Мемлекет басшысы ірі бизнес өкілдерімен кездесті
Мемлекет басшысы ірі бизнес өкілдерімен кездесті
Президент «Ақорда» резиденциясында еліміздің бизнес-қоғамдастығы өкілдерімен кездесу өткізді деп хабарлады turkystan.kz «Борт №1» Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетті одан әрі дамыту жолындағы отандық кәсіпкерліктің рөлін талқылау бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты екенін атап өтті.
– Қазақстан халқына Жолдауымда экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты – бүкіл еліміздің әл-ауқатын сапалы және инклюзивті түрде жақсарту ісі өзгермейтінін ерекше атап өттім. Бұл мақсатқа еркін әрі тиімді нарықтық экономика құру арқылы ғана қол жеткізуге болады. Мемлекеттің экономикадағы жетекші рөлі, әсіресе мемлекеттің бизнес ісіне араласуы келмеске кетеді және солай болуға тиіс. Мемлекеттің міндеті – заңға бағынатын бизнеске ел ішінде де, халықаралық нарықта да қолдау көрсету, – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, экономиканы монополиядан арылту және жаңа нарықтар ашу жұмыстары жалғасады.
– Бәсекелестік жағдайы теңестіріледі. Енді қандай да бір тұлғаға басымдықтар берілмейді. Үкіметтегі байланыстары мен оның тарапынан жасалатын қамқорлыққа қарамастан, Қазақстанда адал бизнеспен айналысу кез келген адамға тиімді және қауіпсіз болуға тиіс. Бұл – негізгі ұстаным. Біз шағын және орта бизнесті дамытамыз. Кәсіпкерлердің жаңа буынын өсіруге, жаңа идеялар мен ой-пікірлерді қолдауға баса мән береміз. Сонымен қатар мемлекет ірі, қалыптасқан бизнесті қолдаудан бас тартпайды. Бұл туралы жоғарыда айтып өттім. Керісінше, біз, ең алдымен, сіздерді Әділетті Қазақстан құруға белсене атсалысуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.