Асухан НАЗЫМБЕКОВ: Жалақы төлемесе де, ерікті болудан бас тартпаймын

Асухан НАЗЫМБЕКОВ: Жалақы төлемесе де, ерікті болудан бас тартпаймын

Асухан НАЗЫМБЕКОВ: Жалақы төлемесе де, ерікті болудан бас тартпаймын
ашық дереккөзі
– Атырау облысы бойынша Biz Birgemiz во­лонтерлер корпусында 25 адам жұмыс істейді. «AMANAT» партиясының жастар қа­наты «Жастар Рухымен» бірлесіп, көп­теген шаруа атқарылып жатыр. Жалпы, мен жас­тар қанатының қатарына 2016 жылы ке­ліп қосылғанмын. Осы жылдар ішінде бұл кілең мықтының басы біріккен ұйым екеніне көзім жетті. Ұйым атауының «Жас­тар Рухы» болып өзгертілуі де құптарлық қа­дам. Бұрынғы атау да жаман емес, бірақ жаңашылдықтан қалыс қалмауға тиіспіз. Со­сын аймақтардағы белсенді жастардың көбімен таныспыз, республикалық жиын­дарда жүздесіп, шүйіркелесіп қаламыз. Сол кезде расымен де ел ішінде рухты, «сен тұр, мен атайын» деген сайыпқыран жастардың өсіп келе жатқанын байқап, таң-тамаша бо­латын кездер болады. Жалпы, ұйым атауы өзгеруінің өзіндік бір мақсаты бар се­кілді. Атырау облысына іссапармен кел­ген «AMANAT» партиясының Атқарушы хат­шысы алда өтетін съезде жастар қа­на­тының атауы өзгеретіні, оған байланысты жаңа ұсыныстар келіп түсіп жатқанын айт­қан еді. Сонда «Отанның жасы жоқ қой» де­геніне ойланып қалған едік. Дегенмен ұйымның атауы өзгергенімен, мақсаты мен мүддесі өзгере қойған жоқ. Жалпы, «Жастар рухы» – 16 жылдан бері үздіксіз жұмыс іс­теп келе жатқан, өзіндік тарихы бар ұйым. Бұл ұйымда расымен рухы биік, көш бастайтын жастар жиылғанын ел біледі. Жастар қана­ты­нан шыққан мықтылар қ­а­зір мемлекеттік қыз­метте, түрлі ұйымдарда жетекшілік қыз­мет атқарып жүр. «Жастар Рухы» жастар қа­наты Атырау облыстық фи­лиалы төра­ға­сы Абылай Құрметұлы же­ті ауданда құрыл­ған филиалдарда осын­дай озат жастардың басын біріктіруге күш салып жүр. Біз еріктілер корпусы былтыр атап өтіл­­ген «Волонтерлер жылы» ғана шуылдап қой­­­ғанымыз жоқ. Биылғы «Балалар жы­лын­да» да аз қамтылған, жағдайы төмен отбасыларға көмектесіп, қол ұшын создық. «Жастар Рухы» жастар қанатымен бірлесіп түрлі іс-шара өткізіп келеміз. Әр аптаның соңына қарай түрлі сала өкілдерімен се­минарлар мен тренингтер ұйымдас­тыры­лады. Өзін жақсы қырынан көрсеткен қаты­су­шыларға сертификаттар табыс­та­лады. Сонымен қатар мектеп оқушылары­ның көңілін аулап, ашық аспан астында әуезді ән шашу да ұйымдастырып жүрміз. Бірін­ші маусым – Балаларды қорғау күніне орай партияның қолдауымен концерт ұйым­дастырдық. Кеше Қостанайда болған табиғи өрт кезінде зардап шеккендерге біздің облыстан 30 мың тонна азық-түлік, киім-кешектер мен қажет заттар жіберілді. Мұның барлығын реттестіруге 100-ге жуық жас жиналды. Облысымызда Х. Досмұхамедов атын­да­ғы Атырау университеті мен С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ универ­си­теті секілді екі іргелі оқу орны бар. Одан бө­лек, 15 кәсіптік-техникалық білім беру ор­талықтары бар. Қазір жылдық жоспар бойын­ша аймақтардағы барлық оқу ор­нын­да филиалдар ашу жұмысы басталып кет­ті. Былтыр наурыз айында Атырау облы­сын­дағы білім ошақтарында ашылған бо­ла­тын, бірақ оқу жылы аяқталуға тақаған соң ол жұмыс бәсеңсіп қалды. Енді қазір қай­тадан жетекшілерін