Жаңалықтар

40 күндік «Ауыл аманаты» ақпараттық марафон аяқталды

ашық дереккөзі

40 күндік «Ауыл аманаты» ақпараттық марафон аяқталды

«AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауқымды ақпараттық марафон аяқталды. Басты мақсат – ауыл тұрғындарына табысын, әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға көмектесу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашатынын атап өткен болатын. «Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет», – деп атап өтті Президент. «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесі хатшылығының басшысы Нұркен Шарбиевтің айтуынша, ел тұрғындарының табысын арттыру мәселесін шешу «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі болып саналады. «Жылыжай шаруашылығым бар. Онда қияр, қызанақ және тағы басқаны өсіреміз. Алайда биыл құрғақшылық болды. Жаңбыр жауған жоқ. Бақшаны ауыз сумен суарамыз. Су жинап жатқан кезде ауыл тұрғындары сусыз қалады. Жылыжайға үнемі күтім қажет болғандықтан, кейде тіпті ішерге су таппай қаламыз. Былтыр 520 мың теңгені құрайтын грант ұтып, сол қаражатқа тамшылатып суару таспасын сатып алдым. Кейін шағын консервілі цех ашу идеясы пайда болып, тағы да грант ұттым. Арнайы бизнес-жоспар құрдым. Алайда қайда барып, кімнен не сұрау керектігін білмейсің. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы кәсібімді әрі қарай дамыта аламын деп ойлаймын», – деді ол. Партиялықтар атап өткендей, 2019 жылдан бастап табысты арттыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан Жамбыл облысының оң тәжірибесі ауыл тұрғындарын бағдарламаға қатысуға ынталандыруы тиіс. Мәселен, осы өңірге республикалық бюджеттен 7,2 млрд теңге бөлінді. Жобаға қатысуға 11 ауылдық округ іріктелді. Осылайша, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 3 есеге қысқарып, аталған ауылдарда орташа айлық табыс мөлшері 1,7 есеге ұлғайды. Жұмыссыздар саны 36%-ға азайды. Микрокредиттер бойынша, 60 күннен астам мерзімі өткен төлемдер болмады.