Талай мекеменің табалдырығын тоздырған ауыл тұрғындарының талабы орындалды. Көпшіліктің шағымынан соң прокурорлар аталған аумақты мемлекет меншігіне қайтаруға ықпал еткен. Құзырлы орган аймақта 11 мың гектар жердің игерілмей жатқанын да анықтады.
Бауыржан Тойбаев, Панфилов ауданының прокуроры: – Панфилов ауданының аумағында 40 инвест жоба жүзеге асырылған. Біздің тексеру нәтижесінде алтауы іске асырылмаған соң біз жергілікті атқарушы органға қадағалау актісін енгізіп, инвестициялық жобаға алған жер учаскесін қайтарып, ол деген 12 мың гектарға жуық. Кадастрлық құны 90 млн шамасында. Атқарылған жұмыс нәтижесінде ауданда жер мәселесі өз шешімін тауып келеді. Кезінде жайылым тапшылығы аймақтағы ең өзекті проблеманың бірі болған. Жұмағазы Наймантаев, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы: – Қазір бізде 14 ауылдық округ бар. 14 округтің сұранысы бойынша бекітіліп қанағаттандырылды. Бүгінгі күні картасын сызып, бізге мына жер керек деп алып келгендері бәрі бекітіліп, бәрі қанағаттандырылды. Жайылым мәселесі шешілді. 70 мыңнан астам қоғамдық жайылым үшін беріліп отыр. Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, қазір мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің құжаттары жасалып жатыр. Жұмыс бірер айда аяқталады. Сол кезде ауыл тұрғындары жайылымнан тарықпай, төрт-түлігін емін-еркін өрістететін болады.