Жаңалықтар

Хаменова сотта Рысқалиевке сыбырлап не айтқанын түсіндірді

ашық дереккөзі

Хаменова сотта Рысқалиевке сыбырлап не айтқанын түсіндірді

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы апта бойына жалғасты, деп хабарлады turkystan.kz ATPress.kz-ке сілтеме жасап. Қыркүйектің 9-ы күні өткен процесте Хаменова өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын айтты. Әсіресе, ол облыстық Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиевпен ұйымдасқан түрде пара алуға әрекет қылды деген айыптауды жоққа шығарды. Абайдың ескерткішімен басталған іске сол жылы Атырауда өткен «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның да қатысы болуы мүмкін. Бақытгүл Хаменованың айтуынша, айға жетпейтін аз уақытта ұйымдастырылған ауқымды шараға жұмсалатын қаржы да қомақты болғандықтан, ол облыс басшылығының тапсырмасымен демеуші іздеуге көшеді және бұны «Асыл өлке» қоғамдық бірлестігіне жүктеген. Қысқаша айтқанда, шараның 200 млн-дай қаржысы сол үкіметтік емес ұйым тартқан демеушілермен реттеледі. Бұған дейін Сарайшық ауылдық округінің әкімі Пазылов сотта куә ретінде сөйлеген сөзінде конференцияға дайындық аясында ауылдың тазалығы және басқа да жұмыстарының шығынын өз есебінен өтегенін айтқан болатын. Өйткені, оған арнайы қаражат қаралмаған. ​ Ал, Сарайшықтағы этноауыл кешенінің бар қызметі  жүктелген облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Жәнібек Аманиязов сол шараға дайындық барысында ауылдағы тазалық пен көрнекілікке оның қатысы болмағанын алға тартып, осы жұмыстарға өз қаржысын жұмсаған ауыл әкімінің қарызын ертеңгі күні қай мекеме өтейтіндігін білмегенін және соны анықтап беру үшін жалпы шығын есептелген қолжазбаны облыс әкімдігіне әкеліп бергенін атап өтті. Сот төрағасы Жұмағали Ташимов: «Хаменова​ сізге «4 млн 500 мың теңгенің 2 млн 500 мыңын Жәнібекке апарып бер, қалғаны өзіңде қалсын» дегенде нені меңзеді?» деген сауалына «білмеймін, біздің арамызда ондай келісім болған емес» деп жауап берді Рысқалиев. Хаменова болса, бұл айтқандардың бірімен де келіспеді. Тіпті бұрынғы әріптесінің сөзін қиялдан туған әңгіме деп атады. Бақытгүл Хаменова, айыпталушы: Ақылбек Рысқалиевтің Алтын Орда шарасынан 5 млн теңге талап етті дегені - өтірік. Бюджеттен бөлінген 120 000 000 теңгенің жетпейтінін біле тұра, әрі іс-шараны жоғары деңгейде өткізуге әлі 200 миллион теңгеден астам қаржыға демеушілер табудың қажеттілігі​ тұрғанда, ақшаны үнемдеуді сұрау – ақылға қонымсыз. Мен ешқашан заңсыз нұсқаулар берген емеспін, оның ішінде Адамовтан немесе басқа адамдардан ақша әкелу жөнінде Рысқалиевке ешқашан талап еткен жоқпын. Рысқалиевпен 2021 жылғы 10 желтоқсанда НСД кезінде жазылған әңгіменің мән-жайына қатысты мынаны түсіндіре аламын. Рысқалиев менің жұмыс кабинетімде қағаз сұрап алып, оған «4 млн 500 мың теңге» деп жазып бергенде, оны шынымен түсінбедім. Мен одан «түсінбедім» деп сұрадым. Ол «Алтын Орданың ақшасы» деп жауап берді. Тиісінше, бұл демеушілік ақша деп қабылдадым. Ол мұны заңсыз сыйақы немесе Адамовтың ақшасы деп айтқан жоқ. Егер ол осының пара екенін сол сәтте айтса, мен оның бұл заңсыз әрекетіне жол бермес едім. Мен Рысқалиевтің айтқанын демеушілік ақша деп қабылдадым және «2 млн 500 мың теңгені Жәнібекке бер,​ ал 2 млн-ды өзіңе қалдыр» дедім.