«Парасатты полицей» республикалық байқауы өтті
«Парасатты полицей» республикалық байқауы өтті
Жыл сайын өтетін «Парасатты полицей» байқауы ішкі істер органдарындағы мемлекеттік тілдің мәртебесі мен полицей мамандығының беделін арттыруды көздейді деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Республикалық байқауға ҚР Ішкі істер министрлігі мұрындық болып, мемлекеттік тілді жұмыста әрі тұрмыста кеңінен қолдану, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметкерлерін патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында өткізіп отыр. Ақмола облысының Көкшетау қаласына еліміздің әр өңірінен келген түрлі ұлт өкілдерінен құралған 85 полиция қызметкері жиналды. Сайыс барысында 17 команда өз ойын мемлекеттік тілде дұрыс жеткізе білу, түрлі шығармашылық тапсырмаларды орындауда тапқырлық танытудан сынға түсті. Қазылар алқасы «Таңыстыру сайысы» және «Адал қызмет – басты міндет» атты екі сайыс кезеңінің қорытындысы бойынша жеңімпаздарды анықтады.
Бас жүлдені Жамбыл облысынан келген шығармашылық ұжым қанжығалады. Бірінші орынды – Қызылорда қалалық Полиция департаменті иеленді. Екінші және үшінші орындарды Қостанай, Жетісу, Павлодар, Атырау және Маңғыстау облыстары өзара бөлісті. Көрермен көзайымы Солтүстік Қазақстан облысының қызметкерлеріне бұйырса, түркістандық тәртіп сақшылары «Тілі басқа – тілегі бір» номинациясына ие болды.