Қостанай облысында ауыл тұрғындары әкімдікке өкпелі (ВИДЕО)

Қостанай облысында ауыл тұрғындары әкімдікке өкпелі (ВИДЕО)

Қостанай облысында ауыл тұрғындары әкімдікке өкпелі (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
Әділет Ыбырай есімді әлеуметтік желі қолданушысы Жангелдин ауданына қарасты Ақшығанақ ауылының жолына күтім керектігін айтқан ауыл азаматтарының видеосын жариялады деп жазды turkystan.kz. Видеода бір топ ауыл тұрғындарының көліктерімен жол бойына келіп, билік өкілдеріне үндеу жасағанын көруге болады.
«Жол азабын жүрген білер... Мына тұрған кісілер күнара осы жолмен қатынап, әбден ығыры шыққан. Торғай мен Ақшығанақ ортасындағы сексен шақырым жол қыстай қар жауса, боран болса, қатынас болмай қалады, жазда осындай шифер басталады. Кәдімгі баяғы үйдің төбесіне салатын шиферден бір айырмасы жоқ», - деп жазды Әділет Ыбырай.
Оның айтуынша, осы жолды машина жүре алатындай қылып қырып, тегістеп отыруға Үкіметтен ақша бөлінген.
«Жыл сайын істеп жарытпайтын еді, биыл тендерді тіпті техникасы жоқ адам ұтып кеткен деседі. Биылдыққа бір рет қана қырылса керек. Негізі, оншақты күнде бір тегістеп тұрмаса, алды айналатын машиналар жолды қайтадан шиферге айналдырады. Тегістемесе ол шифер тереңдей береді. Ауылға бір барып келсеңіз, көлігіңіздің «стойкісін» ауыстыру уәжіп болып қалады. Селкілге шыдамай жарылған дөңгелек, жұқарған жүйке... Тіпті ішек-қарын ауыздан шыға жаздайды. Ақкөңіл, аңқылдақ ауылдастарым осы жолды АСФАЛЬТТАП ЕМЕС ЖАЙ ҚЫРЫП БЕРІҢДЕР деп айту үшін ауылдан 20 шақырым жердегі Ақшығанақ деген белгінің қасына арнайы келіп түсірген видеолары ғой». Бірдеңені дұрыс айтпасақ айт, ертең тағы барып түсірейік» дейді, айналайындар-ай. Сендерді осы күйге түсірген атқамінерлер осы еңбектеріңді ескере ме екен?» - деп күйінді ел жанашыры.
Сонымен қатар ол өз басынан өткен оқиғаны да қос кеткен.
«2-3 жыл бұрын осы жолдың тепкісіне шыдамай дөңгелегім жарылып, ашуланып, арнайы видео түсіріп, интернетте Жангелдин Ауданы Әкімдігінің аккаунтын белгілеп тұрып салғанмын. Мәу деген бұлар болмады. Шамасы, фейсбуктегі парақшасын ашпайды-ау. Ашса да ресми іс-шараларынан фото салу керек болғанда ашады шамасы. Бүкіл бір ауылдың тіршілігі осы жолдың үстінде тұр. Бұл жолмен жедел жәрдеммен ауыр науқас адамдар, айы-күні жеткен әйелдер өтеді. Не деген мізбақпас адамсыздар», - деді ол.
Әзірге бұған қатысты аудан әкімдігі үн қатқан жоқ. Олардың әлеуметтік желідегі ресми парақшасына 26 тамыздан бері ештеңе салынбаған. Айта кетейік, Жангелдин ауданындағы ауыл жолдарының көбінде осындай мәселе туындаған. Әсіресе, дәл осындай жағдай Қызбел ауылының тұрғындарын да әбден діңкелеткен.