тырысқан. Әйгерімнің айтуынша, сол кезде төменге түскен ересек адамдардың өзіне шұңқырдан шығу оңай болмапты. Ал аумақ болса жөнді қоршалмай, қараусыз жатқан көрінеді.
Өлімге себеп болған су толы шұңқыр бүгінде көмілу жатыр. Одан бөлек, аумаққа жауапты мердігерлер қара жамылған отбасына келіп, қаржылай көмек көрсететінін айтқан.
«Олар келгенімен, кешірім сұрағанымен, моральдық шығын өтегенімен балам орнына келе ме?! Балам қайта ма?! Мен осы қиындықпен өмірімнің соңына дейін өмір сүремін», – деді марқұмның анасы Әйгерім Ошақбаева.
Оқиға болған күннен бастап өзін жегідей жеген ананың бар талабы – кінәлілердің жазасыз қалмауы. Оның айтуынша, 4 айдан бері полиция да, прокуратура да үнсіз отыр. Тіпті осы аралықта олардан «жәбірленуші» ретінде жауап та алынбапты. Сондықтан бұл отбасы заңгерге жүгініп отыр.
«Баланың ата-анасы бұл істе «жәбірленуші» ретінде қарастырылып жатқан жоқ. Ол былай тұрсын, қылмыстық іске қатысты күдіктілер де анықталмаған. Мен адвокат ретінде бір шикілік бар дер едім. Жұмыстың осыншама уақытқа созылуы істі жылы жабудың амалы секілді», – деді адвокат Анна Туловская.
Ал Полиция департаменті тергеу жұмысының әлі де жүріп жатқанын және «Тау-кен немесе құрылыс жұмысын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
«Кінәлі адамдар міндетті түрде заң шеңберінде жазасын алады. Бұл істің тергелу барысы Алматы қалалық Полиция департаментінің басшылығы және Алатау аудандық прокуратурасының жіті назарында», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Қарапайым қауіпсіздік ережесінің сақталмауынан бүтін бір отбасының қабырғасы қайысты. Ұлының суреттерін қарап, көз жасын көл қылғаннан басқа ананың амалы жоқ.