Катонқарағай, Алтай, Күршім аудандарында дала өртінің беті әлі қайтпады

Катонқарағай, Алтай, Күршім аудандарында дала өртінің беті әлі қайтпады

Катонқарағай, Алтай, Күршім аудандарында дала өртінің беті әлі қайтпады
ашық дереккөзі
Шығыс Қазақстан облысының бірнеше ауданында дала өртімен күрес жалғасып жатыр. Алайда елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ деп хабарлады turkystan.kz. Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Күршім ауданындағы дала өртінің аумағы 1800 гектарға жеткен. Өртті сөндіруге барлығы 278 адам мен 34 техника жұмылдырылды. Жалынды ауыздықтауға қиын таулы жер мен қатты жел кедергі келтіруде. Суағар құрылғысы бар 3 тікұшақ тартылды. Барлығы әуеден 18 рет су төгілді.
«Алтай ауданында бұта мен шөпті шарпыған тілсіз жаумен жергілікті атқарушы орган өкілдері, орманшылар, «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің қызметкерлері, ТЖД өрт сөндірушілері тарапынан 350 адам күресуде. Қазіргі уақытта өрттің жалпы ауданы – 1400 гектар», - делінген ақпаратта.
Катонқарағай ауданындағы Алтынбел ауылынан 12 шақырым жерде шыққан от 1900 гектарға жайылып кеткен. Өртті өшіруге 350 адам мен 27 техника жұмылдырылды. МИ-2 және МИ-17 тікұшақтары да іске қосылған.
«Құйған ауылдық округі аумағындағы жалынның жалпы ауданы – 200 гектар. Орманның 17,5 гектар алаңына тараған от ауыздықталды. Барлық ауданда елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, Алтай ауданында дала өрті 2 қыркүйек күні шыққан. Ал  Глубокое ауданындағы дала өрті 8 қыркүйек күні ауыздықталды.