Жаңалықтар

Хаменованың соты: куәгерлердің сөзі тыңдалып, бейнежазбалар қаралып жатыр

ашық дереккөзі

Атырау қалалық №2 сотта Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы өтті деп хабарлады turkystan.kz Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап.

Іс бойынша сотталушы ретінде облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев пен «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов қатысып отыр. Процеске Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрбек Ахмедияров, «Асыл өлке» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Орынша Макеева және Атырау облыстық Халық шығармашылығы орталығының басшысы Жәнібек Аманиязов куә ретінде шақырылды. Сотталушы Бақытгүл Хаменова Н.Ахмедияровқа сұрақ қойды: - Өзіңіз бұған дейінгі тергеу барысында тергеушінің сауалына жауап бердіңіз. Қазір де менің тағдырым шешіліп жатқанда бәрін нақты, сол кезде тергеушіге жауап бергендей жауап беруіңізді сұраймын. Сізге облыстық Мәдениет басқармасынан немесе облыстық басқа басқармалардан біреу ескерткішті орнату керек, ақшаны аудару керек деп тапсырма берді ме? Ахмедьяров: - Бұл жөнінде тек телефон арқылы Ақылбек Рысқалиевтен хабарлама болды. Хаменова: - Ақылбек Рысқалиев сізге 2021 жылдың қай айынан бері тапсырма бере бастады? - Нақты уақытын білмеймін. Телефон арқылы сөйлескенде Абай ескерткішін орнату бойынша бюджеттен қаражат сұрату қажеттігі бар деп айтқан болатын. Хаменова: - «Балқыту» ЖШС-мен тездетіп келісімшартқа отыру керек деген әңгіме болды ма? Ахмедьяров: - «Балқыту» ЖСШ-мен келісімшартқа отыру туралы нақты тапсырма берген жоқ. Хаменованың адвокаты Игорь ВРАНЧЕВ: - Облыстық Мәдениет басқармасынан тікелей тапсырма беру бұған дейін тәжірибеде болды ма? Ахмедияров: - Бұған дейін болған жоқ. Келесі Орынша Макеевадан жауап алынды.

