Жаңалықтар

Көшбасшы әйелдерге арналған «Tomiris» бағдарламасының негізгі кезеңі аяқталуда

ашық дереккөзі

Көшбасшы әйелдерге арналған «Tomiris» бағдарламасының негізгі кезеңі аяқталуда

Елордада көшбасшы әйелдерге арналған «Tomiris» бағдарламасына қатысушылар үшін қарқынды оқыту курстары тәмамдалуда. «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы жүзеге асырып жатқан жобаның 30 қатысушысы көпшілік алдында сөйлеуді, қарым-қатынас орнатуды, эмоционалды интеллектіні дамытуды және жобаларды басқаруды үйренуде. Бағдарламаға қатысушылар алдында сөз сөйлеген партия Хатшысы Дәулет Кәрібек жоба әйелдер көшбасшылығын дамытуға бағытталғанын атап өтті. «Біз жобаға деген үлкен қызығушылық бар екенін байқап отырмыз. Барлығы 342 өтініш келіп түсті. Қазіргі уақытта әйелдер түрлі салада қызмет атқарады. Алайда гендерлік қасаң түсінік әлі де бар. Жалпы, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде әйелдердің рөлін арттыру – «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі саналады. Ал бұл жоба осы жұмыстың бір бөлігі», – деп атап өтті ол. «Оқыту қорытындысы бойынша, қатысушылар өз өңірлеріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған саяси жобаларды әзірлеп, енгізеді. Академия жыл соңына дейін коучингтік онлайн-сессиялар арқылы әдіснамалық қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді. «Tomiris»-ке қатысу олардың саяси мансабының жаңа деңгейге шығуына көмектеседі деп үміттенемін», – деді Данияр Мұқитанов. Естеріңізге сала кетсек, «Tomiris» бағдарламасын «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Қазақстандағы Конрад Аденауэр атындағы Қордың қолдауымен жүзеге асыруда.