21 түрлі құрт жасайтын қазақ кәсіпкері тонналап тапсырыс алады
21 түрлі құрт жасайтын қазақ кәсіпкері тонналап тапсырыс алады
Ауылда жүріп те сәтті бизнес бастауға болады. Оны бүгінгі кейіпкеріміз Гүлжазира Даниярқызы дәлелдеген. Апасының қасында жүріп құрт жасауды үйренген ол кәсіпке деген қадамын да осыдан бастаған еді. Бүгінде жас кәсіпкер құрт зауытын ашып, 25 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Әрине, кез келген бизнес өздігінен жүріп кетпейді. Бірден мол пайда әкелетін сиқырлы таяқша да жоқ. Гүлжазира бизнес бастарда біраз қиналғанын айтады.
«Студент кезім. Жұмысқа тұрдым. Айлық аз. Сосын «бұдан да өз-өзіме жұмыс істегенім жақсы ғой» деп ойлап жүрдім. Жаздыгүні ауылға барамыз. Айтып отырғаным – Түркістан облысы Шорнақ ауылы. Апамның қасында жүріп құрт жасауға көмектесетінмін. Бір күні «неге құрт жасап, кәсіп бастамасқа?» деп ойладым. Атамның екі сиыры бар. Соны сауамыз. Сөйтіп, құрт сатуды бастадым. Басында таныс адамдарға, дүкенге өткізіп жүрдім. Әкем басында қарсы болды. «Қиын жұмыс қой, мамандығыңмен жұмыс істе» деп айтып жүрді. Оқу орнын мектепке дейінгі тәрбие мамандығы бойынша бітіргенмін», – дейді ол.
«Басында қолмен жасайтынбыз. Қазір тапсырыс өте көп болғандықтан арнайы аппаратпен дайындаймыз. Өйткені үлгермейміз. Басында өзім бастадым, қазір отбасылық бизнеске айналды. Құрт – тиімді бизнес. Маусым талғамайды. Сосын жолда бүлінбейді. Жылдың кез келген мезгілінде жұмыс істей береміз. Қазір еліміздің барлық қаласына жібереміз. Әсіресе, батыс жақтан, Ақтау, Атыраудан көп алады. Бүгін дайындаған құртымыз ертеңге қалмайды», – дейді Гүлжазира.
«Басында апаларымыздың үйреткені бойынша домалақ, сықпа түрінде ғана жасайтынбыз. Кейін неше түрлі идея келді. Майы орташа, майлы, қақталған, қызыл құрт бар. Жалпы, 21 түрлі құрт жасаймыз. Бағасы да әртүрлі», – дейді кейіпкеріміз.
«Сапаға көңіл бөлеміз. Онсыз болмайды. Сосын клиенттерді қызықтыра білу керек. Құртты той-думанға да көп алады. Қазір көбінің құрт бизнесінен хабары жоқ. Біле бермейді. Бұл – жас талғамайтын бизнес. Студенттер де сабақтан босағанда жұмыс істеп жатыр. Үстіне пайызын қойып, өздері сатып жатқандары да бар. Жақсы табыс табады. Олардың да тұрақты клиенттері бар екенін көріп қуанасың. Бизнес бастау үшін алдыңа мақсат қою керек. Алға ұмтылып, адамдармен тез тіл табысып, ізденіп, сабырлы болсаң, мақсатыңа жетесің», – дейді кәсіпкер.
Гүлжазираның ендігі арманы – кәсібін кеңейтіп, отандық өнімді үлкен нарыққа шығару, шетелге таныту.