Жаңалықтар

Елордада ислам институты ашылды

ашық дереккөзі

Елордада ислам институты ашылды

Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына қарасты Хусамуддин әс-Сығанақи атындағы ислам институты ашылды. Оқу орнының ашылу салтанатына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, игі тілегін білдірді деп хабарлады  turkystan.kz Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Бұл орталықтың мақсаты – имамдарға терең білім беру, классикалық еңбектерді оқыту, араб тілін жетік меңгеруіне ықпал ету, діни мәселелерді түсіндіру, қабілетін ашу. Сондай-ақ діни білім іздеп шетелге кететін жастардың өз елімізде білімін жетілдіруіне мүмкіндік береді. Сығанақ көшесінің бойында орналасқан Ислам институтына елімізден шыққан дін ғұламасы Хусамуддин ас-Сығанақи бабамыздың есімі беріліп отыр», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы. Сондай-ақ Бас мүфти институтта Нұр-Мүбарак университетін, ҚМДБ-ға қарасты медресе-колледжерді тәмамдаған түлектер мен имамдар білімін тереңдете алатынын айтты. Сонымен қатар жас қариларды жігерлендіру мақсатында институт жанынан Ижаза беру орталығы ашылғанын хабарлады. Орталыққа 50-ге жуық дін қызметкері қабылданды. Олар екі жыл бойы білімін жетілдірмек.  

Фото: facebook/Ағабек Қонарбайұлы