- 2021 жылы 27-29 қазан аралығында халықаралық конференция өтетін болды, Хаменова маған телефон соғып: «Президенттің сұратуымен конференция өтеді. Бұл Атырау облысына қойылған тапсырма, соған атсалысуыңызды сұраймын» деді, - дейді Макеева. -  Менің жұмысым демеушілерден көмек сұрау болды. Демеушілерден түскен ақшаны жинап, конференцияны өткізген «Керім медиа» ЖШС-мен олармен келісімшарт арқылы жұмыс істедім. Олар Салтанат сарайы мен Абай орталығында конференция өткізумен айналысты. Мен тек демеушілік арқылы түскен ақшаны келісімшарт бойынша «Керім медиа» ЖШС-не аудардым. Прокурор Лаура Асанова: - Қаржыны қай уақыттан бастап аудардыңыз және қанша аудардыңыз? Макеева: «Керім медиамен» келісімшарт жасап, 231 млн 490 мың 511 теңге қаржыны 8 қазаннан бастап аудардым. Ең соңғы төлем 2022 жылы 8 ақпанда аударылды. Қанша аударғанымды Рысқалиевқа ватсаппен жолдап отырдым. Бұдан соң Жәнібек Аманиязовтың сөзі тыңдалды. - 2021  жылы халықаралық конференция драма театрда, «Салтанат сарайында», Сарайшық ауылында бірнеше бөліктен өтті. Мен басқаратын орталық Сарайшық ауылындағы этноауылды құруға жауапты болды. Сарайшықтағы музей айналасын тазартып, аймақты қоршау, 7 ауданнан киіз үй алдырып, халықтың көрмені тамашалауына мүмкіндік жасауға жауапты болдым. Этноауыл бойынша Мәдениет басқармасына 33 млн теңгеге смета жасақтап бердік. Біз бюджет қаржысын толықтай игердік. Этноауылға спонсор тартылған жоқ, - деді Аманиязов. Прокурор Лаура Асанова: - 10 желтоқсан 2021 жылы сіздің кабинетке Рысқалиев келетін күнді толық айтып беріңіз. - Ақылбек Аманбайұлы түске дейін қоңырау шалып, іште болыңыз деді. Сөйтіп, сағат 4-5-терде ішке келді. Қолында барсеткасы болды. Жұмыс бабын сұрап, жұмыс жөнінде біраз сұрақтар қойды да, 7-8 минуттай отырып, содан кейін барсеткасынан оралған пакетті шығарып, «осыны Бақытгүл Қайыржанқызына апарып беру керек» деді. Мен қайтадан нақтылап, «Бақытгүл Қайыржанқызына ма?» деп сұрадым, «иә» деді, - деді Аманиязов. - Кездесуден кейін Рысқалиевты кеңседен есік алдына дейін шығарып салдым. Осыдан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің қызметкерлері келіп, «сізді тінтуіміз керек» деп, қайтадан кабинетіме апарды. Ішке келген соң «сізде зат бар» деп, үстел үстінде тұрған пакетті ашты. Ішінен 2,5 млн теңге ақша шықты. Мен Рысқалиевтың маған ақша тастап кеткенін білмедім. Прокурор: - Сізге Бақытгүл Хаменова пакет тастап кететіні туралы айтты ма? Аманиязов: - Хаменова ватсапқа «келіп кетерсіз» деп хат жазды. Ол кісі бұған дейін де қалада өтетін мәдени шараларға қатысты, өту барысын сұрап отыратын. Біз мәдени шаралардың  сценарийін Бақытгүл Қайыржанқызына көрсетіп отыратынбыз. Адвокат Вранчев: - Шаралар өтпеген кезде байланысасыз ба? - Жоқ. - Былтыр қанша шара өтті? - Шамамен 25. - Сізге Хаменованың жеке өтінішімен хабарласқан кезі болды ма? - Жоқ. - Ал Рысқалиев ше? - Кезінде Бақытгүл Хаменова сұрап жатыр деп, 200 мың теңге сұраған болатын. Мен ол қаржыны таба алмағаннан кейін Бақытгүл Қайыржанқызына қабылдауға жазылып, Мәдениет басқармасының басшысы «сіз сұрап жатыр деп, менен 200 мың теңге сұрады» деп айттым. Ол «Рысқалиев арқылы ешқандай ақша сұраған жоқпын. Егер де осындай жағдай қайталанатын болса, маған өзіме тікелей айтыңыз» деді. Осыдан кейін адвокат Нұрлан Жолболов Рысқалиевқа: Хаменоваға сілтеп, Аманиязовтан 200 мың теңге сұрадыңыз ба? – деп сұрады. Ол ондай болмағанын айтты. Түстен кейін сот күдіктілерді ұстау барысында түсірілген бейнежазбаларды қарады. Бейнежазбада антикор қызметкерлері Рысқалиевтан «пакеттегі не ақша?» деп сұрайды. Ал ол бұл ақшаны танысынан қарызға алып жатқанын айтады. Адвокат Жолболов Рысқалиевтан осы ақпараттың тергеу кезінде берген жауабымен неге сәйкес келмейтіндігін сұрайды. - Мені антикор қызметкерлері ұстаған кезде қатты қобалжып, абыржығаннан солай жауап бердім. Бірақ, кейін өз-өзіме келіп, барлық жайды бастан-аяқ баяндап айтып беруді шештім, - деп жауап берді Рысқалиев. Хаменованың адвокаты Вранчев тергеудегілерден жауап алуға қатысқан Антикор тергеушісі Мұхамберлин мен Абай ескерткіші жобасының авторы Нартовтан куәгер ретінде жауап алуға өтініш берді. Бұл өтінішті Рысқалиевтың адвокаты Жолболов та қолдады.