Оңтүстіктен Павлодарға қоныс аударған 151 отбасы қайта көшіп кеткен

Оңтүстіктен Павлодарға қоныс аударған 151 отбасы қайта көшіп кеткен

Оңтүстіктен Павлодарға қоныс аударған 151 отбасы қайта көшіп кеткен
ашық дереккөзі
Павлодар облысына «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында оңтүстіктен қоныс аударған 151 отбасы кері қайтып кеткен деп хабарлады turkystan.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап. Қалғандары да қайтадан көшіп кетуді ойлап отыр. Айтуларынша, оларға уәде етілген баспана да, жұмыс та жоқ. «Бізді ешкім құшақ жая қарсы алмады» дейді олар. Кенжебек Тұрсынбайұлы Успен ауданына 2019 жылы көшіп келген. Мұндағы шенділер жұмысқа орналастырып, басына баспана береміз деп уәдені үйіп-төгіпті. Алайда, арада 3 жыл өтсе де, не жұмыс, не баспана жоқ екенін айтады.
«Қазір бізде үй жоқ. Бір балам ауданда оқиды. Онда көшіп барып алайық десек, ол жақта үй жоқ. Бізді қысап тұрған жұмыссыздық. Қыста қалай болады, соны уайымдаймыз», - дейді Белоусовка ауылының тұрғыны Кенжебек Тұрсынбайұлы.
«Еңбек» бағдарламасы бойынша аймаққа 2017 жылдан бері 3 мыңға таяу отбасы қоныс аударған. Алайда оның 151-і кері көшіп кеткен.
«Біздің ауылда 148 отбасы болған. 18 отбасы көшіп кетті. Бұлар не себептен көшіп жатыр десеңіз, негізінде жұмыссыздықтан көшіп отыр», - деді Белоусовка ауылының тұрғыны Күнболат Зауытұлы.
Оңтүстіктен келгендер жұмыс болмағандықтан, мал ұстап, күн көруді көздеген. Алайда ол да қиын болып тұр, өйткені төрт түлік жаятын жер жоқ.
«Мал шаруашылығымен айналысайық десек, жеріміз тар. Мал бағайық десек, егін кедергі. Ол егінге түсіп кетсе зардабы қиын», - деді Белоусовка ауылының тұрғыны Қуандық Нүсіпханұлы.
Мұның бәрін жергілікті билік өкілдері біледі. Бірақ «көмектесіп жатырмыз» дегеннен басқа ештеңе айтпады.
«Бәрі бірден бола бермейді. Кейбіреуі әлі үй алмаған шығар. Бірақ көмегімізді қолдан келгенше жасап жатырмыз. Кейбіреуі келіп, үй алып, мал ұстап жатыр. Сондықтан бәрі бірдей бола бермейді. Көшіп келген ағайындарымызға қолдан келгенше көмек көрсетіп жатырмыз»,- деді Успен ауылы әкімінің орынбасары Ерлан Айтмұқышев.
Ал тұрғындар мұнымен келіспейді. Ешқандай көмек болмағанын айтады.