Отандық 10 үздік мультфильм

Отандық 10 үздік мультфильм

Отандық 10 үздік мультфильм
ашық дереккөзі
Turkystan.kz ТОП-10 отандық анимациялық фильмдер тізімін ұсынады. «Мұзбалақ» отбасылық фэнтезиі Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен 2018 жылы көрермендерге жол тартқан «Мұзбалақ» екі бірдей фестивальде жүлдегер атанған. Отандық туындының режиссерлері – Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы. Ұзақтығы 65 минутты құрайтын мультфильм 2D және 3D форматында жасалып, әр секундында 24-25 кадр сурет салынған. Ерте заманда қара ниетті Шегірдің кесірінен жер астындағы әбжылан оянып, жер бетіне шығады. Әбжылан қазақ ауылын отқа орап, қарсы келгенді жалмап, ел ішіне үрей туғызады. Сол сәтте балапанына қауіп төнгенін сезген ана бүркіт әбжыланмен айқасып, оны жер астындағы мекеніне қайта қуады. Жеңілген әбжылан ұясына жасырынып, өз уақытын күтеді, ал бүркіт отқа оранған ұядан балапанын алып, алысқа ұшып кетеді. Уақыт өте жылан қайтадан өз үңгірінен шығады. «Өсиет» отбасылық мультфильмі Анимациялық туынды 10 бөлімнен тұрады. Бұл туынды ақын әрі батыр Махамбет Өтемісұлының өмірінен сыр шертеді. «Oqsyz oqigasy» мультфильмі Фильмде әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидің балалық шағы, білім жолындағы алғашқы қадамы, жаңашылдыққа ұмтылысы көрсетілген. Тарихи деректерге қарағанда, әл-Фараби қазіргі Отырар ауданы аумағындағы Оқсыз қалашығында дүниеге келген.  Сондықтан фильмнің аты да «Оқсыз оқиғасы» деп қойылған. Ұзақтығы – 25 минут. 3D форматта әзірленген. Режиссері – Нуриддин Паттеев. «Күлтегін» толықметражды анимациялық фильмі Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша 2018 жылы түсірілген толықметражды анимациялық фильмінің ұзақтығы – 60 минут. Режиссері – Адай Әбілда. «Күлтегін» толықметражды анимациялық фильмінде ұлы түрік мемлекетіне ыдырау қаупі төнгені көрсетіледі. Түркілердің бірлігін сақтап қалған Ұлы Елтеріс қаған жаңа мемлекетті құруды көздеген сатқындардың қолынан мерт болады. Тақтың мұрагері Елтерістің ұлы 12 жасар Күлтегін қашып құтылады. Өзінің туған жеріне оралу үшін ол көптеген қиындықты басынан өткізеді. Бұл жолда оған түркілердің жебеушісі Көк Бөрі мен туған бауыры Білге көмекке келеді. Басы біріккен олар жауды жеңіп, түркі жұртын құтқарып қалады. Осылайша Білге қағанды таққа отырғызған Күлтегін түркі мемлекетінің әскери қолбасшысы атанады. «Аңшы» қысқаметражды мультфильмі «Аңшы» – Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясы студенттерінің дипломдық жұмысы ретінде жасалған мультфильм. Туынды «Astana film» жастар киностудиясына тиесілі. Режиссері – Адай Әбілдинов. 2010 жы­лы түсіріліп, Ресей мен Украина бірігіп өткізетін «КРОК» фестивалінде майталман анима­торлардың оң бағасын алған. 2012 жылы жарыққа шықты. Ұзақтығы – 15 минут. Фильмде басты кейіпкер аңшы бүкіл ауылдың негізгі асыраушысы ретінде сипатталады. Барлығы оған тәнті болып, оның аңшылықтан қайтуын асыға күтеді. Ақсақалдардың қуанышына, көптің асыраушысына айналған аңшы фильмде табиғаттың қаһарына ұшырайды. «Білімқұмар Бейбарыс» танымдық роликтер жиынтығы «Білімқұмар Бейбарыс» – қазақ жазушыларының (Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Халел Досмұхамедұлы, т.б.) балаларға арнап жазған шығармаларының негізінде дайындалатын анимациялық роликтер (+4 жас) жиынтығы. Туындыда дүниетануға қатысты сұрақтардың (Бұлт дегеніміз не?, Жел қайдан шығады?, Теңіз суы неге ащы?) жауаптары балалар тілімен түсіндіріледі. «Толағай» ертегісі «Толағай» 2020 жылы Әбділдә Тәжібаевтың поэмасының желісі бойынша 3D форматында жарыққа шыққан. Ұзақтығы – 13 минут. Режиссері – Батырхан Дәуренбеков. Аңыз бойынша Саржан аңшының отбасында ерекше ұл дүниеге келеді. Қуанған әке-шеше дүбірлетіп той өткізіп, балаға Толағай деп ат қояды. Бала ай санап емес, күн санап өседі. Ауылдағы балалардан, тіпті ересектерден де ептілігімен, мықтылығымен ерекшеленіп, айғырды иығына оңай көтере алатын күшке ие болады. «Ер Төстік пен Айдаһар» толықметражды анимациялық фильмі  «Ер Төстік және Айдаһар» – қазақстандық тұңғыш 3D форматтағы толық метражды анимациялық фильм. Жакен Даненова пен Рустам Тұралиевтің режиссерлігімен түсірілген отандық туындының 2013 жылы 21 наурызда тұсауы кесілді. Ұзақтығы – 1 сағат 30 минут. Әр қазақ баласы оқып өскен бұл ертегінің анимациялық нұсқасы да сәтті шыққан. Бұған дейін шетелдік анимациялық фильмдерді көріп келген жас ұрпақ аталмыш туынды арқылы қазақ ертегілерінің көне кейіпкерлерімен қауышып, халқымыздың рухани әлемінен нәр ала бастады. Анимациялық фильмде оқиға желісі бойынша Төстіктің таңғажайып ерліктері суреттеледі. «Отырар» дастаны Мұхтар Шахановтың шығармасы негізінде түсірілген қысқаметражды анимациялық фильм. Режиссері – Батырхан Дәуренбеков. Ұзақтығы – 8 минут. «Қошқар мен теке» 2009 жылы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен «Сақ Жебе» студиясы бірігіп жасаған. Режиссері – Батырхан Дауренбеков. 2014 жылы жалғасы ретінде  «Қошқар мен Теке 2» шықты. Ұзақтығы – 16 минут. Қошқар мен Теке бақыт іздеп, сапарға шығады. Жаңа өмірдің еркіндігі мен бейтаныс орта қызыққа толы болғанымен, бас кейіпкерлер түрлі шытырман оқиғаға тап болады. Бұл сапарда Қошқар мен Теке нағыз бақыт не екенін түсінеді.