​ Мұндағы мақсат -​ өз пайдам​ үшін емес, «Асыл өлкеге» берешекті өтеу және Сарайшықта этноауылмен айналысқандықтан,​ Жәнібек арқылы Пазыловтың қарыздарын жабу болатын». Бақытгүл Хаменова «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» ғылыми-практикалық конференциясы аяқталғаннан кейін де ​ оның жұмысы толық бітпегенін, өйткені, шараға жұмсалған қарыз ақшаларды қайтару мәселесі күтіп тұрғанын айтты. Енді бұған Абай ескерткішінің қатысы қандай, бұл істе Хаменова мен Рысқалиевті байланыстырған не? Ақылбек Рысқалиев, айыпталушы: «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» халықаралық ғылыми практикалық конференциясына 120 млн теңге бөлінді. Сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова бөлінген қаржыдан 5 млн теңге көлемінде ақша әкеліп беруімді талап етті. Мен әкеліп бере алмайтынымды айттым. Одан кейін ол маған кездескен сәттерде бірнеше рет «Алтын Орданың қағаздарын не істедің, реттедің бе?» деп есіме салып сұрап тұрды. Параны апарып берген күні «Алтын Орданың қаржысы реттелді» деп айттым. Қағазға да жазып бердім. Ол ескерткіш жөніндегі тапсырманы маған берді. Мен оған қалада жасалатын ескерткішке қала, ауданда жасалатын ескерткішке аудан әкімдігі жауап беретінін түсіндіріп айттым». ​ «Стенограммаға сәйкес 10 желтоқсан күні сіз Рысқалиевті әкімдікке шақырып алып, мәжіліс залында оның құлағына сыбырлап: «Сен бағанағыға өте сақ бол, өте сақ бол. Сенің артыңнан қарап жүрген адам көп» дедіңіз.  Сіз бұнымен не айтқыңыз келді?»  деп сұрады прокурор Лаура Асанова Бақытгүл Хаменовадан. Бақытгүл Хаменова, айыпталушы: «Мен оны шақырған жоқпын. Сол күні ол сағат 16.00-де жиналысқа қатысуы керек болатын. Келгеннен кейін мен оған кабинеттен шығып бара жатқанда "Құрманғазы мәдениет үйіне барыңыз, мен сағат алтыда барамын деп айттым. Сондықтан да мен оған әр ақшаның құнын біліп, сақ бол дегенім рас. Өйткені, ол - мен үшін демеушілікпен келген үлкен ақша. Ал, "артыңда кісілер бар" дегенім  - ертеңгі әкім қатысатын шара. Оны мен Құрманғазы мәдениет үйіне жібердім". Одан әрі прокурор  айыпталушы Ақылбек Рысқаливтен «Хаменова екеуіңіз жұмыс барысында кабинетте немесе телефон арқылы тілдескенде демеушілік қаржы жайында сөз ​ болды ма?» деп сұрады. ​ Ақылбек Рысқалиев, айыпталушы: «Жалпы қызмет бабында демеушіден ешқандай қаржы жинаған емеспіз. Облыстық Мәдениет басқармасы жұмыс органы болып хаттамамен белгіленгеннен кейін мекемелерге хат жаза бастағанымызда әкімдіктің заңгері «Мемлекеттік мекеменің басшысы ретінде сіздің демеушілік сұрап хат жазуыңыз эаңсыз және арнайы есепшот болмағандықтан, ол ақша сізге түсе алмайды, бұны тоқтатыңыз» деді. Ол кезде маған берілген тізім бойынша ТШО бастаған үш-төрт мекемеге хат кетіп қалған еді. Дереу оны тоқтатып, «Асыл өлке» қоғамдық бірлестігімен меморандумға отырдық. Осыдан кейін облыс әкімі демеушілік бойынша күніне қай мекемеге қанша хат жолданып, қанша қаржы түскені ​ туралы ақпарат беріп отыруды тапсырған. Бұны сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға ескерткенімде, ол «Сіз бұған араласпаңыз» деп мені ысырып тастады». Ақылбек Рысқалиевтің айтуынша, конференция өткеннен кейін демеушілік туралы мүлдем айтылмаған. Себебі, оның сөзінше, ​ жоспарға сәйкес қаржы бөлініп, жұмсалған. «Демеушінің мәселесіне менің қатысым жоқ» дейді ол. Сот қарауы аяқталды. Келесі 3 қазан күні өтетін процесте тараптардың жарыссөзі басталады. ​ ​