Жаңалықтар

МИБ-қа өтуге кедергі келтіріп отырған жайттар анықталды

ашық дереккөзі

МИБ-қа өтуге кедергі келтіріп отырған жайттар анықталды

«AMANAT» партиялық бақылау комитетінің кезекті отырысында пәтер иелері кооперативтерін (ПИК) тарату және мүлік иелері бірлестіктерін (МИБ) құру мәселелері талқыланды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Тимур Қарағойшиннің айтуынша, 42 мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үй кондоминиумды басқарудың жаңа нысанына көшті.  «Республика бойынша шамамен 90%-ы көшіп үлгерді, алайда өзара есеп айырысу, материалдық құралдарды беру қиын жүріп жатыр. Барлық ПИК-тердің жартысына жуығы қаржыны бергілері келмейді, бұл қарсылық әлі де жалғасуда. Жақында біз тұрғын үй-коммуналдық сала бойынша тұжырымдама қабылдадық. Мәжілісмен Альберт Раудың бастамасымен заңнамаға 97 өзгеріс енгізілуде. Сондай-ақ, «Е – Шаңырақ» ақпараттық жүйесін міндетті етуді ұсынамыз. Ол тұрғын үй қатынастары нарығына қатысушыларды тәртіпке келтіріп, МИБ-қа бірқалыпты өтуге қолайлы жағдай жасайды», - деді ол. «iQamal» қауымдастығының президенті Гүлвира Әбетованың пікірінше, әрбір нақты тұрғын үй кешенінің МИБ-ін тікелей құрудан бөлек, үйді басқарудың бұрынғы нысаны – ПИК-тің жойылуы маңызды. «Республикалық бюджеттен бөлінетін қаражаттың ТКШ-ның жұмыс істемейтін квазимемлекеттік секторына берілуін тоқтату керек, ол өзінің тиімсіздігін дәлелдеді. МИБ-тер құрылған нысандарда ПИК-ті жою пайызы нөлге тең! Заң жүзінде мекенжай бойынша басқарудың екі түрі: ПИК те, МИБ та жұмыс істейді. Ал ПИК жұмыс істеп тұрған кезде, сотқа жүгінуге құқылы, бұл МИБ-тың жұмысына кедергі келтіреді. Нәтижесінде тұрғындар зардап шегеді», - деді ол. ТКШ реформасындағы тағы бір маңызды мәселе - үйді ұстау тарифіне қатысты. Сарапшы бұл тарифті шығындардың алдын ала сметасын жасамай тұрып бекітеді деп санайды. «Тарифтердің қайдан алынатыны белгісіз. Ол туралы бірлестік тіркелгеннен кейін ғана талқыланады. Тұрғын үйді ПИК-тен МИБ-қа беру рәсіміне энергетик пен инженер-құрылысшы сияқты мамандар қатыспайды. Көбінесе МИБ-тар үйді алып, содан кейін ғана ғимараттың қандай күйде екеніне көз жеткізеді, ал иелері мұның бәрін өз қаражатынан қалпына келтіруге келіспейді. Негізгі мәселе – қасбет, шатыр және инженерлік жүйелерде», - дейді Гүлвира Әбетова.