Жаңалықтар

Стастың әрекеті, жарының қолдауы Жасұланды өмірге қайта әкелді

ашық дереккөзі

Стастың әрекеті, жарының қолдауы Жасұланды өмірге қайта әкелді

Залда жаттығу үстіндегі қатысушылардың арасынан бір жұп көзге ерекше түседі. Жолдасын қамқорлап, мүгедектер арбасында түрлі іс-қимыл жасауға көмектескен Әйгерім мен намысқа тырысып, өз күшіне сенуге тырысқан Жасұланға қарап, еріксіз сүйсінесің. «Мүгедектігі бар жандарды тиімді оңалту» жобасына алғашында қатысудан бас тартып, кейін болашақ нұсқаушы-реабилитолог мамандығын игерген Жасұлан Кабдулов пен оған үміт үзуге жол бермеген Әйгерімнің өмір жолы – көп адамға сабақ. Олар өмірді кері сүюді, жарақатты қабылдауды, жүрек жылуымен бөлісуді, жігерлендіруді, мойымауды үйретеді. Ең бастысы үмітің үзілмесін Ә: Шыны керек, осы жобаға келмей тұрып, Жасұлан адамдардың көзіне көрінуден қашатын. Көшеге шыққанда бетіне маска тағып, бас киім киіп, шарфпен орап, біреу танып қалмаса екен деген оймен шығатын. Осы жобаға қатысқалы осы әдетінен арылды. Қазір ешкімнен қысылмайды, өзі де көшеге шығып, қыдырғысы келетін болды. Ж: Мен жарақат алғаннан кейін алғашында бөлмеме адам кіргізбейтін болдым. Қатты күйзеліске түстім. Массаж жасауға келетін реабилитологты бөлмеме кіргізгім келмей, кейде боқтап та жіберетінмін. Сол кезде маған түсіністікпен қарап, кешірімді болып, қайта-қайта келе берген Шолпан апаға алғысым шексіз. Жылына екі рет достарым үйден алып кетіп, апаратын бірең-сараң қонақтықтар болмаса, үйден тек ем алу мақсатында шығатын болдым. Былтыр Гүлназ (Гүлназ Қосмурзиева – «Біз де адамбыз» ҚҚ жетекшісі, Атырау облысы әкімінің мүгедек жандардың мәселесі бойынша кеңесшісі) Теңізшевройл компаниясы қаржылай қолдау көрсеткен «Мүгедек жандарды тиімді оңалту» жобасына шақырып, хабарласқан кезде жобаға пайдасыз деп қарадым, сенбедім. Қатысқым келмеді. Бірақ Әйгерім қоймастан барайық дегесін, көңілін қимадым. Бірақ алғашқы тренингтер мен үшін әсерлі болмады. Менің қырсық мінезім бар, шеркешпін ғой (күледі). Қажетті тақырыптарда лекциялар өткізсе де, психология мен мүгедектікке байланысты тақырыптар қозғалса да, сол мінезім басымдылық алып, қырсығып, жобаның алғашқы екі семинарына түнеріп, «через не хочу» келдім. Бірақ үшінші шара, былтыр қыста өткен Лагерьге қатысқанда, мойын омыртқасы жарақаты диагнозы бар Станислав Андриянов деген Беларусь елінен келген тренеріміз машинаға өзі отырды. Отырды дегенде машинаға денесін «лақтырды» да, жүргізушінің орнына ыңғайланып отырып алды. Осы көріністі көргенде, елең ете қалдым. Өйткені, мен болсам машинаға отыру үшін адам іздейтін болдым. Екі-үш адамның көмегіне сүйеніп қана машинаның ішіне кіре алатын болдым. Стасты көріп, мен де тырысамын деп шештім. Бәсекелестік секілді сезім пайда болды. Өмір бойы машина жөндегесін болар, машинаға жақынмын. Осыдан кейін көзқарасым өзгере бастады. Стас өзі арбамен жүреді, соған