Арықтайтын кезде кофе мен шай ішуге болмайды – нутрициолог

Арықтайтын кезде кофе мен шай ішуге болмайды – нутрициолог

Арықтайтын кезде кофе мен шай ішуге болмайды – нутрициолог
ашық дереккөзі
Күзде ауа райы құбылып, күн суытады. Бұл кезде адам ағзасында да өзгеріс болады. Иммунитет әлсіреп, ағза түрлі инфекцияларға қарсы тұра алмай қалады. Осы орайда, денсаулықты сақтаудың басты шарты дұрыс тамақтану екенін ескеріп, нутрициолог, диетолог Гүлбала Есенбекқызымен сұхбаттасқан едік. – Күзде адам ағзасы әлсіреп, жұмысқа, оқуға зауқы болмай жатады. Осының салдарынан иммунитет әлсірейді. Осындай кезде қалай тамақтанған жөн? – Иә. Бұл уақытта иммунитетті көтеру үшін алдымен С дәрумені керек. С дәрумені жеміс-жидектің құрамында көп болады. Кептірілген, қатырылған жемістерден кампот жасап ішудің де өзіндік пайдасы бар. Мысалы, итмұрынды алып, суға қайнатып, суыған соң азырақ бал қосып, араластырып ішуге болады. Таңқурай, қара бүлдірген де С  дәруменіне бай. Одан кейін салат жапырағы, қырыққабат, қияр, қызанақ, алма, болгар бұрышы, сәбізден түрлі салаттар жасап, тұтыну ағзаға пайдалы. Ет тағамдарын да жеу керек. Тауық еті, балық, жылқы, сиыр, қойдың еті ағзаға қажет. Бұдан бөлек, жасымық, бұршақ, күріш, қарақұмықты қосып, сорпа жасауға болады және буға пісірудің де пайдасы зор. Сонда иммунитет түспейді. Сосын таңғы асқа міндетті түрде пайдалы май қолдануымыз керек. Бір келі салмаққа 1 грамм май қажет: зығыр майы, зәйтүн майы, кокос майы, қолдың сары майы. Оны нанға жағып жеуіңіз мүмкін немесе жұмыртқа қуыруыңыз мүмкін. – Соңғы зерттеу бойынша, елімізде 6 мен 9 жас аралығындағы балалардың 20,6 пайызы артық салмақтан, ал 6,6 пайызы семіздіктен зардап шегеді. Ересектердің де жартысынан көбі артық салмақтан зиян шегеді екен. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? – Үлкендерге тоқталып кетсем, таңнан кешке дейін отырып жұмыс істейтіндер бар. Содан  артық салмақ пайда болады. Кейбіреулер таңғы асын ішпейді. Мұның да кері әсері болады. Өйткені таңғы ас ішкен адамның метаболизм, ас қорыту процесі жақсы жұмыс істейді. Ал керісінше жағдайда ас қорыту жүйесінің жұмысы баяулайды. Кейбір кісілер түскі ас кезінде тез дайындалатын өнімдерді, фастфуд тағамдарын жеуі мүмкін.  Бұл дұрыс емес. Сосын кешке шаршап келіп, тамақ жеп жата қалуы мүмкін. Артық салмақ осыдан да пайда болады. Қимыл-қозғалыстың аз болуы салмақ қосуға алып келеді. Балаларға келсек, соңғы 2-3 жылда сабақ онлайн болғандықтан, компьютердің алдында отырып, қимыл азайды. Содан кейін қазір көп бала денсаулығына байланысты дене шынықтыру сабағынан босатылып жатыр. Жаяу жүру, жаттығу жасауға мән бермеген соң, артық салмақ жиналады. Кей балалардың ата-анасы таңнан кешке дейін жұмыс істейді. Баланың не жеп жатқанын білмеуі мүмкін. Содан кейін қуырылған, трансмайлар қосылған, тәтті тағамдарды көп тұтынғаннан, газдалған, энергетикалық сусындарды көп ішкеннен артық салмақ қосылып жатыр. Тағы бір нәрсе, ұйқы дұрыс емес. Содан