Әр ауылда жоқ дегенде бір өрт сөндіру техникасы болуы керек – Аманжол Әлтаев
Әр ауылда жоқ дегенде бір өрт сөндіру техникасы болуы керек – Аманжол Әлтаев
Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев Qazaqstan Ұлттық телеарнасының «Ашық алаң» бағдарламасында Қазақстандағы ауылдарда не өрт сөндіруші, не өрт сөндіру техникасы жоқ екенін айтты деп хабарлады turkystan.kz.
«Бізде өрт сөндіру қызметі аудан орталықтарында ғана шоғырланған. Ал ауылдарда өрт сөндіру қызметкері не өрт сөндіру техникасы жоқ. Сондықтан да мен ойлаймын, Қостанайдың орманы өртенгеннен кейін барып мұны ұлттық, халықтық деңгейде сезініп жатырмыз. Ал бұған дейін жапандағы жалғыз үйде отырған фермер, қойшылардың айналасының бәрі өртеніп өртеніп, қорадағы қойына дейін өртеніп кеткен қаншама жағдай болды», - Аманжол Әлтаев.
Депутаттың айтуынша, алдағы уақытта Қазақстандағы әр ауылда жоқ дегенде бір өрт сөндіру техникасы болуы керек. Өйткені ауданға барып-келген 3-4 сағаттың ішінде бүкіл жайылым жанып кетуі мүмкін.
«Жазықтағы шөп пен орманның өртенуі екі түрлі сипат алады. Жазықтағы шөп өртенсе, келесі жылы шығуы мүмкін. Арудың алқасындай көз тартқан Қостанайдың ақынның жырына айналған қарағайы мен аққайыңын қалпына келтіруге жарты ғасырдың өзі аздық етуі мүмкін. Бір жылдың ішінде шыға салмайды ғой. Сондықтан осының бәрін ескеруіміз керек», - деді Мәжіліс депутаты.