Қостанай облысының әкімі көмек қолын созған жандарға алғыс айтты

Қостанай облысының әкімі көмек қолын созған жандарға алғыс айтты

Қостанай облысының әкімі көмек қолын созған жандарға алғыс айтты
ашық дереккөзі
Қостанайдың Әулиекөл ауданындағы орман алқабында шыққан өрт бірнеше елді мекенге жайылды. Өрт аумақты күлге айналдырып, 100-ден аса үйді жермен жексен етті. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов өзінің ресми Іnstagram парақшасында өңірдегі ахуал туралы айтып, қиын сәтте қолдау білдірген жандарға алғыс айтты деп хабарлады  turkystan.kz.
«Жақында ғана өңірімізде кенеттен болған алапат өрт – тұтас ел бірлігінің бекемдігіне түскен ауыр сынақ болды. Күнделікті тірлігін жасап, мамыражай өмір кешіп отырған жерлестеріміз бір-ақ сәтте әбігерге түсіп, үрейден ес жия алмай қалды. Айтып келмейтін апат – тілсіз жау Әулиекөл ауданындағы орасан зор орман алқабы күлге айналдырып, 100-ден аса үйді жермен жексен етті. Салдарынен жүздеген жерлестеріміз баспанасыз қалып, құрбан болған жағдай да тіркелді. Алайда «ақылды басшы елді апатқа алдырмас» дегендей Президентіміз – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев төтенше жағдайды алғашқы күннен бастап жеке бақылауына алды. Тіпті, өңірге арнайы жұмыс сапарымен келіп, өртті ауыздықтап, зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсету бойынша Үкіметке тиісті тапсырмалар берді. Нәтижесінде өрт қаупі тез сейіліп, 7 қыркүйек күні өңірдегі жағдай толық тұрақтанды", - деп жазды Архимед Мұхамбетов.
Айтуынша, Мемлекет басшысы қабылдаған жедел шешімдер нәтижесінде тұрғын үй құрылысына 2,3 млрд теңге қаражат бөлінген. Еліміздің құрылыс компаниялары үйлердің құрылысына кірісіп кетті. Мемлекетпен қатар, отандық ірі кәсіпорындар, банктер мен қайырымдылық қорлары да ортақ іске атсалысып, өз қаражатына бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысын бастады.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Өрттен зардап шеккендерге қол ұшын созып, гуманитарлық көмек жіберуге ат салысқан халықтың ықыласында шек жоқ. Облысымыздың ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар тиелген жүк көліктері әлі күнге ағылып келіп жатыр», - деп жазды өңір әкімі.
Аймақ басшысының айтуынша, арнайы ашылған «Қайырымдылық.KZ» қорына қазірдің өзінде 700 млн теңгеден артық қаражат түсті. Келген көмекті іріктеп, таратуға, тасуға облыстың еріктілер қауымы ерекше үлес қосып жатыр. Қостанай облысының әкімі осындай сәтте басын қатерге тігіп, жағдайды тұрақтандыруға, халықты құтқаруға үлес қосқан өрт сөндірушілерге, полиция қызметкерлеріне, әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарға, тілсіз жаудан зардап шегіп, ауруханаға түскен жерлестеріміздің өмірі мен денсаулығы үшін күрескен ақ халатты абзал жандарға алғысын білдірді.  Сонымен қатар қиын сәтте Қазақстанның әр аймағынан көмек қолын созған барша отандасымызға, кәсіпкерлерге басқа да қоғамдық ұйымдарға алғыс айтты.
«Сын сағатында «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, қызу тірліктің ортасында жүрген облыстық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелеріне, облыстық жауапты мекемелердің қызметкерлеріне, білім саласының ұйымдарына, еріктілерге айтар алғысым шексіз. Осы сындарлы сәтте Президентіміз шұғыл шаралар қабылдап, мемлекет пен қоғам өкілдерін дер кезінде жұмылдырды. Бұл қиындықты еңсеруге бізге үлкен демеу болды. Мемлекет басшысының өз саяси ұстанымдарына бекем, нәтижелі әрекет жасайтын тұлға екендігіне осы төтенше жағдайда тағы бір мәрте көзіміз жетті. Әділетті мемлекетте біртұтас ұлт болып ұйысып, берекелі қоғам құруға болатынына сеніміміз нығая түсті», - деді әкім.