Апаттан зардап шеккен шахандықтарға пәтер беріледі

Апаттан зардап шеккен шахандықтарға пәтер беріледі

Апаттан зардап шеккен шахандықтарға пәтер беріледі
ашық дереккөзі

Қарағанды облысы, Шахтинск қаласы, Шахан ауылында болған апаттан зардап шеккендер демеушілердің есебінен баспана ала алады. Бұл туралы ауыл әкімдігіне сілтеме жасап Tengrinews.kz хабарлады.

"Жерлеу рәсімі өткізіледі. Олар қалаған пәтерлерін өздері табатын болады. Сосын біз оларға сол пәтердің ақшасын төлеп береміз. 2-3 адам келіп кетті. Жақын арада сараптама қорытындылары шығады. Бүгін қайта жөндеу жұмыстары басталды. Біз оларға пәтер әпереміз. Олардың жеке меншігі болады. Қаражат бюджеттен бөлінбейді, демеушілік көмек көрсетіледі. Шот ашылды. Пәтерлер сатып алынатын болады", - деді Шахан ауылының әкімі Марат Жақыпов.

Еске сала кетейік, 1 қаңтарда Шахтинск қаласындағы Шахан ауылында кешкі уақытта тұрғын үйдің бір бөлігі опырылып, 9 адам қаза тапқан болатын. Олардың үшеуі ер адам, үшеуі әйел, тағы үшеуі балалар.

Бұған  дейін Шахан ауылында үйдің құлауынан қаза тапқандардың отбасына миллион теңгеден бөлінетіні хабарланды. "Әкімдік қаза тапқан әр адам үшін миллион теңгеден және 500 мың теңге ауруханада жатқан зардап шеккендерге бөледі. Сонымен қатар әкімдік қаза болғандарды жерлеу рәсімін және еске алуды өз мойнына алады", - деген еді облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіндегілер. Апат кезінде көз жұмғандар кеше жер қойнына тапсырылды.