тағайындап, фи­лиалдарды ресми түрде ашу жұмысымен ай­налысып жатырмыз. Біз «ерікті» деген сөзді «белсенді» де­ген­ге ауыстырсақ қайтеді деген жеке ойым бар. Көп­шілік еріктілерді тегін жұмыс істейтін, қарапайым адамдар ретінде қабылдайды. Тек оқушы я студент ғана емес, мұғалім, іш­кі істер қызметкері, өрт сөндіруші де ерік­ті болуы мүмкін. Арыс, Мақтаарал оқи­ғасы, күні кеше болған Қостанайдағы өрт ке­зінде залал келтірілген отбасыларға кө­мек жинауда облысымызға еңбегі сіңген мұ­ғалімдер, белгілі азаматтар, жеке кәсіп­кер­лер, 28-40 жас аралығындағы белсен­ділер бір кісідей жұмыла атсалысты. Біз тек мектеп пен колледжде оқитындардың кө­ме­гіне жүгінбейміз. «Сен еріктісің ғой» деп дүрсе қойып, ешкімді мәжбүрлей алмаймыз. Әркім өзінің жеке таным-түсінігіне, адами қа­сиетіне қарай қатарымызға қосылады. «Ерік­тілер жылында» бұл іспен айналысқан жан­дарға қаржылық қолдау көрсетілді. Сон­дай-ақ жалақы тағайындау туралы ұсы­ныстар мен пікірлер де айтылды. Бірақ ол мә­селе сол кезде айтылғанмен, ары қарай өр­би қойған жоқ. Дегенмен еріктілік ерлік­пен тең екенін есте ұстаған жөн. Бізге жүк­телген тапсырма әртүрлі. Біз концерт­тер мен жиналыстарға күштеп отырғызып қоймаймыз. Мемлекеттік қызметкерлер мен партия өкілдерінің күші жетпей жатқан кезде біз шақырыламыз. Таңғы сегізден кешкі онға дейін жүретін кезі көп болады. Ара-тұра мұндай көмек көрсетуге атсалысқысы келмейтіндер де табылады. Оны­сын түсінуге де болады. Үйіндегі ата-ана­сы да «Ақшасы төленбесе босқа неге бара­сың?» деп айтуы да мүмкін ғой. Бізде 150-200-ге жуық еріктілерді басы қосылған ар­найы чат бар. Кейде облыстық консуль­танттар «Ертең бізде осындай іс-шара өтпек. Кім келе алады?» деп жазғанда оқып отырса да, ешкім жауап бермей қоя­ды. Сол үшін еріктілердің қызығушылығын арттырып, ынталандыру үшін ресми түрде қаржы төлеуіміз керек шығар. Бұл – менің жеке ойым. Жалпы, мен мұны қоғамдық жұмыс ретінде қабылдаймын. Жалақы алмасам да, бұл қызметтен бас тартқым кел­мейді. Бірлігі жарасқан орта, көңілді, көш бастайтын жастар, пайдасы зор істер. Отбасымның мүшесіндей болып кеткен жан­дар. Мұның барлығы көңіліңді сер­пілт­пей қоймайды. Ал кей азаматтар мұны бос жүріс деп қабылдайды. Кейде достарым же­ке көлігімді пайдаланып, мұқтаж жан­дар­ға көмектесіп жатқанымды көріп «Са­ған ол үшін ақша төленбейді ғой. Дым пай­дасы жоқ дүниеге бола неге сонша шап­қылайсың?» дейді. Сосын мұның тіпті де бос жүріс емес екенін айтып, қоғамға тиер пайдасы, сауабы, қайтарымы бар екенін үнемі айтып жүремін. Қайтарым де­мекші, партия мен жастар қанаты ерік­тілерді марапатсыз қалдырып жатқан жоқ. Бүгінге дейін атқарған жұмысы үшін олар Мемлекет басшысы, партияның Атқарушы хатшысынан алғыс хаттар мен түрлі мара­паттар алып жатыр. 2020 жылы пандемия кезін­де тынбай жұмыс істеген еріктілер «Халық алғысы» медалімен наградталды. Сондықтан еріктілер назардан тыс қалып жат­қан жоқ. Бірақ еріктілер марапат алу үшін жұмыс істемейтінін білесіз. Бәлкім, біз атқарып жатқан шаруаның кемшін тұс­тары да бар шығар, бірақ «көш жүре тү­зе­леді» дегендей, қателігімізді келесі сын са­ғат­та түзеуге тырысамыз.

Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