Жаңалықтар

Ұлттық аспаптары Америка асқан Амандық

ашық дереккөзі

Ұлттық аспаптары Америка асқан Амандық

Амандық Жасұланұлы – бабадан қалған төл өнеріміздің мерейін өсіріп отырған жас кәсіпкер. Бүгінде ол Алматыдан қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын жасайтын дүкен ашып,  он саусағынан өнер тамған шеберлерді жұмысқа алған. Басты мақсат – ұлттық өнерді серік еткен жандарға сапалы дүние ұсыну. Бүгінде оның шеберханасында жасалған дүниелерді елімізде ғана емес, шетелдегі қандастарымыз да тапсырыспен алдырады. Шеберханада үрмелі аспаптарды қоспағанда, қобыз, домбыра, жетіген, қылқобыз, асатаяқ жасалады. Бір қуантарлығы, қазір ұлттық аспаптарға сұраныс көп. Әсіресе, домбыраға. 23 жастағы кәсіпкер оқушыларына сапалы домбыра іздеп жүріп біраз қиналғаннан кейін дүкен ашуға бел буғанын айтады. «Аспаптың сапасына мән береміз. Әзірге шеберханамда үш шебер жұмыс істейді. Басқа да жұмысшыларды, шеберлерді жұмысқа алудамын. Еліміздің барлық қаласына жеткіземіз. Осы жылдан бастап шетелге жіберіп жатырмыз. Жақында ұлттық аспаптарды Канада, Америка, Беларусь, Жапония елдеріне жөнелттік. Домбыраны шетелдегі қандастарымыз көп алады. Сыйлыққа береді, өздері үйреніп жүргендері де бар. Негізінен 20 жас пен 40 жас аралығындағы кісілер алады. Кейбіреулердің бала кезден домбыра үйрену арманы болған. Бірақ кейін ұмыт қалған. Енді сол арманын орындап жатыр», – дейді кәсіпкер. Домбыраны арнайы тапсырыс беріп жасататындар да бар. Олар қандай ағаштан жасау керегін, қандай дизайн ұнайтынын өзі айтады. Тіпті, кейбіреулер атын жазып қойғанды қалайды. Сыйлыққа беретін болса, тілегін жазады. Негізі, аспап жасағанда шебер мен домбырашының арасында байланыс болғаны маңызды. Дүкенде жұмыс істейтін шебер Нұрғанат Амангелдіұлы мұны жақсы біледі. «Баланың дене бітімі кішкентай болса, қолы үлкен домбыраға жетпейді. Мұғалім болғаннан кейін байқаймыз, кішкентай балалар үлкен домбыра алып келеді. Осыдан қиналып жатады. Ал балаларға арнайы жасалған домбыраны қолына берсек, еркін ойнайды. Сондықтан аспап жасағанда балалардың жас ерекшелігін ескереміз. Мысалы, 6 жас пен 10 жасқа жобалап 44-ші өлшем береміз. Мойны – 44 см, жұқа болады. Жасөспірімдерге (14 жасқа дейін) 46-ші өлшемдегі домбыралар сай келеді. Ары қарай стандарт жүреді. Бала өскен сайын қолына ыңғайлысын ауыстырып отыру керек. Осы салада жүрген соң байқаймын, мектеп оқушыларының өнерге, ұлттық аспапқа деген қызығушылығы артып келе жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар бар. Мектеп қабырғасында да үйірмелер ашылып жатыр. Бізде балаларға арналған домбыра көп өтеді», – дейді кәсіпкер Амандық Жасұланұлы. Бізді қуантатыны да осы еді. Жас ұрпақтың ұлттық өнермен сусындап өсуіне септігін тигізіп жүрген жас кәсіпкердің қолынан шыққан домбыралар қазақ әні мен күйін әлемге әуелете бергей.