Бірқатар өңірде жаңбыр жауып, үсік жүруі мүмкін
Бірқатар өңірде жаңбыр жауып, үсік жүруі мүмкін
Қазгидромет синоптиктері 13 қыркүйекке арналған ауа райы болжамын жариялады деп хабарлады turkystan.kz.
«Қазақстанның солтүстігі, солтүстік-батысы, шығысы мен оңтүстік-шығысы әлі де циклондық атмосфералық фронттардың ықпалында болатындықтан, солтүстік-батыста, батыста найзағай ойнап, жаңбыр жауады, түнде солтүстікте, шығыстың таулы аудандарында, оңтүстік-шығыста жауын-шашын (жаңбыр, сулы қар) болады. Республика бойынша жел күші 15-23 м/с, күндіз батыста шаңды дауыл болады. ҚР солтүстігінде, солтүстік-батысында, орталығында – түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін», - делінген «Қазгидромет» хабарламасында.
Қызылорда, Түркістан облыстарының басым бөлігінде, Қарағанды облысының орталығында, Атырау облысының батысында төтенше өрт қаупі сақталады, Қостанай облысының оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Түнде Ақмола облысының солтүстік-шығысында 3 градус үсік жүруі мүмкін.
Түнде Қостанай, Ақтөбе облыстарының солтүстігінде, Солтүстік Қазақстанның солтүстік-шығысында, Павлодар облысының оңтүстік-батысында, шығысында, Қарағанды облысының солтүстігінде, орталығында, Шығыс Қазақстан облысының шығысында, Абай облысының батысында топырақ бетінде 1-3 градус үсік жүреді.