Жаңалықтар

Мәжілістегі «AMANAT» фракциясы Астана атауын қайтару туралы бастаманы қолдады

ашық дереккөзі

Мәжілістегі «AMANAT» фракциясы Астана атауын қайтару туралы бастаманы қолдады

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов кеше фракция жиынын өткізді. Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттары да шақырылды. Жиынға қатысушылар алдағы сайлауда қайта сайлау құқығынсыз жеті жылдық президенттік мерзімді енгізу және елордаға Астана атауын қайтару туралы бастаманы қолдады. Депутаттар осы реформалардың прогрессивті екенін және олардың әділетті Қазақстан құру бағытына толық сәйкес келетінін атап өтті. Отырысты ашқан Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Конституциялық Кеңестің қарауына ұсынған 7 жылдық мерзімді енгізу және елорданың атын өзгерту жөніндегі мәселелер Мәжілістегі барлық фракция депутаттарының ұсынысы екеніне назар аударды.   Депутат Юрий Жулин президенттіктің бір мерзімі туралы норма Қазақстанда саясаткерлердің жаңа буыны пайда болуына ықпал ететінін және тұрғындардың елорданың атын өзгертуден үлкен үміт күтетінін айтты. «Депутаттардың елордаға бұрынғы атауын қайтару туралы бастамасы ең әуелі көптеген азаматтың өтінішіне негізделіп отыр. Біз бүгін халықтың үніне құлақ асып, Президентті қолдап, қоғамның күш-жігерін ілгері басу үшін жұмылдыруымыз керек», – деді Юрий Жулин. Өз кезегінде, депутат Вера Ким Қазақстан 7 жылдық президенттік мерзімді енгізетін әлемдегі жалғыз ел емес екеніне назар аударды. «Әлемде Президентті бір рет сайлау тәжірибесі жүз жылдан астам уақыт бойы жалғасып келе жатқан елдер бар. Мысалы, Израиль (7 жыл), Армения (7 жыл), Мексика (6 жыл), Оңтүстік Корея (5 жыл) елдерінде осындай тәжірибені кездестіруге болады. Францияда да бір реттік 7 жылдық президенттік мерзімді енгізу мүмкіндігі талқыланып жатыр. Бұл тенденция әлемде кең таралып қана қоймай, қанат жайып келеді деген сөз», –   деді депутат. Фракция отырысын қорытындылаған Ерлан Қошанов депутаттарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді. Реформалардың мәні мен маңызын барлық қазақстандыққа жеткізу қажет екенін атап өтті. Ол үшін әлеуметтік желілердің, БАҚ-тың мүмкіндіктерін барынша пайдалану және халықпен белсене кездесу керектігіне назар аударды.