Жаңалықтар

Ұмыт бола бастаған 6 салт-дәстүр

ашық дереккөзі

Ұмыт бола бастаған 6 салт-дәстүр

Дәстүр – ұлттың айнасы. Содан да болар, халқымыз ежелден салт-дәстүрін берік ұстанып, ырым-тыйым мен жол-жоралғыларды жетік білген, кәдесіне жаратқан. Әйтсе де бүгінде халық арасында кейбір салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрпымыз ұмыт болып барады. Ел өмірімен біте қайнасып келе жатқан салт-жоралғыларымызды игі мақсаттарда қолдану, ұмыт қалғандарын қайта жаңғырту, халық арасында дәріптеу - әрбір қазақтың парызы. Осы ретте Turkystan.kz ұмытылып бара жатқан бірнеше салт-дәстүрді назарларыңызға ұсынады.  Асату. Бұл - дәстүрлі ас-тағам мәдениетінде жолы үлкен адамның жасы кішілерге табақтағы еттің сыбағалы мүшесінен дәм таттыру арқылы өзінің ілтипатын білдіретін рәсім. Ет жеп болған соң, қонақтың жасы үлкені сый табақтан уысын толтыра ет алып, басқаларға қолымен асатады. Кішілер қалыптасқан әдет бойынша асату рәсімінен бас тартпайды. Етті жеп болған соң «құлдық» деп асатқан адамға алғыс айтады. Ал келіндерге «асатқаным» деп, үлкен табақтан ене-абысындарының бірі сыбағасын береді. Келін жілік ұсынған (асатқан) адамға орнынан тұрып, сәлем салады. Ет желініп болған соң табақтағы еттен қарттар жас балаларға, өзінің атқосшы немесе жолсеріктеріне асатады. Бұрындары ауыл балалары ет асаймыз деп қонақ келген үйдің қасында жүретін болған. Босаға майлау. Жастар шаңырақ көтергенде немесе жаңа үйге кіргенде ағайын-туыстары, жақын-жуықтары келіп жаңа үйдің босағасына май жағады. Бұл осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ұғымды білдіреді. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері кәде береді. Көктемде бірінші шайқаған майды отбасындағылар ауыз тимей тұрып, есік жақтауын, табалдырықты, киіз үйдің ас-су сақталатын жақ босағасындағы киізді майлау ырымы да бар. Аунату. Қазақтар үйіне келіп қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын аунатып алатын болған. Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенінде халық, туған-туыстары, дос-жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Шыңғыс Айтматов үйіне Мұхтар Әуезов келгенде, ол отырған орындыққа ұлын аунатып алған көрінеді.  Ақсарбас атау. Қауіп-қатерге ұшырағанда «А, Құдайым оңдасын! Мені осы қиындықтан құтқара гөр! Ақсарбас!» деп айтатын болған. Мұндай жағдайда «Ақсарбас!» деп үш рет айқайлаған. Сосын қауіп-қатерден аман қалғанында әлгі адам ауыл аймағын шақырып құдайы ас берген. Ақсарбасқа шалынатын малдар: бозқасқа (қой), көкқасқа (жылқы), қызыл-қасқа (сиыр). Адам ақсарбас атағанда қай малын айтса, соны құдайыға сойғаны жөн.        Жылу жинау. Бір бақытсыздыққа ұшырағанында, үй-мүлкі, малынан айырылғанында ауыл тұрғындары, көрші-көлемі, туған-туыстары мал, дүние, ақшалай көмек көрсетеді. Мұны олардың ортасынан бір адам ұйымдастырады. Бұл жәрдем-жылу жинау деп аталады. Арам жолмен шығынға ұшырағандарға жылу жиналмайды. Олар: дүние-мүлкін қартаға салып ұтқызып жібергендер, зинақорлыққа салғандар, ішіп құртқандар, қоғамның, мемлекеттің дүние-мүлкін жеп қойғандар. Қазан шегелеу. Ағайын-туыс немесе әзіл-қалжыңы жарасқан дос-жарандар бір-бірінің үйіне топтаса барып: «Осы үйдің қазанын шегелей келдік» дейді. Үй иесі әзілмен жауап қатып: «Жақсы болды ғой, қазан шегелегіш шебер іздеп отыр едік» деп қонақжайлық танытып, оларға арнап қазан көтереді. «Қазан шегелеу» қыс ортасы ауып, күн ұзарған уақытта басталады.

                                                                  Дереккөз С. Кенжеахметұлы «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітабынан алынды.