Жаңалықтар

Әуезов «Абай әндері» фильміне Әмина Өмірзақованы неге лайық көрмеген?

ашық дереккөзі

Әуезов «Абай әндері» фильміне Әмина Өмірзақованы неге лайық көрмеген?

1945 жылы Г.Л.Рошаль Алматыда «Абай әндері» киносының түсірілім жұмыстарын жүргізген. Сол кезде киностудияда монтаждаушы болып жұмыс істеп жүрген Әмина Өмірзақованың осы киноға түсуінің өзі қызық болған. «Ол түні бойы көз ілмей салқын бөлмеде таспаларды кесу, желімдеумен айналысып жүрді. Бір күні Әмина шеберханада «Абай әндері» фильміне басты рөлге орындаушы іздеп жүрген белгілі режиссер Григорий Рошальдің көзіне түседі.  Ол Әминаны киноға түсіп көруге шақырды. Үміткерлер көп болып, Әмина тізімде он үшінші орында болды. Үміткерлер арасында актриса Шара Жиенқұлова, Нұрсұлу Табаловалар да болған. Фильмнің сценарийсті Мұхтар Әуезов «Тәмпіш Ажар?  Ол бұл рөлге жарамсыз»  деп жаратпай қояды. Сонда Рошаль  «Біздің гримшілер кез келген гримді жасай алады. Ал сіздер бұл қыздың көзіне қараңыздар! Онда қаншама мәнер, тереңдік пен әдемілік тұнып тұр» деп байыппен жауап берген.  Сонымен көркемдік кеңес Әминаны басты рөлге тағайындайды», - деп жазылған Пушкин атындағы ШҚО кітапханасы ұсынған деректерде. Осылайша, Ә. Өмірзақова алғаш рет киноға түседі. «Маған мұрынды арнайы гумус  деген заттан жасады. Ал сөйлеуге камера түсірген кезде ғана рұқсат етілді. Басқа уақытта мен үндемей отыратынмын, сондай-ақ, мұрынға сызат түсірмеу үшін күні бойы ас ішпейтінмін», - деп еске алған Әмина Өмірзақов осы оқиға жайлы естеліктерінің бірінде. Оның осы рөлінен кейін кино әлеміндегі жұлдызды сәті басталған.