Дүйсенбі, 28 Қараша, 2022

Шығыс Қазақстанда шөп бағасы шарықтап барады

ШҚО Зайсан ауданында бір орама шөп 15 мың теңге. Кей тұрғындар қолма-қол қаржыға да жем-шөп таппай отыр деп хабарлады turkystan.kz «Қазақстан» ұлттық телеарнасына сілтеме жасап.

Тарбағатай тауының етегін қоныстанған ауылдардың малы  кең жазықта қарақорым болып жататын. Биыл ауыл маңындағы жайылымдық  жер мүлде көктемей қалған.

«Сатайық десек, малымыз өтпей жатыр. Шөпті Кеңсай ауылы мен арғы жағындағы Сартеректен тасимыз. Мына жайылымды көріп тұрсыздар. Бұл енді қазан айына жете ме, жетпей ме, білмейміз енді. Егер биыл қыс ұзаққа созылып кететін болса, малымыздың қырылатын түрі бар», – дейді ауыл тұрғыны Серік Қартаев.

Шаруашылық жетекшісі Айбол Лекеровтың айтуынша, бір орама шөптің бағасы 15 мыңға дейін жетеді.

«Енді қазір бір руллон шөп КамАЗ-ға жеткізгенде 14-15 мың теңге. Оның үстіне жайылым мынадай болған соң, малымыз қоңсыз. Алушы келгенмен көреді де, кетіп қалады. Біз күнкөрісімізден айрылғалы тұрмыз», – деді Айбол Лекеров.

Шілікті округіне қарасты 4 ауылдың түлігі жыл он екі ай негізінен жайылымда. Жер де жеткілікті.

Шілікті ауылдық округінде 128 мың гектар жер болса, оның 5 мың гектары егістік алқап. Биыл ерте көктемнен бері бұл өңірде бір тамшы жауын жаумағындықтан қазір егістіктің де, жайылымның да шаңы шығып жатыр. Биыл қылтанақ та жоқ.

Қуаңшылық кесірінен қазір қолма-қол қаржыға жем-шөп табу қиын. Табылса да бағасы бас бермей тұр.

«Зайсаннан әкелдік, міне, жаңа ғана. 150 мың теңгеге. Енді бесеу алам, 150 мыңнан есептеңіз, 800 мың теңге кетеді», – дейді ауыл тұрғыны Асхат Әбдікәрімов.

Тек Шілікті ауылының өзінде ірілі-ұсақты 35 мыңнан астам мал бар. Төрт-түлікті қыстан аман алып шығу Зайсан ауданы әкімдігіне де үлкен сын болғалы тұр.

«Аудандағы шаруа қожалықтарына, Шілікті ауылына көмек ретінде қыркүйек айының 16-17-сі күндері шөп апарып, аз қамтылғандарға жәрмеңке өткізбекшіміз. Жалпы, Шілікті ауылдық округін сол шөппен үнемі қамтамасыз етіп отыруға жұмысты жалғастырып отырамыз», – деді Зайсан аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сабыр Әндірбаев.

Биыл шабындықтың түсімі өткен жылдардағыдан 40 пайызға аз. Бұл қуаңшылыққа ұшыраған ауылдар үшін жығылғанға жұдырық болып тұр. Аудандағы 250 мың бас малды қыстан аман алып шығу үшін 165 мың тонна шөп, 3 мың тонна жем қажет. Бүгінге дейін оның жартысы ғана дайындалған. Ал қыс болса, қыр астында.

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button