кейін су нормасын орындамайды. Су ішпейтін балалар бар. Салмақ қосудың бір себебі осы. Пайдалы майды емес, зиян тағамдарды көп жегеннен асқазан, ішек жолдары дұрыс жұмыс істемейді. Гормондық өзгеріс кезінде де салмақ қосатындар бар. Өтпелі кезеңде кейбір балалардың бойы өсіп, салмағы азайып жатады. Ал кей балалардың бойында өзгеріс болмай, салмақ қосылып жатады. – Артық салмақтан арылатын кезде кофе мен шай ішуге болмайды дейді. Бұған не дейсіз? – Иә, арықтайтын кезде кофе мен шай ішуге болмайды. Себебі кофенің құрамында кофеин, шайдың құрамында танин бар. Бұл екі зат ағзадағы қан айналымды қатты күшейтеді. Сосын бүкіл энергия, ағзада жиналып тұрған артық ресурс 2-3 сағаттың ішінде жұмсалып кетеді. Адам осы 2-3 сағатта өзін жақсы сезініп, сергек жүруі мүмкін. Содан кейін энергиясы таусылып, шаршайды. Осындай жағдай болмас үшін әрдайым кофе мен шай ішуге болмайды. – Жалпы, салмақты қалай дұрыс тастау керек? – Артық салмақтан дұрыс жолмен арылу үшін алдымен анализ тапсыру қажет. Ағзаға не жетіспейтінін анықтап алып, дефициттің орнын толтырып, салмақ тастауға болады. Екіншіден, су ішу қажет. Адам  салмағын 30-ға көбейткен кезде су ішу нормасы шығады. Суды жатарға 3 сағат қалғанға дейін ішуі қажет. Пайдалы тағамдарды көбірек тұтынған жөн. Егер инсулин жоғары болса, күніне 3 рет, қалыпты болса 5 рет тамақтану керек. Әрбір адамның жеке тамақтану тәртібі болуы қажет. Ұйқының нормасы да маңызды. Кешкі сағат он мен екінің арасында ұйықтаған адамда мелатонин гормоны  жақсы бөлінеді. Дер кезінде ұйықтаған адамның асқазаны да жақсы жұмыс істейді. Осының әсерінен артық салмақтан да жақсы арылады. Сосын он мың қадамға дейін жаяу жүру керек. Бимен айналысудың да пайдасы зор. Билегенде адам терлейді, соның әсерінен ағзадағы токсиндер сыртқа шығады. Арықтау үшін пайдалы майды рационға қосу қажет. Өйткені майды тұтынбасаңыз, ағза стреске түседі. Содан кейін бүкіл жеген тағамыңызды қорға жинай береді. Осыдан соң аз тамақ жесеңіз де, салмақ қосуыңыз мүмкін. Тағы бір нәрсе, пайдалы май жемейтін болсаңыз, гормондарыңыз өзгеріп, қалқанша безі бұзылуы мүмкін. – Сағат кешкі 6-дан кейін тамақ ішпеу керек деген қағидаға қалай қарайсыз? – Сағат алтыдан кейін тамақ жеуге болады. Күні бойы жұмыста болатын адамдар бар. Олар кешке тамақтану қажет болады. Ең бастысы, ас дұрыс қорытылу үшін жатар уақытқа 3-4 сағат қалғанға дейін тамақтану керек. – Қазір өттегі проблема көбін алаңдататынын байқаймыз. Бұған не себеп? – Өттің қоюлануы, тас пайда болуы дұрыс тамақтанбағаннан болады. Мысалы, артық салмағы бар адамдар тез салмақ тастаймын деп мүлде май қолданбай жатады. Түрлі диета ұстайды. Осыдан өт қояланып, тасқа айналып кетуі мүмкін. Өт дұрыс бөлінуі үшін рационда пайдалы май қолдану қажет екенін тағы да айтамын. Гормон, бауыр, өт дұрыс жұмыс істеуі үшін бұл маңызды. Өт жақсы сұйылу үшін күнде әр екі сағат сайын тамақтану қажет. Сұйықтықты көбірек ішіп, ақуызға бай тағамдарды тұтыну керек.

– Әңгімеңізге рақмет!