Жаңалықтар

Ұлт өнерін ұлықтаған – Заңғар Еркебекұлы

ашық дереккөзі

Ұлт өнерін ұлықтаған – Заңғар Еркебекұлы

Қазақта «өшкенім жанып, өлгенім тірілгендей болды» деген бей­нелі сөз бар. Ата-бабаларымыз салып кеткен жөн-жосық, салт-дәс­түр, өнеріміз ұмыт қалып жатқанда үлкендер осы сөзді жиі айтады. Таяуда «Отандастар» қорының ұйымдастыруымен Таразда өткен «Қасиетті қазақ елі» фестивалін тамашалаған үлкендеріміз онда та­мыры ар жағынан тартатын ұлттық өнеріміз бен құндылық­тарымыздың жадымызда жаңғырғанын жарыса айтып жүр. Көне шаһарға Түркия, Иран, Моңғолия, Қытай, Ресей, Өзбекстан мен Қыр­ғыз Республикасынан арнайы шақырылған 35 өнерпаз қанда­сымыз мүшәйра, терме мен күй, қолданбалы өнер және вокал но­минациялары бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Соның ішінде терме но­ми­на­ция­сы бойынша 2-орынды ие­ленген Баян-Өлгей тумасы Заңғар Ер­­кебекұлы фестиваль қатысу­шы­ларының ерекше әсермен тарас­қа­нын айтады. «Бұл фестивальдің бірінші ерек­шелігі – Тараз секілді көне де тарихи қа­лада өтуі. Бізді бір күн бұрын ерте жи­ған ұйымдастырушылар қаланың та­рихымен таныстырып, көне жер­лерін аралатты. Сосын Түркия, Ре­сей, Қытайдан келген термешілердің өне­ріне тәнті болдым. Бұрын-соңды олар­мен кездесіп көрмеген мен олар­дың сахнада өзін ұстауы, киім киі­сі, сөйлеу мәнеріне таң-тамаша бол­дым. Әсіресе, Ресейдің Астрахань се­­кілді аймағынан келген өнер­паз­дың орындау шеберлігіне таң­ғал­дым. Ол да өзіміз секілді төл өнерді барын­ша сақтап, жүрген жерінде на­сихаттап жүрсе керек. Содан соң қо­лөнер шеберлігі номинациясы бойын­ша сынға түскендердің ара­сы­нан Түркиядан келген қанда­сы­мыз­ды ерекше атап өтер едім. Оның қо­лынан шыққан дүниелерді көріп, ауы­зым ашылып, қатты таңыр­қа­дық», – дейді Заңғар өзге мем­ле­кет­тер­де тұрып жатқан қандас­тары­мыз­дың ұлттық өнерімізге деген ықы­ласы жоғары екеніне риза бол­­­ғанын жасырмай. Заңғар Баян-Өлгей өлкесіндегі Қызыл қайың ауылында туып-өскен. «Өлең деген тумайды жай­шылықта, өлең деген тулайды қай­шылықта» демекші, жастайынан сан түрлі сезімді бастан кешірген Заң­ғар көкейіндегісін қағазға түсі­ріп, жазба әдебиеттің өкілі болуды көз­деген. «Бірақ Тәңірдің берген дары­ны осы болса керек. Сахнаға қо­лыма домбырамды алып шығып, дәс­түрлі әнімді айтып бастағалы бе­рі термешілікке әуес болдым. Ер­те­ден келе жатқан төл өнерімізді жас­тарға насихаттағым келді. Он­да­ғы қуатты сөздер арқылы үлгі көр­сеткім келді. Кішкене күнімнен Қай­рат Байбосынов, Рамазан Стам­ғазиев, Ерлан Рысқалидың әндерін тың­­дап өстім. Қазір Мейрамбек Бес­­баевтың репертуарындағы тер­ме­лерді жаттап алып, той-то­ма­лақ­тар­да, түрлі жиындарда айтып жүр­мін. Мен бұл өнерді ерекше ба­ға­­лаймын. Термешіліктен енді ажы­ра­маспын», – дейді Заңғар. Қаймағы бұзылмаған нағыз қа­зақы жер – Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында 120 мыңға жуық қазақ тұрады. «Қазақ көп шо­ғырланған ондай ортада дәстүрлі өнер де назардан тыс қалмайтын шы­ғар?» деген сұрағымызға Заңғар: «Сіз секілді бізде қазақилық жағы ба­сым болған соң барлығы солай ой­лайды. Бірақ қазір біздегі таразы ба­сында эстрада бағыты басым бо­лып жатыр. Сосын Қазақстандағы та­нымал реперлерді тыңдайтын жас­тар көп екенін жасырмау керек. Бұл – заманның шындығы. Қазақ­стан­да бізбен салыстырғанда дәс­түрлі ән өнеріне қолдау басым. Үл­кен қолдау көрсетіледі. Бізде жастар көп болғандықтан, олар термені жиі тыңдамайтынын айта кету керек. Сол үшін термені ұлттық мерекелер мен тойларда, басқа да жиындарда мүм­кіндік беріліп тұрғанда наси­хат­тап қалуға тырысамыз», – дейді қан­дасымыз. Десе де, төл өнеріміздің іздеушісі мүлде жоқ деп тағы айтуға бол­майтынын айтады. «Мысалы, Тараз­дағы сол фестивальге барар кез­де өлкемізде тұратын аталары­мыз­дың ауызынан бірнеше термені жа­зып алдым. Әдетте үлкен кісілер тер­мені ұйып тыңдағанды жақсы кө­реді. Дей тұрғанмен, ұлттық өнер де­се ішер асын жерге қоятын жастар жиын­дарға, тойларға, басқосуларға термешілерді арнайы шақырып, ерек­ше құрмет тұтып, төбеге көте­ре­ді», – дейді Заңғар осындай жас­тар­дың қатары арта түсетініне се­нім білдіріп. Тараздағы фестивальге қан­дас­тардың көбі іс-шара біте салысымен елдеріне оралды. Бірақ Заңғардың өнеріне тәнті болған Қа­зақстанда мәдениетті дамытуға жауап­ты тұлғалар оның атажұртта бір­не­ше күнге тұрақтауын өтініп, түрлі іс-шараға шақырған. «Алматыда Ұлттық музейде өт­кен іс-шараға қатысып, көпшілікпен бір­ге Абай күнін атап өттім. Содан ме­ні көрген Астанадағы жастарды да­мыту орталығының өкілдері «АМАNAT» партиясының қол­дауы­мен бас қалада өткен бірқатар іс-шара­ларда өнер көрсетуімді сұрады. Мұ­ны мен бауырға, қандасқа, алыс­тан келген ағайынға, төл өнерге де­­ген құрмет деп қабылдадым», – дей­­ді Заңғар атажұртта өзінің өне­ріне сұраныс бар екенін бай­қа­ға­ны­на таңырқай. Ұйымдастырушылардың Қа­зақ­станда өтетін осындай ру­хани кештерде әрдайым назардан тыс қалдырмайтынына риза болған өнер­паз болашақта осында түбе­гей­лі көшіп келгісі келетінін де жасыр­ма­ды. «Бұйырса, термешілік өнерді саф алтындай сақтай отыра ата­ж­ұрт­­қа ат басын бұруды көздеп отыр­мын. Атажұртымыз, ата қонысымыз Қазақстан болған соң оған деген сүйіс­пеншілігіміз, оған деген құрме­тіміз ерекше. Жиі барып тұрамыз. Отбасым, Құдай берген екі перзентім бар. Ата-анам осында тұрады, бірақ інім мен қарындасым Қазақстанда оқи­ды. Туған-туыстың тоқсан пайы­зы сонда тұрады. Біз де көп кешікпей он­дағы туыспен, алты алашпен та­быс­сақ деймін. Қазақстанда театр, мә­дениет саласында қызмет етсем дей­мін. Құдай қаласа, бұл мақсат алда­ғы бір жылдың ішінде орын­да­лып қалар», – дейді Заңғар.

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