қарамастан елдерінде өздері «ручное управлениемен» көлік айдайды. Менде де сондай арман пайда болды. Ә: Осы оқиғадан кейін біз АвтоЦОН-ға дейін барып, арнайы жүргізуші куәлігін алғымыз келді. Бірақ медосмотр кезінде «хватка» жоқ, өткізбеді. Алдағы уақытта осы да бір үлкен мотивация. Осы жерде мен Гүлназдың табандылығына риза болдым. Жасұлан бармаймын, қатыспаймын деп телефонды қойып тастаса да, Гүлназ кері хабарласып, ұрсып та, алдап та көндіріп алатын болды. Гүлназдың теріс айналмай, жолдасымның мінез көрсеткенін елемей, көмек қолын созғандығы мейірімділіктің нышаны болды біз үшін. Жобаға келгелі Жасұланда оң өзгерістер байқалады. Мысалы, имитатор деген аппарат бар, сол аппаратқа тұрғызу үшін басында төрт адам қажет ететін. Қазіргі жеткен жетістігіміздің бірі – имитаторға тұру үшін қазір менің ғана көмегім қажет. Яғни төрт көмекшіден бір көмекшіге көштік. Сонымен қатар,  өз-өзіне қызмет көрсетуді үйренді. Дәретханаға бұрын біреудің сүйемелдеуімен барса, қазір көмек қажет етпейді. Жобада жұмысқа орналасу туралы біліміміз кеңейді. Жұмыссыздық туралы анықтама алу керектігін, базаға тіркелу туралы ақпарат алдық. Қазір Жасұлан «Біз де адамбыз!» қоғамдық қорына жұмысқа кірді. 4 жыл 4 қабырғада тұрып үйреніп қалған адам үшін – бұл, әрине, жаңа маңызды кезең. Болашаққа жоспарымыз көп – соның бірі үйіміздің құрылысын аяқтау, балаларымызды аяққа тұрғызу. Ж: Жобаға келгелі менде жаңа арман пайда болды. Қазақтың Стасы болғым келеді. Осындай күрделі жарақат алған жандарға дұрыс реабилитация жүргізіп, қатарға қосылуға көмектескім келеді. Қоғамның көзқарасы Ж: Біздің адамдардың түсінігі бойынша мүгедек жандар өзгелерге кедергі келтірмеу үшін, тыныш үйде отыру керек. Бір рет шаруаларыммен банкке бардым. Сол жерде кезекте тұрған бір апа менің кезексіз өтіп кеткеніме қарсы болып, «не бар сендерге, инвалидтерге, үйде жатпайсыңдар ма?» деп айқайлап жіберді. Сол сөздер, шыны керек, сүйектен өтті. Содан бері қаншалықты шаршап тұрсам да, ешкімнің алдына шықпаймын кезекте. Кезексіз өтуіме болатын болса да, соңына дейін шыдап, күтемін. Ә: Бұл жерде айтайын дегенім. Осы сөздерді үлкен әйел адам айтты. Біз ешкімнен аяушылық күтпейміз, тек түсіністік күтеміз. Коляскада таңертеңнен кеш батқанша жүру оңай емес. Ауруы ушығып кетуі мүмкін деген мәселе бар. Ж: Адам өз-өзін аямау керек. Қазақтың менталитетінде ауырған адамға мүсіркеп қарайды: «ауырып тұрсың ба, жата тұр, демала тұр» деген сияқты. Осы дұрыс емес. Адам өзін қамшылап, намысқа тырысу керек. Жарақат алғаннан кейінгі ызаға, қорқынышқа толы кезең маған керек болды. Сол уақыт мені шыңдады. Диагнозымды басында мойындамадым, одан қаштым, қабылдамадым. Бірақ соңында бір нәрсені айқын түсіндім – менің өміріме тек мен жауаптымын. Осы диагнозбен де жақсы өмір сүруге болады. Осы ойды барлық мүгедек жан ұстанып, белсенді өмір сүре бастаса, бізге деген көзқарас өзгереді.