«Miras» кеңесінің мүшелері Президент Жолдауының басым бағыттарын талқылады

«Miras» кеңесінің мүшелері Президент Жолдауының басым бағыттарын талқылады

«Miras» кеңесінің мүшелері Президент Жолдауының басым бағыттарын талқылады
ашық дереккөзі
«AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырыста кеңес мүшелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын талқылады.  width= Кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай отырыстың басты мақсаты елімізде қолға алған реформалардың мән-мағынасын, Жолдаудың басым бағыттарын қоғамға жеткізіп, халықты ұйыстыру, алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға қоғаммен бірлесіп ықпал ету екенін жеткізді.
«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының ауқымы кең, мазмұны ерекше. Жолдауда көтерілген байыпты бастамалар қордаланған мәселелердің шешілу жолдарын айқындап, мемлекетті одан әрі жаңғырту ісіне жаңа міндеттер қойып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға леп береді. «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» – аманатқа адал, еңселі ел болу жолындағы айқын мақсат. Жаңа экономикалық саясат, нақты секторды дамыту, ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция, мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, заң және тәртіп үстемдігі – Мемлекет басшысы ұсынған Жолдаудың маңызды бағдарлары. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы негізінде Президент қолға алған реформаларды іске асыру – ортақ мақсатымыз. Ол үшін ұлттық тұтастық, ортақ мақсат жолында бірігу, әділеттілік, жаңашылдық пен табандылық, білім мен біліктілік, мемлекеттік мінез қажет», – деді Аманжол Әлтай.
Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай Президент Жолдауында айтылған мәселелерді халыққа жеткізу – басты мақсат екенін жеткізді. Маңызды құжаттағы ойларды ортаға салып, оны жүзеге асыру мәселесіне мән беру қажет екенін атап өтті.
«Бүгінгі мемлекеттік басқару ісін жаңғырту жұмысы ең алдымен жаңа экономикалық саясатқа қатысты болмақ. Себебі кез-келген істің ар жағында қаржы көзі болмаса, бастаманың барлығы құр жалаң сөзге айналады. Сондықтан Президенттің «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз деген сөзі көптің көңілінен шығып отыр», – деді Дархан Мыңбай.
 width= Ал Парламент Сенатының депутаты Динара Нөкетаева Жолдауда айтылған Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының бір бөлігін балаларға аудару мәселесіне тоқталды.
«Қазақстанда жыл сайын 420 мыңға жуық бала дүниеге келеді. Бұл ретте, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы Әділетті Қазақстан құру жолындағы аса маңызды бастама болып отыр. Бұл – ел ертеңіне негізделген стратегиялық инвестиция, ұрпақ қамын ойлаған ұтымды бағдарлама», – деді Динара Нөкетаева.
Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан Жолдауда көрініс тапқан маңызды мәселенің бірі – игерілмей жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтару жұмысына тоқталды.
«Жолдауда Мемлекет басшысы жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы 5 млн гектар жерді қайтару жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл игі істе «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының үлесі ұшан-теңіз. Аталған комиссия Мемлекет басшысының пәрменімен құрылған болатын. Бүгінде Әділеттілікті қалпына келтіру мақсатында бір кездері заңсыз жекеменшікке өтіп кеткен жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Қазір қоғамда жайылым, шабындық мәселесі өте өзекті. Сондықтан Президент Жолдауындағы жер мәселесінің маңызы зор», – деді Жанарбек Әшімжан.
Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым елімізге жаңа саяси өзгерістер ауадай қажет екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, мұндай өзгерістерге бел бумайынша, Әділетті Қазақстанды құру, жарқын болашаққа ұмтылу, жаңа саяси дәуірге қадам басу мүмкін емес. Нұр-Сұлтан қаласы түрік этномәдени орталығының төрағасы Әскер Пириев кеңес мүшелерінің назарын Жолдауда айтылған кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция мәселесіне аударды.
«Мемлекет басшысы Жолдауда кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау мәселесіне ерекше тоқталды. Тіпті, заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете берудің орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн деп санап, бұл тәсілді 2024 жылдан бастап енгізу қажет екенін жеткізді. Президенттің бұл ұсынысын толық қолдаймын. Экономиканың локомативі – шағын және орта бизнес. Сондықтан мемлекет кәсіпкерлерге кедергі келтірмей, керісінше қолдау көрсетуі тиіс. Мемлекет кәсіпкерлердің жұмысын тексеру емес, бақылап отыруы қажет», – деді Әскер Пириев.
М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті басқарма төрағасының орынбасары Айнұр Кәрібозова Жолдаудағы білім саласына қатысты айтылған ойлардың маңыздылығына мән берді.
«Өкінішке қарай, қазіргі таңда еліміздегі мектеп оқушыларының 80%-дан астамы болашақ мамандықты қалай таңдау керек екен білмейді. Кәсіби бағдар алмаған. Бұл ретте, Президент биылғы Жолдауында жоғары білім саласына қатысты бірнеше маңызды бастама көтерді. Соның ішінде, инженерлік-техникалық мамандар дайындығын күшейту, жоғары оқу орындарындағы білім сапасын жақсарту, гранттар санын көбейту, жастардың жағдайын жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бастамалар – жастар қауымы үшін аса маңызды», – деді Айнұр Кәрібозова.
Сондай-ақ, отырыс барысында кеңестің тұрақты мүшелерімен қатар, арнайы шақырылған қонақтар да сөз сөйледі. Орамды ойларын ортаға салды.
«Барлық пікір білдірген азаматтарға алғыс айтамын. Расында, Жолдаудың басым бағыттары ұлтты ұйыстырып, әл-ауқатын арттырып, бірлігін бекем етеді деп сенемін», - деп түйіндеді Аманжол Әлтай.